МАЙЫСҚАҚ ҰЛДАР – МАҢДАЙДЫҢ СОРЫ

Жиырма беске келсе де, Өз көжесін, Жылап ішер жасықтар пайда болды… 

Мұхтар Шахановтың «12-3=?» поэмасынан

Абайша айтсақ, «бәрекелді сүйгіш» қазақтың мақтан мінезі кеткен емес, кіммен әңгімелессең де, жеті атасынан бір батыр, бір жомарт тауып алып мақтана қояды. Иә, мақтанарлық ұлт болғанымыз баршаға аян, ұрпаққа үлгі. Қазір де мақтауға тұрарлық ұлттық мінездеріміз жетерлік. Бірақ, бүгін қит етсе, қазақты сынай жөнелетін болдық. Кеңестік кер замандағы кемсітудің кесірі болар.

Біз де сынамақ емеспіз, тек тәрбиенің кемшіл тұсын кесіп айтпасақ, «ауруын жасырған өледінің» артын құшармыз хақ. Иә, сондай аурудың бірі – бүгін Мұхтар ағамыздың кейіпкерлері, жиырма бесте өз көжесін, жылап ішер жасықтар пайда болды. Қоғам тілімен айтсақ, қыз мінезді ұлдар, әйелдерше әсемденіп, майыса кететін жігіттер пайда болды.

«Өгіз мүйізді сиырда сүт болмайды,

Әйел мінезді еркекте күш болмайды», – деген қазақ мақалының астарына үңілсек, ер жігіттің нәзіктесуі жақсылыққа апармасы хақ. Тірлікқұмар емес, өсекқұмар еркектердің көбеюі де сол ұсақталу мен нәзіктенудің нәтижесі екені баршаға аян.

«Ер мінез жігіт жоқ, нағыз еркек жоқ», – деген «отырған» қыздарға жақсы сылтау болған тіркестер үнемі айтылар, бұл тіркестердің шындығы да жоқ емес. Атасы жаудан қайтпаған ұлттың ұрпағы неге ұсақтады деген сұрақ мазалары шындық.

Себебін іздеп көрелік:

«Шаңырақта еркектің беделі қалпына келмей, отбасы түзелмейді,» – Тұрсын Жұртбай.

Иә, алғашқы себеп отбасыдан, отбасында сананы тұрмыс билеген мына заманда әке ақшаның жолына, тірліктің қамынан аса алмады, кейде тіпті айлап үйге келмейтін тыраштанған еркектер отбасында баласына әкелік мейірімін төгуден кетті. Оның үстіне гендерлік саясаттың желеуімен әйел еркекке теңелуді көздеді, әйелдер басты аналық міндеттен алыстап, абырой қуды. Отбасы тәрбиесі нашарлады.

«Әйел тәрбиелеген бала әкесі миллионер болса да, тыңдамайды», – дейді Тұрсын Жұртбай ағамыз. Иә, шындығын жоғалтқан бұл күнде әйел би болды. Отбасының бар шаруасын әйелдер шешті. Осыдан болса керек, қыздарымыз қырық үйден тыйымды ұмытып, ұлдарымыз ұсақтағаны соншалық, мектеп бітіргенде жұрт көзіне жалтақтап, ойын айта алмай тұратын күйге жетті.

Біз барша анаға кінә артпақ емеспіз, тек, еркектерге ескертеміз, бала әке мейіріне мұқтаж.Бала отбасында ірі, кескін мінезді тәрбиені сезінгені жөн.

«Ер-азаматтың негізгі міндеті – Отан қорғау. Демек, біз соған балаларымызды бүгіннен бастап дайындап, мектепте ер мұғалімдердің тәрбиесінде болуын қамтамасыз етуіміз керек»,- дейді педагогика ғылымының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов.

Иә, бүгінде бұл ауыр жағдайға айналды. Бастауыш сынып мұғалімдерінің 100%-ы әйелдер қауымы, ал жоғары буында ер мұғалімдердің үлесі 10%-ға  да жетпейді. Міне, отбасында әйел тәрбиесі, мектепте әйел тәрбиесін ғана көрген біраз балаларымыз мектеп бітіргенде, отан қорғау түгілі, бетіне қарап қаттырақ сөйлесең, екі көзді сығымдап тұратын болды.

