АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ НЕ АСЫҒЫСТЫҚ?

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ НЕ АСЫҒЫСТЫҚ?

Білім саласында бір түсініксіз асығыстық пайда болды. Күнде жаңа бір өзгеріс ұсынылып, жаңа бағдарлама қабылдануда…

Қазір ҚР Білім және ғылым министрі қызметін Ерлан Сағадиевпен бірге Дариға Назарбаева қоса атқарып жатқандай. Соңғы кездері «біздегі білім министрі кім?» деген түсінік пайда бола бастады… Неге осынша тез әрі білім саласына бәрі мойын бұра қалды? Сұрақ көп…

Үш тұғырлы тіл мәселесі, алдағы енгізілгелі отырған үш тілде оқыту бағдарламасы – бәрі де, кем дегенде, 20 жылсыз мүмкін емес екенін өздері түсінбей ме, түсінгісі келмей ме?

Өткен аптада: «Астана қаласында 17 мектеп үш тілді оқыту жүйесіне дайын, алдағы оқу жылынан бастап кіріседі», – деді. Құдай-ау, басқа басқа Астананың жайы, елімізде ағылшынша оқытылады деп жатқан химия пәнінің жағдайы маған бес саусақтай белгілі ғой.

Қазір ағылшынша өткізіп жүрген Назарбаев зияткерлік мектебі, ҚТЛ, «НҰРОРДА» мектептерінің өзінде «ағылшынша өтеді» деген форма ғана, әйтпесе, 100 түгілі, 70 % ағылшынша өткізілмейді. Жақсы, бұл үш мектеп, оның сыртында халықаралық деген статусы бар екі мектеп бар, жалпы саны – бес. Жақсы, оның сыртында ойдан орып, қырдан қырып, бес мектеп тапсын, сонда қайдағы ағылшын тілінде беретін мұғалім? Қайдағы оқулық?

Астанадағы 100 мектепке ағылшын тілінде менің пәнімді беретін 100 мұғалімді дайындау үшін кемінде 10 жыл керек… Ал, ауылдарға ше? Ағылшын түгілі қазақша беретін мұғалім жоқ, химия пәнін физика, информатика, кейде, тіпті, дене шынықтыру пәні мұғалімі беріп жүрген жерлер әлі де бар екені ешкімге жасырын емес. Сонда деймін-ау, Дон Кихоттың тірлігі кімге керек?! «Тоқал сиыр мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дейтін еді атам қазақ. Сол секілді білімді ұйытпақ түгілі ірітіп, тентіретіп жібереміз ғой…

Қазір шулайтын шығар «ағылшын тілі, ойбай, ғылымның қайнар көзі» деп. Айналайын, мемлекеттің бар ұрпағы ғылым қуа ма? Әлде, елдің бәрі жоғары білім алып, доктор атана ма? Ол мүмкін емес қой? Жоқ әлде, бесік жырын ағылшынша айтатын әйелдер мен ағылшынша сөйлейтін күзетшілер керек пе бұларға?

Көрпеге қарай көсілген дұрыс-ау!

Оның үстіне ағылшын тілі сұранысқа ие, ғылымға немесе шетелге барып оқитын, зерттеумен шүғылданатын жұрт ағылшынды оларсыз-ақ өздері оқып алады… Қазірдің өзінде оқушылардың ағылшын тілі деңгейі қазақ тілінің деңгейінен екі есе жоғары…

Неге біз осы ?..

Ал бес күндік оқу аптасын енгізу дұрыс-ақ, пайдалы жағы көп. Бірақ осы бес күндік оқу аптасын енгізгенде, жыл соңын қатты созбай, тоқсандық оқу формасын студенттердікі секілді семестрлік оқыту жүйесіне неге көшіре салмасқа? Әттең, менен ақыл сұрамайды ғой… Бес күн оқысақ әрі екі тоқсан соңында бір демалсақ дұрыс қой, мүмкін қысқы демалыстың суық күніне байланысты ұзартармыз… Әттең, ұсыныс айтуға жүріп тұрмыз ғой…

Осылай дерттендіре берсе, іріте берсе, оқушы емес мұғалімнің суициді дегенді зерттеп кетеміз. Оның арты ұлттың суициді (әйтпесе, ашығын айтқанда, жойылуын) зерттейтін шығармыз…

Не жанталас, реформашылар?! Сіздер қай мемлекетте, біз қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз?

Неге бұлар осы….

2016 жылы сәуір

Taggs:
Пікір жазыңыз