АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

МЕКТЕБІНДЕ «ЕКІНШІ СОРТТЫ» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

Қанша тіл білсең, сонша адамсың. Иә, бұл – бүгінгі күннің басты ұраны. Бірақ, көп тілдің көлеңкесінде қалып, бір тілді де толық меңгере алмай, жартыкеш айдай жарты адамдар қаптады. Екі тілдің арасында есі шыққан бала, — деп қайғырушы еді күні кешегі жұрт. Ал бүгінгі ұрпақ көп тілдің арасында есеңгіреп қалғаны сіз бен бізге ақиқат та. «Көп тіл білгеннің несі айып?!» Әбу Насыр әл-Фараби де он шақты тіл білген деп, өзеурей дауласарсыз. Бірақ, ол тықыр мен бұл тықырдың жөні басқа.

Кешегі жұрт өзге тілді үйренсе, өз тілін өзек ете, аударма негізінде үйренетін. Сол үшін де, олар емін- еркін білген тілін бір-біріне аудара білетін еді. Қазақтағы қай ғұламаны алсақ та, осы негізден алыс емес екені ақиқат. Ал, өзге тілде шүлдірлеп, өз тілін мүлде білмейтін кейбіреулерді ғұлама түгілі, тұлға санаудың өзі ұят та шығар.

Жә, айтпағым ол емес, айтпағым: бүгінгі ұрпақтың тіл үйренуі. Қазақ баласы қай тілде сөйлеп жүр? Неге мектепте қазақ тілін «беске» (құжат бойынша) бітіріп шыққандар, қазақ тілінде тіл сындыра алмай жүр? Өзге тілді біліп, өз тілін құрметтемей жүрген ұрпақтың кінәсі кімде? Осы сұраққа ұрпақ тәрбиесінің тізгінін ұстап жүрген ұстаз ретінде жауап беріп көрейін, тыңдар құлақ болса, тыңдап алсын, ал, керекті адам түрте жатар. Біздің мектептердің бүгінгі сиқы, осы негізде қарасаң, мектеп емес, қайта тіл үйрету орталықтарына көбірек ұқсайды. Себебін сезіп отырған шығарсыз, сонда да басынан бастайық.

Бірінші, мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың түрі өзіміз балалық шақта оқыған, «Аққу көкке тартады, шортан көлге, шаян жерге» деген мысалға көбірек ұқсайды. Қазақша қырық екі әріпті толық танып болмай жатқан сәбиге бір әріпті үш тілде оқытамыз, үш тілде жазуға мәжбүрлейміз. Неткен аянышты тірлік? Негізі есті жанға саналы ұрпақты дүбәра етудің, «а» деп аузын ашқан баланы ақымақ жасаудың ең оңай жолы екені түсінікті, әрине. «Екі түйе соқтығысса, арасында шыбын өліпті» демейтін бе еді, біздің жұрт. Иә, сол «шыбын» қазақ тілі болып тұр бүгінгі күні. Үйде ата-ана орысша сөйлейді, қоғамдық тіл – орысша, ал, мектепте қазақ тілінде оқиды. Он бір жыл қазақ тілінде мектеп бітірген оқушы өз тілін меңгермей, өз тіліндегі пәндерді тіптен меңгермей, сауатсыз деңгейде мектеп бітіреді. Кешіріңіздер, асыра айтқаным емес, бұл – бүгінгі ащы шындық, анық ақиқат. Мектеп бітіру куәлігінде қазақ тілі «бес» болып тұрған оқушының өз ойын қазақ тілінде жеткізе алмай тұрғанын көргенде жаның ашиды.

Енді мына масқараға қараңыз, қазақ мектептерінде орыс тілі пәнін «3» деген бағаға зорға бітіріп шыққан оқушылар орыс тілін мүдірмей сөйлейді. Ал, орыс мектебінде қазақ тілі пәнін «5» деген үздік бағаға жауып жатқандар қазақ тілінде еркін сөйлеу түгілі, екі сөздің басын қоса алмайды. Неге? Әттең, сұрақ көп, жауабы жоқ…

Екінші, бастауыштағы тілдік пәндердің сағат сандары төмендегідей:  

Қазақ тілінде оқытылатын сыныптарда

­1-4 сы

нып

Қазақ тілі

Орыс тілі

Ағылшын тілі

4 сағат/аптасына

2 сағат/аптасына

2 сағат/аптасы на

Оқытылу тәртібі

Сынып бойынша

Топқа бөлінеді

Топқа бөлінеді

Орыс тілінде оқытылатын сыныптарда

1-4 сынып

Қазақ тілі

Орыс тілі

Ағылшын тілі

2 сағат/аптасына

4 сағат/аптасы

на

2 сағат/аптасы

на

Оқытылу тәртібі

Сынып бойынша

Топқа бөлінеді

Топқа бөлінеді

           

Анықтап қараған адамға жоғарыдағы пәндік сағат сандарынан біздің болашақта қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ ержетеді деудің өзі ақиқаттан көрі аңызға жуық. «Күштінің артынан диірмен тартқан» заманда ұлтты сүйсең, еріксіз қос жанарға жас тығылады.

Тіпті, бастауышта тілдік саясаттың үстемдік құрғаны сонша, өзге тілге айрықша мәртебе берілген. Бастауыш сыныптардағы орыс тілін университетте «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жетіліп шыққан арнайы маман бір сыныпты екі топқа бөліп, сабақ береді. Ағылшын тілінде университетте «ағылшын тілі» мамандығы бойынша білім алған маман бір сыныпты екі топқа бөліп, сабақ береді. Ал қазақ тілін «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан адам ешқандай топқа бөлмей, сабақ өткізеді. Ойлап қараңыз, өз тіліміздің құны өзге тілдің дәрежесінен төмен болғаны ма? Қазақ мектептерінде оқып жүрсе де, әлі орыс тілінде сөйлейтін, қазақша сауатынан ағылшынша сауаты жетік, қазіргі ұрпақтың өзі біраз шындықтың, «астыртын саясаттың» бетін ашса керек.

Үшінші: жоғары буындағы тілдік пәндердің оқытылуы төмендегідей:

Қазақ тілінде оқытылатын сыныптарда

Сағат саны/аптасына

Қазақ тілі

Қазақ әдебиеті

Орыс тілі

Орыс әдебиеті

Ағылшын тілі

5 — сынып

3

3

2

1

2

6 — сынып

3

2

2

1

2

7 — сынып

3

2

2

1

2

8 — сынып

2

2

2

1

2

9 — сынып

1

2

2

1

2

10 — сынып

1

2

2

1

2

11 — сынып

1

2

2

1

2

Оқытылу тәртібі

Сынып бойынша

Сынып бойынша

Топқа бөлінеді

Сынып бойынша

Топқа бөлінеді

Орыс тілінде оқытылатын сыныптарда

Қазақ тілі

Қазақ әдебиеті

Орыс тілі

Орыс әдебиеті

Ағылшын тілі

 

5 — сынып

4

1

3

2

2

6 — сынып

4

1

3

2

2

7 — сынып

4

1

3

2

2

8 — сынып

4

1

3

2

2

9 — сынып

4

1

3

2

2

10 — сынып

4

1

3

2

2

11 — сынып

4

1

3

3

2

Оқытылу тәртібі

Сынып бойынша

Сынып бойынша

Топқа бөлінеді

Сынып бойынша

Топқа бөлінеді

Мемлекеттік тілдің статусы бұл жерде де ресми тілден төмен екені анық көрініп тұр. Неге орыс тілі шет тілінің мәртебесіне ие болып, топқа бөлініп оқытылады? Қазақ тілі сағат саны көптеу болып көрінгенімен, топқа бөлінбеген соң, орыс тілінен бәрібір аз. «Ойбай, тілдік үстемдік болмау керек!» — деп айғайлайтынымыз қайда?

Төртінші, мектепте неге біз әлі күнге орыс әдебиеті деген пәнді қысқартып тастай алмай жүрміз? Жарайды, орыс тілі деген пән де, орыс тілін білу керек те шығар, бірақ орыс әдебиеті деген пән не үшін керек? Егер, шынымен, шет елдің әдебиетін де қазақ балалары білсін, көзі ашылсын десек, әлемге орыстың көзімен емес, өз көзімізбен қарау үшін неге бірден әлем әдебиеті деген пән енгізбеске?

Орыс әдебиетін қазақ әдебиетіндегі байланысатын тұлғалар, аудармалар арқылы да ұрпақ біледі. Ал, орыс әдебиеті деген арнайы пән енгізіп, орыс жазушыларының шығармаларын орыс тілінде қазақ балаларының санасына сіңіру арқылы орысты ұлы етіп көрсету бізге не үшін керек? Құлдық сананы ұрпақ тәрбиесінен алыстатпай, орысқұлдардан құтыла алмаймыз.

Балаларымыз тәуелсіз санада ержетсін десек, орыс әдебиетін емес, әлем әдебиетін аударма негізінде қазақ тілінде оқытуымыз керек. Орыс әдебиетіне арнайы статус беруіміз – біздің ұрпақтың санасына салынған бұғау.

Бесінші, біздің мемлекет қазір мектептегі тіл үйрету жағынан әлемде ең алдыңғы орында тұр. Себебі, біз жоғарыда аталған тілдерден бөлек, гимназияларымызда неміс, француз, қытай, жапон, кәріс, араб, түрік тілдерін таңдап оқытамыз. Өте күлкілі, бесіктен белі шықпаған балаға сан тілді тықпалау, білімге емес, жиренуге бастары анық. Мектептерінде оннан астам әлемдік тілдерді оқыту — бізде ғана бар парадокс.

Бұндай тілдерді университеттер құшағында оқыса да, арнайы мамандық үшін игерсе де, ешкімнен кенде қалмасымыз белгілі. Тек әлемдік тілдерді мектептен бастап оқыту өз тілін қорашсындырудың, жабайы тілдер қатарында санатудың амалы демеске шара жоқ. Әлемдік тілдердің астына ана тіл көміліп қала берсе, обалы бүгінгі бәріміздің мойнымызда кетеді.

Ойланайық…

Біздің жұртта «көрпеңе қарай көсіл»,- деген бар еді. Біз де көрпемізге қарай көсілсек екен. Ана тіліміздің тамырын балтамен кесіп, мектептегі екінші сортты тілге айналдырып, біздің қоғамымыз қазақ тілінде сөйлейді деу – арман ғана. Осыдан кейін, біздің қоғамның қазақ тілін дамыту бағдарламалары – «майсаны созып өсіру» деген мысалға көбірек ұқсайды. Тамыры шабылған ағаштың жеміс бермейтінін білейік.

Жаңалық ашпақ болсақ та, халықтың менталитетімен, бүгінгі жағдайымен санасайық. «Мәңгілік қазақ елі» боламыз деген біздер үшін мемлекеттік тілді тұғырына қондырамыз десек, тамырын тереңге жіберер мектебімізден бастайық.

Біз ойымызды айттық, көкейіміздегіні жеткіздік. Қалғаны естір құлақтың еншісінде…

2014 жылы сәуір

Taggs:
Пікір жазыңыз