АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА?

ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА?

Әлқисса

Бүгінде баласын қосымша сабаққа жаздырмайтын ата-ана кемде-кем. Иә, сонау 2014 жылы «оқушылар неге орталық жағалап жүр?» деп осы бағытта алғаш сұрау тастап мақала жазып едім, содан бері бес жыл. Бұл үрдіс қазір тіпті ауырлады, ол білім саласына пайдалы ма, әлде сын ба? Бүгінгі оқушылар неге жаппай репетиторға жүгініп кетті? Біз баламызды жаздырған қосымшаның пайдасы қаншалықты?  

Өткен жылы осы бағытта әр өңірде жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге, ұстаздарға кеңес болсын деп «Орталық ашу оңай ма?» атты мақаламды жазып едім. «Қосымша білімнің пайдалы жағы көп, ал оның сапасын қалай арттыруға болады?» деген ойдан туған еді.

Енді ата-аналарға көмек беруді жөн көрдім, себебі, бүгінде жеке репетитор да, орталық та көп. «Бірақ, оның бәрі үздік пе? Балаға қосымша білім қай уақытта, қай бағытта керек? Сапалы қосымша білімді қалай анықтауға болады?» деген ата-аналарға, оқушыларға кеңес болсын деп осы мақаланы жазуға ниет еттім.

Қандай оқушыға қосымша сабақ қажет?

Бүгінгі таңда білімге деген сұраныс күннен күнге күшейді, білім саласындағы бәсекелестік, керек десеңіз өмірдегі бәсеке артты. Барлық адам өз баласының армандаған мамандығын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүргенін қалайды. Сол үшін баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өзгеден кем етпей өсіргісі келеді. Мектепте баласының төмен баға алғанын қаламайтындықтан репетитор жалдайды, орталықтарды таңдайды.

Бүгінгі білім саласындағы тоқтаусыз, ретсіз реформа, білім саласындағы ауыр тоқырау, үш ауысымды мектептер, бір сыныптағы оқушы санының көптігі, білім саласына амалсыз келген сапасыз кадрлар қосымша білімнің қажеттілігін тіптен де арттырып жіберді.

Білім саласында 10 жылдан астам, қосымша білім беру саласында 5 жылдан астам қызмет етіп жүрген адам ретінде, қосымша сабақ қандай оқушыларға қажет екенін сараптап көрейін.

Қосымша білім кімге қажет?

Қосымша білім ең алдымен, мектеп бітіруші түлектерге керек. Себебі, ұлттық бірыңғай тестілеуден сапалы, жүйелі дайындықсыз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Оның үстіне, бүгінде заң бойынша ҰБТ нәтижесіне мектеп жауап бермейді, бұл дегеніңіз мектеп — бітіруші түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау жауапкершілігін мойнына алмайды. Сондықтан да, бүгін бүкіл мектеп бітіруші түлектер жаппай репетиторға, әр түрлі курстарға жүгінеді. Ал, бітіруші түлектер үшін дайындық 10 сыныптан бастап, бағдарлы түрде бастаған дұрыс. Ең маңыздысы — жүйелі жұмыс жасайтын, сапалы бағдарламасы бар орталықтарға жүгіну. Әйтпесе, экономикаңыз да, уақытыңыз да далаға кетуі әбден мүмкін.

Екіншіден, қосымша білім пәндік олимпиадаға дайындалатындарға керек. Себебі, пәндік олимпиадалар деңгейі күннен күнге көтеріліп келеді. Мектептегі стандартты білімді қанша жерден үздік оқитын бала болса да, пәндік олимпиадаға дайындықсыз бару мүлде қажет емес, баланың беті қайтып қалуы мүмкін. Сол себепті, пәндік олимпиадаға барам деген баланың дайындығы мығым болғаны дұрыс, дайындығы жоқ баланың бармағаны тіптен дұрыс. Бала психикасы нәзік екенін ескерсек, өзі жақсы көретін пәннен олимпиадаға барып, ештеңе істей алмай шыққаны балаға ауыр тиеді. Пәндік олимпиадаға дайындықты кемі бір жыл үздіксіз жүргізген дұрыс. Пәндік олимпиада — баланың ертеңгі білімі үшін мызғымас іргетас болары анық. Олимпиада туралы бұдан бұрын жазған «Дарынды бала және пәндік олимпиада» деген мақаламызды оқысаңыз болады. Бұл олимпиадаға шәкірт тәрбиелеп жетістікке жеткен, немесе өзі пәндік олимпиадаға қатысқан мұғалімге бару маңызды.

Үшіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Білім-Инновация лицейі тағы басқа дарынды балаларға арналған мектептерге курсқа бармай түсу бүгінде мүмкін емес. Себебі, бұл мектептерде бір орынға 100-ден аса оқушы таласатын деңгейде, конкурс өте қатаң, талап жоғары. Мұншалық бәсекеде үздіктің үздігі ғана жүзден суырылып шыға алады. Ол үшін бағдарлы дайындық ауадай қажет. Әйтпесе, баланың сағы сынуы мүмкін. Ал, бұл мектептердің қабылдауы 6-сынып мезгілінде, сондықтан дайындықты кемі 5-сыныптан бастаған ләзім. Дайындық сол мектеп емтихандарының стандарты негізінде сапалы жүргізілуі керек.

Төртіншіден, мектепте кенжелеп қалған балаға, ауырып немесе басқа да себептермен сабақтан көптеп қалып қойған оқушыларға керек. Себебі, көптеген пәндер, математика-жаратылыстану ғылымдары, тіл ғылымдары, олар — басқышты, сатылы пәндер, бір тақырыпты түсінбеген бала ары қарай мүлде игермей кетуі мүмкін. Оқушының қалып қойған тақырыптарын толықтаудың жалғыз жолы — репетитор. Сондықтан, кез-келген уақытта кенже қалған пәнді, қатыса алмай қалған сабақты уақтылы толықтырған жөн.

Енді, заңды түрде «қай уақытта қосымша сабақ керек емес?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл қосымша сабақтың бағытына байланысты. Қосымша білім баланың білімін тереңдету мақсатында жүргізілуі керек. Оқушының тек үй тапсырмасын орындату мақсатында немесе баланы зерттемей бағытсыз шаршататын қосымша білім керек емес. Сонымен бірге, баланы бағыт-бағдарсыз өте көп қосымшаға жаздырып шаршатуға да болмайды. Физикалық тұрғыда шаршаған баланың сабақты қабылдауы нашарлайтынын ескерген дұрыс.

Қосымша білім іздегенде неге мән беру керек?

Бала, баланың ісі шала, — дейді біздің қазақ. Иә, баланы қосымша сабақтарға жібергенде ата-аналар баласының барып жүрген репетиторына, қандай тақырыптар өтіп, қандай бағытта жұмыс жасағанын қадағалап отыруы керек. Себебі, балаға тек үй тапсырмасын ғана шығарып беретін, өзі сабақ сұрап, түсіндірмейтін, тіпті баланы ойнатып, шоу жасап қана қайтаратын репетитор да, орталықтар да жеткілікті. Сондықтан, репетитор таңдау, орталық таңдау маңызды. Өз әлімізше бұл тақырыпты талдап көрейік.

Ата-ана құлағына, түлектер құлағына алтын сырға! Қосымша білім беру орталықтарын таңдағанда неге мән беру керек?

Басты мәселе — мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталық осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс жасайды? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын, немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге жүгіне салуға болмайды.

Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па? Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады.

Мектептердің бәрінің сапасы әр қилы. Мектеп сапасын ондағы мұғалімдер қосынының біліктілігі анықтайтыны секілді, білім беру орталықтарының сапасын да әкімішілігі мен ұжымының біліктілігі анықтайды. Ал, білімді бизнес ретінде ғана қарайтын, көлденең көк атты ашып алған шоу орталықтардың шуына алдана беруге болмайды.

Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір кері идеологиялық бағыттарда жұмыс істеп жүрген Тіл үйрету орталықтары да, Білім беру орталықтары да жетерлік. Орталыққа балаңызды беремін деп ертең балаңыздан айырылып қалмаңыз. Әбу Насыр Әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан, орталық тек білім емес, тәрбиені қоса беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыздың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие — тал бесіктен» десек те, баланы бүгінде ата-анадан гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін ұмытпаған жөн.

Сөз соңы

Бәсеке мен қажеттілік мәжбүр еткені рас болса да, бірақ, оқушылардың жаппай орталық жағалауы, ата-ананың жаппай репетитор жалдауға көшуі — білім саласының құлдырауының көрінісі. Сондықтан, біздегі білім саласына жаңа көзқарас, адал бәсекелестік, шынайы біліктілік болғанда ғана бұл дүниеден құтылар күн болар, ал қазірше жоғарыдағы кеңестерге мән берген дұрыс.

Көсіліп көп сөйлеп, ақыл айтудан аулақпын, бірақ білім беру мен тәрбие саласында жүргесін, ескерту — қасиетті ұстаздық парызымыз. Ескере жүрсеңіз балаңыздың ертеңі үшін керек болар.

Аятжан Ахметжан. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. PhD докторанты.

Пікір жазыңыз