АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

он екі жылдық білім берудің алғышарты әзір ме?

он екі жылдық білім берудің алғышарты әзір ме?

 Сөз басы

Оқу- ағарту жүйесін реформалап дамытып отыру – ғылым мен техника үздіксіз дамыған бүгінгі таңда маңызды үрдістердің бірі. Бірақ, реформаның өз міндетін толық ақтауы – жүктеген мақсат пен міндет орындалып, көздеген нысанаға жетуінің ең маңызды екенін естен шығармаған абзал. Себебі, бізде оқу-ағарту – реформадан көз ашпаған сала. Қадамы қарық болмаса да, әркім өз әлінше реформалап кетуі бүгінгі біздің елдің министрлерінің міндетіне айналды.

Ел егемендігін алғалы осы елдің ең маңызды саласының тізгінін 14 министр ұстады. Әрбірі реформасыз қалған емес. Бірақ, ең үлкен кемшілік, бір реформа соңына жетпей жатып, орынтақ алмасады. Соңына жетпеген реформа сол күйі қалады. Жаңа министр жаңа бағытты ұстанады, реформаға көшеді. Мысалы, кешегі аяқталмаған, соңы даумен кеткен «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы, Ұлттық бірыңғай трагедияға айналған «Ұлттық бірыңғай тест», дүбара ұрпақ тәрбиелейтін, қоғам шулай қарсы болса да, жүзеге асып кеткен үш тілді де бірінші сыныптан бастаған «мәңгүрттендіру бағдарламасы». Тізе берсек, күлкілі жобалар біздің салада аяқ алып жүргісіз. Сондай үрдістердің бірі – келесі 2015-те есігін айқара ашқалы тұрған – 12 жылдық білім беру жобасы.

Әлемдік 12 жылдық оқу жүйесінің үлгілері 12 жылдық білім беру жүйесін әлемнің 136 мемлекеті керегіне жаратып, өз әлдерінше қолданып жүр. Оның ішінде айдарларынан жел ескен, ғылым мен техниканың тізгінін ұстаған АҚШ, Жапония, Германия секілді алпауыттар мен тәуелсіздігін бізбен қатар алған Өзбекстан, Украина, Беларусь секілді дамушы елдер де бар. Он екі жылдық білім беру жүйесінің әлемде екі түрлі стандарты бар.

Бірі – батыстық стандарт, яғни, 5+5+2=12 жобасы. Анығырақ айтсақ, бес жыл бастауыш, бес жыл орта буын, жалпы он жыл міндетті оқыту, екі жыл бағдарлы оқыту. Соңғы екі жылдағы бағдар әр елде өзінің ұстанған саясаты мен мүмкіндігіне байланысты әр бағытта. Бұны батыстағы АҚШ, Германия, Франция, Украина секілді мемлекеттер қолдануда.

Екіншісі – шығыстық стандарт, яғни, 6+3+3=12 жобасы. Нақтыласақ, алты жыл бастауыш (бірақ, әр пәнді жеке-жеке пән мамандары өтеді), үш жыл орта буын, жалпы тоғыз жылдық міндетті білім. Ал, соңғы үш жыл таңдамалы және бұл жерде таңдауды оқушы да, білім беру ұйымдары да таңдайды. Басты ерекшелігі, соңғы үш жылда оқи алмаса, мектептен шығару, сыныпқа қалдыру секілді үрдістер іске асады да, тек сұрыпталған, болашақ университетке түсе алатын сенімі барлар ғана оқиды. Ал, оған жете алмағандары арнаулы кәсіптік мектептерде немесе кәсіптік колледждерде оқуын жалғастырады. Біз қазір көшеміз деп белді бекем буған ол бірінші стандарт, яғни, батыс стандарты.

«Қазық қақпайтын тоқпақ жоқ, көтеретін күшін айт» демекші, ат тонды ала қашар түгіміз жоқ. Шегінетін жер жоқ, көшпей амал қайсы, ғаламдық стандарт – әлемнің біздің оқу жүйесін толық тануымен бірге біздің ғалымдарды мойындауы үшін керек қадам. Бірақ, біз көшуге қаншалықты дайынбыз? Ертеңгі күні көшіп алған соң, тірлігіміз «аттыға еріп, жаяу таңынан айырылыпты» дегендей, осы күнімізге зар болып қалмаймыз ба? Әйтпесе, Дон Кихоттың тірлігіндей, «Әлін білмес – әлек» болмаймыз ба? – деген сұрақтардың мазалары хақ.

Көшпес бұрын көңіл бөлер үш түйін

Дәл осындай ауыр да, маңызды сұрақтардың ертеңгі жауабы қазақ болашағына ыңғайлы һәм пайдалы болу үшін бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты, он екі жылдық реформаға, ең алдымен, мына түйіндердің түйіншегі шешілгені абзал-ау:

Бірінші, ұстаз сапасы. «Жолға жүрсең, қоржының дайын болсын, жауға шапсаң, қосының дайын болсын» деген қазақтың ұрпағымыз. Сол даналықты естен шығармай, ең алдымен, ұстаз сапасы, ұстаз беделін көтеруіміз керек. Себебі, дәл қазіргі деңгейде, он екі жылдықтың бағдарлы курсы, яғни, 11 және 12 сыныптарында сабақ беруге ұстаздардың шамасы толық жете ме? Себебі, ол сыныптарда арнаулы терең бағдарлы курстар жүргізіледі. Ал, бізде қазіргі деңгейдегі ұстаз сапасының өзі ойланарлық мәселе екені жасырын емес. Ал, осы ретте Жапондар мен Қытайлардың ғылым-техниканы дамытамыз десек, ең үздіктерді ұстаздыққа жіберу керек деген ұрандары, мемлекеттегі ең табысты, әрі беделді мамандықты ұстаздық еткен жолдары бізге үлгі болса ғой, шіркін! Себебі, өзі беске оқымағанның өзгені «беске» оқытарына кім кепіл?

Екінші, мектеп сапасы. Айта кетеріміз, талай ауылдық, аудандық жерлерде екі-үш пәнді бір мұғалім беруге мәжбүр. Оның үстіне, бағдарлы курстың құрал — жабдықтары, зертханалық кабинеттердің қаланың өзінде сын көтермейтінін ескерсек, ал ауылдық жерде оны қазірше айтудың өзі артық шаруа.

Үшінші, оқу құрал- жабдықтар сапасы. Өйткені, қазірдің өзінде оқулықтар мен оқу құралдарының сапасы сын көтермей, қоғам ұлардай шулап жүргенде, он екі жылдықтың оқу бағдарламалары қаншалықты сапалы болады? Бәріміз ойланарлық сұрақ. Оның үстіне, біраз материалда, әсіресе, тереңдетілген бағытта, олимпиадалық бағытта орысша материалға мұқтаждықтан құтыла алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Осы ретте, Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген сөзін қайыра еске алған абзал шығар.

 Он екі жылдықтың оңтайлы тұсы

Он екі жылдық оқыту формасының ерекшелігі, бізге екі түрлі үлкен пайда береді:

Бірінші, егер таза оқу формасына көшірілсе, қазіргідей екінің бірі, жоғары оқу орнының дипломын құшақтап жүрмейді. Міндетті он жылдан соң ары қарай әлі келмегендер кәсіптік бағытқа бет бұруға мәжбүр болады. Бұл жоғары оқу орны түлектерінің сапасына оң әсерін берері анық.

Екіншіден, дәл қазіргідей университет құшағына кіргенше, әйтпесе қолында қып-қызыл дипломы бола тұра, өзі қай салаға барарын білмей жүргендер, өз бағытын анықтай алмағандар азаяды. Өйткені, мектептің соңғы екі жылында оқушы болашақ бағытын айқындау керек. Өзінің бағыты мен қарым-қабілетіне байланысты бейімделу оқушының міндеті болса, бейімдеу мектептердің парызы болып жүктеледі. Бұл болашақта дипломы бір басқа, істеп жүрген жұмысы бір басқа, яғни жұмысы мен мамандығы сәйкес емес сапасыз кадрлар санын азайтса керек, әрине, егер бәрі дұрыс жүзеге асқанда ғана.

Елдің болашағы – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесі. Сол үшін ұрпаққа байланысты әр істі екі өлшеп, бір кескен, тоғыз ойлап, бір шешім шығарған ертеңгі күні өкіндірмесі хақ. Біздікі «ұрпақ ұлағатты, ұлт мұратты болса» деген ізгі тілек қана.

2014 ж.сәуір

Taggs:
Пікір жазыңыз