 Бір қадам шегініс жасасам…Ең алғаш мектепке барғанда, оқушылар сабақ үстінде мені «апай» деп шақырғанда, «Оу, апай емес, ағай!»-деп ескертіп таңғалып едім. Бірақ, мектепте ұзақ уақыт жүргенде, бұл үрдіс сан мәрте қайталанды, бірақ, мін оқушыда емес, қоғамның өзінде екенін сезіндік. Себебі, бала күнделікті бар сабақтан тек апай сабақ беріп соған үйреніп қалған. Ақылды адам ауыз үйренсе, санада көп нәрсеге көндігетіндігін сезетін де шығар. Осы екі үрдістің еркек тәрбиесінен алыстаған қоғамның ауыр жағдайының алғашқы белгілері бұл күні байқалып жүр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ескерте кетелік, қоғам нәзіктенуінің ащы шындықтары:

Бірінші, бүгінгі күні қоғамда атамда болмаған ауыр жағдай, жасырары жоқ, қызтекелер (көгілдір еркектер) мен еркекшора қыздар (көгілдір бойжеткендер) пайда болды. Батыстың сұрқия ағымдары болса да, біз тек бұл үрдістен ер адамдарды тәрбие үрдісіне араластыру арқылы құтыла аламыз.

Екінші: әскерге жарамай жатқан жігіттеріміз, ертең қалай ел қорғайды деген заңды сауал туындап жүр. Иә, бұның да шындығы бар. Ерлеріміз жасық болса, қоғам пасық болары сөзсіз. Ертеңгі күні ел қорғар деген жігіттеріміз өсек айтып, өнбес тірлік қуып жүрсе, ел ертеңін кім ойлар. Осыдан барып, елдің жастары өзі білім алып отырған білім ордасында, аялы партасын аяламай, жынданып, «харлем шейх» билеп азып жүр.

Үшінші: суицидтің көбеюі. Мінездің нәзіктенуі болар-болмас нәрсеге бола өмірден түңілу, өзін керексіз сезіну психологиясы, өмірді жалғастыруға шамасы жетпейтіндей, өзін қор сезіну психикасы, бұл да – нәзіктік пен ұяңдықтың салдары. Бұл жерде ер адам тәрбиесі тек ұл балаларға емес, қыз балаларға да аса маңызды екендігін дәлелдесе керек.

Ойланайық…

Иә, ауыр да қорқынышты жағдайлардың алдын алудың басты шарты – тәрбие мәселесі. Бұл тәрбиедегі отбасы мүшелерінің рөлін ескерттік. Сабақ алу – әр отбасының өз еншісінде. Отбасының жеке мәселесіне араласпай, тіке екінші баспалдақ мектепке қадам басайық. Неге мектепте ер мұғалімдер аз? Бұл сұрақтың жауабын бәріңіз білеріңіз шындық. Қиын кезеңде отбасын мектептегі жалақысымен асырай алмаған ер мұғалімдеріміз мектеппен қоштасты. Қайта қайыра соқпады, бүгін де келгісі келмейді. Неге ерлерміз мектептен үркіді?

Басты себептің бірі – ұстаз беделінің төмендігі. Кешегі дәуірде ұстазын төрінен түсірмеген ұлт едік, бүгін ұстаз десе қораш көретін күйге жеттік. Ұстаз беделімен жұмыс істеу – бүгінгі кезек күттірмес шаруа. Ал, ұстаз беделін қалай көтеру керектігінің өзі бір мақалаға жүк, сол үшін оған қайта соғармыз.

Одан кейінгі себеп – жалақы мәселесі. Еркектің міндеті – отбасын асырау. Ал, ұстаздың жалақысы бір отбасын асырау түгілі, бір басыңды асырауға да жетпесі – ақиқат. Сол үшін де күнкөріс үшін арпалысқа түскен нарық заманында, табысы аз жұмысқа ер азамат жоламасы анық.

Соңғы себеп – қағазбастылық.Ұстаздар күні-түні қағаз жазады, таусылмайтын керексіз қоқыс дайындайды, бұған көп ер адамдардың жүйкесі шыдамайды, мінезі келмейді. Қағазы толық емес ұстаз – нашар ұстаз саналған бүгінгі мектептерде шыдап жүргісі келмейді, жұмыс істеуді елестете алмайды.

Ағаш – ағаштан мәуе алады, адам – адамнан тәлім алады. Тәлім – тәрбие тал бесіктен басталарын ескерсек, ел қорғайтын ерлеріміз азаймасын десек, батыры көп ұлттың баласы нәзік болмасын десек, ұлттың ертеңгі қамын жесек, бүгін ойланайық, ағайын!

2014ж.,сәуір

1002 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *