25 мамыр – ұстаз шері

25 мамыр оқушылар мен ұстаздарға мереке іспетті. Баршамыз осы күнді тосамыз, қуанамыз һәм жеңілдейміз!

Мен ұстаз болғалы бес жыл! Бесінші мәрте 25 мамырды ұстаз ретінде қарсы алғалы тұрмын. Бірақ, берері мол мамандықтың беделі жүректі ауыртады. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздарға», – депті қазақтың ардақты ұлы Мағжан Жұмабаев. Бүгінгі ұстаздар, төрің қайда? Төр тұрмақ, құлағың тыныш, дауадан басың аман болса, соған игі дейтін күйге жеттік.

Үйінде тәрбиесіз бала көшеде тентектік істесе де, опасыз отбасы тәрбиелеген ұятсыз ұрпақ ұятты тірлік жасаса да, біреудің баласы сабақ оқымай, екі алса да, қыл аяғы жыл аяғындағы ҰБТ-да білімін көрсете алмаған, дайындығы нашар балаға да ұстаз кінәлі.

Бұл күнде ұстаз демекке ғана атымыз болмаса, кейде базбіреулер бізді жекелік қызметшісі секілді елестетері хақ. Сол базбіреудің ішіне есерсоқ оқушы да, ессіз ата-ана да кіреді. Бұрын ұстаздан таяқ жесек те, өзімізді кінәлап ержеткен едік, бүгін ұстаз ұрмақ түгіл ұрысса да, ұстаздың өзі жазаланар күйге түстік. Әр ұстаз (ұстаз деген атқа лайық болса) «ұлтымың ұрпағы жаман болмасын», – деп шырылдары ақиқат та. Сол базбіреудің бетімен кеткені соншалық, кейінгі жылдары оқушы ұстазын ұрыпты десе де, таңғалмас күйге жеттік.

Қош! Бұл қоғам бетімен кеткені баршамызға анық та шығар, себебі, қай жағынан қарасақ та, ұстазына құрмет көрсетпеген ұрпақ ұлтын керек етсін бе? Әй, бірақ осындай тасбүйректер емес пе, өз атасын қарттар үйіне қаңғыртатын, оған мен өкпелеп, не  таппақпын?

Айтпақшы, бетімен кеткені соншалық, ұстаз дегенді сайқымазақтың кейіпкеріне айналдырды бүгінгі жұрт. Басқа емес, баланың тәрбиесіне арналған «Балапан» телеарнасында ұстазды келемеждеу кімге үлгі? «Балапанды» ашсам, Еспанов Нұрланның ессіз тірліктерін көргенде, зығырданың қайнайды. Ұлттық арнадан «Айналайын» деп аталатын айналудан садаға телесериалын көрсете қалса, қор болған ұстаздың күйін көріп, қаның басыңа секіріп кетеді, әйтеуір жастығымыз шығар, тек есеңгірейміз де тынамыз, жығылмаймыз!

Ой, айналайын есерсоқтар-ай, құрметтемесең қой, қорламашы! – дейсің сонда. Жұлдыз емес, қоңыздың тірлігі секілді. Ұстазды сайқымазақтың кейіпкеріне айналдырмас бұрын өзіңді тәрбиелеген ұстаздан ұялмадың ба? Әй, қайдам ұстаздың қадірін біле ме? Білсе құрметі басқа болар еді ғой. «Балапаннан» балаға: «Осыны істе, кейін мектепке барғанда» деген өнегесі ғой ол бейшаралардың.

Бірді айтып бірге кеттік-ау, қайтеміз? Жыл бойы баптаған бәйгемізді аламанға қосып, қиқулап отырар шағымыз еді ғой, бірақ біз ше?

Біз бүгін есепсіз есептердің (отчет), қисынсыз қағаздардың қамымен, қамы деймін-ау, қайғысымен жүрміз! «Қай ата-ана дау шығарады, қай мекеме тексеріп жетеді» деп қалт-құлт етіп, жылды аяқтап келеміз.

Иә, әуелгі айтпағымнан алыстап барамын-ау, шамасы. Менің айтпағым, бұл күнде қанша нәтижелі, маңдайдағы бағы бес елі ұстаз секілді көрініп, бөрі аштығын білдірмес, итке жүнін қампайтар болып одырайып жүргенімізбен, біздің де күйіміз шамалы. НЕГЕ? Осы жерде анығын жеткізбек үшін жеке бастағы эмоциялық көңіл-күйге ерік бермес бұрын бір суреткерлікке барып көрелік.

Мен еңбек еткен бес жылдан бері жыл басы немесе тоқсан басы маған үлкен шабыт сыйлайды. Әр тоқсанға бір үлкен межемен кіремін. Межелі тұсымды толық бағындырмасам да, маңайлап жығыларым анық. Солай күреспен келеміз, Алла сәтін салса, алда талай биіктің ұшы манаурап қана тұр. Бағындыру – басты міндет те. Бірақ, мен үшін мектепке жолағым келмей кететін бір сәт бар, тіпті дәл сол күні «сау бол, білім саласы!» – дегім келеді, ол сәт – тоқсанның соңы немесе жыл соңы. Әттең дей алмаймын! Тіпті іштегі ар мен жүректегі махаббат жібермейді де. Онда неге тоқсан соңында тосырқайсыз дейтін шығарсыз? Ал, онда тыңдаңыз!

Тоқсан соңы, баға сұраған баланы көргенде, білім керек емес, тек басқалар сынамас баға үшін жүрген ұрпақты көргенде, пайдасыз пайыздардың соңында жүрген, күйкі тірліктегі әріптестерді көргенде, жыл бойы бетіңді көрмеген ата-ана баласын сен оқытпай қойғандай, сіз неге «3» қоясыз? – деп зіркілдеп тұрған ата-ананы көргенде, баласының басындағы біліміне емес, жағалап жүріп сұрап, ұрлап — қарлап алған бағасына ғана қарайтын ақымақ жұртты көргенде, арыны қатты дауылдай, ұстаздарды қорқытқысы, үркіткісі келетін баласының ертеңіне балта шапқан әке мен шешені көргенде түңілмей қайтесің?

Арыныңды бас, ата-ана! «Сен де ұстаздан тәрбие алмап па ең? Санаңда сәуле боп ұстаздан алған ұлағатың болса, ұрпағыңа келешек сыйлар ұстазға қарадай ұрынба!», – деп айқай салғың келеді. Әй, бірақ, ондай жігер қайда, ата-ана түгіл, баласына айқайлар дәрмен жоқ қой біз пақырда…

Осындайда оқушылардың «сіздің өйтуге, бүйтуге құқыңыз жоқ», – деп тұратын жаттанды сөзі келеді еске. Иә, шынымен де, бізде құқық жоқ. Қызыл кітапқа енген және енбей қалған біраз жануарларды да қорғау заңы бар. Баланың құқын қорғайтын заң да, ұйым да бар. Бірақ, біздің құқық таптамақ түгіл, өзің тапталып қалсаң да, сені жоқтап алар бір заң жоқ. Ең болмағанда, білім туралы заңда жазылған бір тармақ болса, ол да бізді міндеттеген тармақтардың желісі.

Кімге өкпе артпақпыз? Білмеймін шынында, кейде түсінбеймін…

Ех, тағы да келді 25 мамыр! Тастап-ақ, кеткім келеді осы жұмысты…

Әттең, бірақ… мамандығымды тастай алмаймын… Мектептен кетейін десем, қазақ баласына керек секілденемін де тұрамын…

Арыныңды бас, ата-ана! Баға сұрама, бала…. сау болыңыз!

2015 жылы мамыр

1504 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *