ТУЫСҚАННАН АЙЫРМАШЫ, ТУҒАН ЕЛ!

«Елге ел қосылса – құт, елден ел айырылса – жұт»,- дейді халық даналығы. Біз тәуелсіз күнде неге жұтқа тап болдық?..

Көші-қон саласы кейінгі кездері күнде бір бұйрық, күнде бір тармақ қосылған құжаттардың кесірінен тоқтады. Тоқтады демей не дейік, ең соңғы нүктені қазір Қытай елшілігі қойып отыр. Айталық, басынан бақайына дейін тек қағаз сөйлеткен бүгінгі қоғам тұсауды, қазақ санын тежеуді кезінде Қазақ еліндегі жан санын қазақты шақырумен көбейтсе, дәл бүгінгі күні соның кері жағдайы.

Бұл мәселе айтылу мен жазылудан кенде емес те, бірақ, жаңғырық шықпай налып жүр ек, соңғы жағдай тіпті жүректі жылатты, көңілді құлатты.

Ең баста 2010 жылы тамызда Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрынғы азаматтығыңдағы жеріңнен анықтама әкелуден басталған бұл жайт, кейіндеп тұрақты тіркелу үшін елшіліктен рұқсат қағаз әкелуге, тіпті туған жеріңдегі қоғам қауіпсіздік мекемесінен сотталмағаны туралы анықтама (негізі, Қытай заңы бойынша істі болған адамға шетелге шығу паспортын жасамайды) әкелу деген орынсыз талап қосылды. Ал ол анықтамаларды қысық көздерден алу – қиынның қиыны, келер қазақтың бас қайғысына айналған.

Ең өкініштісі сол, басқалар Қазақ елінің өркендеуін де, ел болып кетуімізді де қаламайды, әрине, кім «май шелпегінен» айырылғысы келсін. Бұл тұрғыда Қытай бәрінен бұрын тосқауыл қамалын салды, яғни Қазақ еліне келіп тұрақты тіркелуге анықтама қағаз керек болса, алдымен Қытаймен ат құйрығын кесісу керек, яғни Қытай азаматтығынан біржола шығып кету керек. Сонда Қытай азаматтығынан шыққанға кемінде сегіз не он ай уақыт, оның өзінде Қытайға қалтаңды қағып тастап кетуің ләзім. Ал, атажұртқа ол қағаздарды тапсырып, тұрақты тіркеуге тұрып, көк паспортты алып көгеріп, көктегенше жыл айналары сөзсіз. Сонда екі жыл босқын ретінде күн кешу керек. Заман қалай, заң қалай, бұндай күйге есі дұрыс адам түспек емес. Сонымен, Президенттің қолымен тұсауы кесіліп, тәй-тәй басқан қазақ көшінің тағдыры Ертісбаевтің ерсі сұхбатымен қиылып, Мәсімовтың мәнсіз тірлігімен жерленді. Бұның соңы не болмақ?

Задахан Мыңбай ағамызша айтсақ,

Ей, отыншы, отыншы,

Қыршын талды қимашы,

 

Жұп торғайды үркітпеші, қумашы,

Жасты қисаң қуарып жер құшады,

Жұпты қусаң екі айырылып ұшады…

Дәл осы сөзді ел ағаларының есіне салғым келеді, көш тоқтаса… Елестудің өзі қиын, әрине.

Көш тоқтаса, шекараның екі шетінде әке мен бала қалады, қос тілдегі қос елдің азаматтығын құшақтап… Тірі жетім тағдырлар қалыптасады. Көш тоқтаса, ер мен әйел екі жаққа босып, әр баласы кетер тағдырдың босқыны боп. Көш тоқтаса, Қазақстанға келіп, отау тіккен қаншама шаңырақтың шайқалмасына кім кепіл? Көш тоқтаса, ағадан іні, әпкесінен сіңлісі айырылған, елім-айлап еңіреген ескі күндер келмейді дей ме? «Басы ауырмағанның құдаймен ісі бар ма?»-демекші, өз басына түспеген соң кім толғансын…

Мен осы барыста сан оралман тағдыры ретінде өз басымдағы көш тоқтаса, болар ауыр жайды мысалға келтірейін, мен 2005 жылы ат басын Ата жұртқа бұрған Қытайда байырғы қазақ топырағында туылған азаматпын. Алғаш ел есігін ашқанда, 19-дағы бозбала болсам, қазір Астана қаласының белді мектебінде, белді ұстаздар қатарында еңбек етіп, жас маманнан дарынды маман санатына қосылып келе жатқан буын ем. Қазір отбасым бар (баспанам жоқ болса да), екіден асқан қызым бар, екіншісін күтіп отырған келіншегім бар. Әйелім – атажұрттың қазағы. Ал енді күйім нешік, ағайынды алтаудың тең жартысы ар жақта, әкем жүр еді, қашан туысқандарды елге көшіріп боламыз деп. Арман-ай?

Ағаларымнан айдың-күннің аманында алыстап барамын, олардың балалары жүр:

– Көке, мен қашан барам Астанаға, қашан шығам Бәйтерекке деп, бірақ бір күнде жеткізерге шама келмей, жыл сайын жылыстап, бір-бірден келе бастаған туысқандар көші тоқтады, енді не қылмақ керек?

Ол аз болғандай, жақында шектен шыққан бұйрық пайда болды, егер ықтияр хаты бар қазақ 6 ай ішінде Қазақстанға бір рет те келмесе, онда ықтияр хаты қайтарылып алынып, тұрақты тіркеуінің күші жойылады, бір жыл ішінде шекарадан өтуге тыйым салынып келген еліне кері шегінеді. Бұл не масқара? Сонда екі елдегі екі баласының арасында жүрген әке-шеше қыс аяғы созылып, 6 ай келе алмай қалса, қайта айналып, Қазақстанды бір жылға ұмытады. Бұны есі дұрыс пенде қазаққа қолдан жасалған қиянат екенін түсінер.

Мен сияқты күй кешкен оралман қалпақты қандастар қаншама? Олардың күйі не болмақ? Соңын ойлау, әрине, қорқынышты?

Туған елдегі ел тізгінін ұстап отырған ағаларға айтар соңғы сөзім, арманымнан айырмашы ағалар, туысқанымнан айырмашы, туған ел!!!

2013 жылы қаңтар

2010 рет жалпы оқылды 6 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *