Оқулық сапасын арттыруға ұсыныс

Сапалы оқулық — мұғалім мен оқушының сенімді серігі һәм білімнің қайнар көзі. Оқулық сапасы туралы елде жиі шу көтеріледі, бірақ шешілген емес, оқулық мәселесін шешу үшін оқулық жазу құқығын баспадан алып, ғылым академияларының біріне берген абзал. Себебі, баспа, ол – жауапкерлігі шектеулі серіктестік, яғни, олардың басты көзқарасы сапа емес —  сауда, көздегендері білім емес — ақша. Солай болады да, себебі олардың негізі бағыты — бизнес жоспарын орындау. Сол үшін бағдарлама, оқулық кешенін негізгі жауапкершілігі бар, мемлекеттік мекеменің құзіреттілігіне беру керек. Ақиқаты да осы, жауапкершілік болмаса, сападан ауыз ашуға болмас. Біз арғы — бергі мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, оқулық сапасын арттыруға мынадай ұсыныс тастадық.

Бірінші, алғашқы мәселе – оқулықты жеке автор емес, арнайы комиссия жазуы керек. Орта білім саласының маңызды құжаттарын талдау және зерттеу институты болса… Әрі олар автор емес, құрастырушы болуға тиіс. Себебі, оқулық – авторы бар әңгіме, роман емес, ол диссертациялық жұмыс емес. Ол тек түрлі авторлардың, ғалымдардың жұмысынан алынып, мектеп деңгейіндегі мазмұнға ыңғайлап құрастырылатын, ықшамдалған көшірме.

Ал оқулық жазу комиссиясының құрамы қандай болуы керек?

Дамыған елдер тәжірибесіне негізделгенде, оқулықты сол мамандықтың білгір ғалымы (кемінде екі) мен сол пәнді балаға оқытатын педагог (кемінде екі, әрі мектепте он жылдан артық сабақ берген, үздік шәкірт тәрбиелеген) бірлесіп жазулары керек. Себебі, кей ұғымдардың оқушыға қалай түсінікті боларын сол ғылымның педагогы жақсы біледі. Мысалы, бiздiң химия оқулықтарында оқушыға металл, бейметалды ажыратуды үйретпестен бұрын, қышқыл, негiз, тұзды өтедi, мұнда оқушы тұз дегенiмiз — қышқыл қалдығы және металдан тұратын қосылыс дейдi, ал металдың не екенiн бiлмесе, қалай тұзды жазады?

Сонымен бiрге, комиссия құрамында тарихшы болу керек, себебi елiмiздiң тарихы, мәдениетi кез келген оқулығымызда көрiнiс берiп тұруы керек. Әрі әрқандай ғылымда сол ұлттың ұлттық менталитеті сіңуі керек. Айталық, қаншама кен орындарын ашуға зор үлес қосқан алғашқы химиктерімiздiң бiрегейi – Қаныш Сәтпаевтың оқулықта есiмi де аталмайды. Сонымен бiрге, авторларға бiр психолог, бiр қазақ тiлi мен әдебиетiнiң маманы көмектесуi керек, себебi оқулықтағы әр сөйлемнiң мазмұны құрылымы дұрыс па, бұрыс па, тексерiлгенi жөн. Тілдің шұбалаңсыздығы мен түсінікті болуы балаға аса маңызды. Сонымен бірге оқулықтың ішіндегі суреттер, кестелер, заманауи тәжірибелердің сызба нұсқасын қойып отыратын дизайнер болу керек. Сонымен комиссия құрамы кемінде сегіз адамнан тұру керек.

Келесі мәселе — оқулық құрылымы

Оқулықта тақырыптың соңында тақырыпқа сәйкес, әр тараудың соңында тарауға қорытынды жаттығулар болуы керек. Әрі ол жаттығулар тек есептер мен тесттер ғана емес, сан-салалы, алуан түрлі болу керек. Бұл жерде тек, Ресей жүйесіне қарау жеткіліксіз, басқа да дамыған елдердің тәжірибесін қолдануға болады. Нақты ғылымдарда тірек сызбалар, тәжірибе барысының сызбалары, кестелер, ойланту сұрақтары, тағы басқа сызба нұсқаларды пайдалану керек. Жаратылыстық ғылымдарды сылдыр сөзбен жазу оқушыны жалықтырады. Бұл кезекте бастауыш баласының қызығушылықын, баланың жасын ескере отырып, кітапты балаға қызығарлық етіп әрлеп, ішкі жаттығуларда да, сурет басқа да негіздік сызба нұсқаларды пайдалану — өте маңызды.

Комиссияның негізгі жұмысы

Соңғы ескерер түйін, оқулықты құрастыру комиссиясы алғашқы жұмысы мемлекеттік стандартқа байланысты оқулық бағдарламасын өздері жасайды. Бағдарлама жасалып болған соң әр оқулықтың комиссиясы біріге отырып, пәнаралық байланыстардың сақталуын, мазмұндардың біркелкілігін сәйкестендіріп алу керек. Келесі жұмысы — сапалы оқулық дайындау. Оқулық дайындалған соң әр оқулық жазу топтары жазылған оқулықтарын қайтара сараптап шығулары керек. Келесі жұмысы — мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспары (КТЖ) да осы комиссияның талқылап бекітуімен нақты, өзгертілмейтін нұсқамен жазылу керек. Соңғы жұмысы — мектеп аралық бақылаулар (МАБ) және ұлттық бірыңғай тестті (ҰБТ) де, осы жұмыс тобы, өздері жазған оқулықтарға, жаттығуларға сәйкес өздері құрастыруы керек, бұл біртұтастық пен біржүйелікке алып келеді. Бұдан тыс, жыл бойы қосымша әр бағытта тереңдетілген материалдар жасап, дамытып, кемелдендіріп отырулары керек. Комиссия міндетті түрде Алтынсарин сияқты ғылым академиясының құрамында тұрақты қызметте отырып, жұмыстарын жыл сайын зерттеп, талдап отыруы шарт. Себебі, оны әркім әр түрлі, білгенінше жасайды да, күнтізбеліктің сапасы сын көтермей қалатын жайттар жоқ емес.

Егер осы шарттар толығымен орындалса, біздердің ұтатынымыз:

Бірінші, барлық орта білім қажетті материалдары бірізділеніп жүйеленеді. Бұдан сапа туады. Екінші, егер қате кетсе, бір — біріне сілтенуі туындамайды, жауапкершілік тек бір мекеменің құзіреттілігінде, бір комиссияның мүшелеріне жүктеледі. Жауапкершілік артады. Ұстаздардың басты мақсаты – ұлт болашағы ұрпақты тәрбиелеу. Оқулық – ұстаз бен шәкірттің көмекшісі, сырлас досы. Ол ешқашан да олқы болмау керек, оқулықтың олқылығы опық жегізеді.

2380 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *