Авторлық сайт неге Айзере.кz деп аталды

Бүгінгі қоғам — ақпараттық кеңістіктің кеңге жайылған тұсы, бұрын он мыңдап тиражбен кітаптар шығарып, оқырман жұрт сұрап жүріп оқитын еді. Әйтпесе, бір газетте, иә журналда жақсы дүние жариялана қалса, сұрау салып іздейтін еді біздің жұрт. Ал қазір ше?

Қазір жақсы дүние жарқ етсе, google деген көмекшіге жүгініп, пернетақтадан саусақтар жүгіретін болды. «Іздегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» дегендей бүгінгі интернет кеңістігі іздегеніңді табатын мекенге айналды. Кейде бүгінгі жас буын ақындарды аға буын «интернет ақындары» деп сынайтынды шығарды. Сол интернет ақын — жазушыларының қатарында қаламымызды қару етіп біз де келеміз. Бәлки, «заманың түлкі болса, тазы боп аяқтан шал» деген ата тәмсілді еске алсақ, интернет тұсында шығарманы осы интернет кеңістігінде топтастырған дұрыс та шығар. Бірақ, әрине бұл оқырманға қағаздың орнын баса алмайды. Сонымен, қош, біз де өмірден түйген ойларымызды жазып, әр алуан сайтта жариялап келдік те, іздеген жұртқа осының бәрін неге бір жерге топтастырмасқа деген ой келді. Сонымен, жеке сайтты ашуды жөн көрдік. Сол сайттың домені сол кездегі жағдайға байланысты айзере.кz болып алынды. Бірде жұрт түсінбей жатыр, Айеке, Айзере дегенде, қыз-келіншектерге арналған сайт еске түседі екен, бірден Зере әжемізге байланыстырып, бала-шаға, қыз-келіннің тәрбиесіне арналған сайт па деп қаламыз дейді. Сол үшін неге айзере.кz деп аталғаны туралы өзім толық мәлімет бере кетуді жөн көрдім.

Біріншіден. Өзім ұстаз болған соң да ұрпақ тәрбиесі туралы толғамды, сараптамалық мақалаларды көптеп жазып, осы саланың қыры мен сырына көп үңіліп, білім саласының алуан мәселелері турасында кеңінен қалам тербеп жүрген едім. Бірде осы бағыттағы мәселені жүйелі көтеруді ойлап, сайт домені алынды. Доменді алғанда, тәрбие мен білім егіз болғандықтан д,а осы тәрбиенің шыңы болған Зере әжемізге байланыстырған нұсқа бірден көңілге қона кетті. Кейін білім саласына арнайы бағытталған «Қазбілім» сайтының тізгінін ұстаған соң, бұл домен бос күйінде қалған-ды. Ілгеріде айтқандай, өлең, әңгіме, мақалаларымды бір жерге топтастырып, авторлық сайт ашу ойға келді, содан бос тұрған доменді пайдаландық, әрине.

Екіншіден, бастапқы домен таңдауда да өзімізге бұра тартқанымызды, әрине, мойындаймыз. Себебі, Айзере деген есім бізге де алыс емес, өзімнің тұңғыш қызымның есімі болатын-ды. Мен Айзеренің тәрбиесіне қандай жауапкершілікпен қарасам, жұрт баласының тәрбиесі де көз алдына келері хақ. Сол себепті, «Айзере» авторлық сайтымыздың басты бағытының бірі ұрпақ тәрбиесі болып қалғаны анық.

Айзере.кz-тің айдарларынан-ақ айқындалып тұрғандай, өмірдің өзі өлеңмен өріліп, қара сөз боп қамбаға құйылып жатқаны хақ. Өмірден бір істі өзгеше түйіп, шабытқа ерік берген шақтың туындысы сол екі айдарда. Ал, атам қазақ әр істі өз маманына сұра демейтін бе еді, біздің де мамандық — ұстаздық жол, ұрпақтың тәрбиесі һәм білімі қыл мойында. Сол жолдағы түйгеніміз — қос айдар: білім айнасы мен ұрпақ тәрбиесінде. Келесі, затың кім демекші, затым ақын болғанмен, оқығаным химия еді. Қазақтың алғашқы химиктерінің бірі Ахмет Бірімжанов:  «Біз химия ғасырының тұрғындарымыз, себебі, химия — бүгінгі мемлекеттің экономикасының негізгі тірегі» деп кеткен еді. Сол тірекке аз да болса пайдамыз тисе, сол терінің пұшпағын илеп жүрген соң деген ойдың желісі еді. Онда да шама-шарқымызша көсіліп келеміз. «Жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» демейтін бе еді біздің жұрт. Біз де өмірден әрнені байқап, өзімізше түйін жасап жүргеніміз бар. Сол түйгенімізді түйін сөзге түртуді жөн көргенбіз. Қоғамның бір азаматы ретінде қоғамда, өмірде болып жатқан әлеуметтік, саяси, т.б мәселелерге үн қосу осы қоғамдағы әр азаматтың ел алдындағы парызы болса керек. Сол үшін де азаматтық парызымызды ақтай жүрейік деген ниетпен азамат парызымыз да айтарымызды айтып келеміз, айтарымызды алда да Алла қуат берсе айтамыз! Аятжанның Алашқа айтар әр сөзі осы мінберде, ағайын. Оқи жүріңіздер, ой талқысына сала жүріңіздер. Айтар пікірлеріңіз болса, әрине, қуана қарсы аламыз.

Ал, келістік…

Мархабат!

2706 рет жалпы оқылды 21 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

1 комментарий

  1. Несипкул   •  

    Тұщымды ойларың жан жадыратады. Ұшқыр ой мен терең ойды сабақтастыра білгенсің. Кәдуілгі жазушы-ақындардай сөз саптауың (журналистерден) арнайы оқығандардан артық, асып түседі. Бұл Алланың берген сыйы. Айтарың әдеп, шашарың өнеге. Аятжан керемет толғап жазасың. Келешекте орнықты орны бар ,шоқтығы биік тұлға болатыныңа кәміл сенемін. Осындай азаматтарымызды мына үкімет неге назарға алмайды екен?! Ертерек назарға алса ғой.

    No votes yet.
    Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *