АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

БАСТАУЫШ САТЫ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ

БАСТАУЫШ САТЫ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ

Сұхбатқа арқау болған  басынан шіріген бастауыштық жүйе мақаласы болды. Оқыдық, автордың айтар ойын, нені айтқысы келгенін түсіндік. Бір көзбен қарағанда, көпке топырақ шашылып жатқандай болды. Жүйелі сөз-тас жарады, тас жармаса бас жарадының кері болмасын деген оймен, қолымызға қағаз-қалам алып, ұстаз Аятжан Ахметжан мырзамен кездесуді жөн көрдік. Ондағы ой, өз аузынан әріптестеріне не айтарын білгіміз келді.

  • Аятжан мырза, «Басынан шіріген бастауыштық жүйе» деген атаумен мақала берген екенсіз. Нені меңзедіңіз? Мемлекетті ме? Министрлікті ме? Ұстаздарды ма?
  • Білім саласын меңзедім. Ең алдымен білуіміз керек. Мысалға, қазақта табалдырық деген түсінік бар немесе іргетасы деп атаймыз. Іргетасы дұрыс қаланбаған ғимарат түбі құлайды. Ал, білімнің іргетасы ол – бастауыш. Тәрбиенің іргетасы деп айтатын болсақ, ол – балабақша немесе отбасы. Тәрбие – бесіктен, құрсақтан басталады. Демек, тәрбие – отбасынан,балабақшадан басталса,білімнің іргетасы бастауыштан басталады. Жоғарыдағы айтпақ ойым, дәл бүгін білім беру іргетасы қалай,қаншалықты нық қаланып жүр деген ұғымнан басталды. Қазақ айтады ғой «көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деп, мен бұл шоқпарды беліме байламас бұрын бірнеше елдің, оның ішінде озық деген төрт-бес мемлекеттің білім саласын қарап шықтым. Әлемде қанша мемлекет бастауыштық білім беру жобасын қалай қолданады деген ұғымға да зер салдым. Бізде бастауыш деген сала әлі XIX ғасырдағы оқыту деңгейімен келе жатыр. Ал XXI ғасырдағы бастауыштағы қателіктерді ел түзетіп болды, бірақ біз түзетіп болған жоқпыз. Мен сол үшін айттым.
  • Ол мәселелерді қалай шешу керек деп ойлайсыз?
  • Осы ойдың жетегінде министрмен кездесуде кейбір ойлар түрткі болды. Қазақ тілінің жаңа оқыту жүйесін жасаймыз деген сияқты … Кездесу барысында айтқаным, ең алдымен бұлақтың көзін ашыңыздар, содан кейін барып жаңа жүйеге жазыңыздар дегенмін.
  • Бұлақтың көзі дегенде нені айтқыңыз келді?
  • Бұлақтың көзі – бастауыштың реформасы. Бұл жерде бастауыштық әріптестеріміз түсінбестіктің салдарынан маған дүрсе қоя беріп жатыр. Бастауыштан саған не ұнамай жатыр деп… Бастауышта ұнамайтын нәрсе көп. Оны ашып айтар болсақ, бұрын бізде тарих, география, химия, биология деген мамандықтар болған. Біз мұны өзгерттік. Қазір таза химик, биолог, география, тарих қалыптасты. Бір адам толық екі пәнді ұстап жүре алмайтынын түсіндік. Мектепте бұрын екі пәнді беріп жүрген мұғалім екеуінің біреуіне бейімделіп кетті. Не химиядан не биологиядан сабақ береді.
  • Жақсы, кешіріңіз, тақырыптан ауытқымайық. Айтылған сөздеріңіздің жаны бар. Десе де, жоғарыда айтқан пікірлеріңізбен білім саласындағы жанын, тәнін салып жүрген ұстаздар қауымына топырақ шашқандай болмайсыз ба?
  • Бәріне бірдей топырақ шашқаным жоқ. Қайта бастауыш мұғалімдерін көп нәрседен құтқарғым келеді. Соншалық қиын мамандықтың жүгін жеңілдеткім келді, елеусіз қалмауын арттырғым келді. Елеусіз қалмаса екен дедім.
  • Қалай?
  • Бізде бесінші сыныпқа өткенде  ата-ана да шу, мектеп те шу болды. Неге шу болады? Өйткені, (бағана ойымды алып келе жатыр едім).Кез-келген бастауыштың мұғалімі жан-жақты бола алмайды. Сол сияқты бастауыш мұғалімінен сұраңыз, не математикаға, не қазақ тілі мен әдебиетіне бейім болып келеді. Бесінші сыныпқа барып көріңіз, бір сыныптағы оқушылар қазақ тілі мен әдебиетінен керемет болып тұрса, математикасы ақсап тұрады. Кейде керісінше, енді біреулердің шығармашылығы жақсы болып келеді. Ол бастауыш мұғалімінің сол салаға жетіктігін көрсетеді.
  • Қазақстанда жобамен үш жүз мыңға жуық мұғалім бар, оның жүз мыңға жуығы бастауышта. Сонда жүз мың ұстазды жұмыстан шығарып жібереміз бе?
  • Жүйесін өзім көрсетіп тұрмын ғой. Жұмыстан шығару қажет емес. Мысалға, жүз мың бастауыш мұғалімінің отыз мыңы қазақ тілі мен әдебиетіне бейім бе? Демек, олар біртұтас бастауыштағы қазақ тілі мен әдебиетіне сабақ берсін. Қай салаға бейім, сол саладан сабақ береді. Жоғары буынның мұғалімдері сияқты тек бастауыш мұғалімдері болады. Қазіргі бастауыш мұғалімдері жұмыссыз қалмайды, қайта өзінің қызығатын, жанына жақын жағына бейімделеді.
  • Аятжан мырза, мен сізбен келісемін. Бірақ та бастауыш балаларын үйретемін, соларға сабақ беремін деп 4 жыл оқыған мамандық иелерін қайда жібереміз?
  • Егер бастауышқа реформа жасалса, сол күннен бастап тоқтатуға тура келеді. Оларға мынадай ұсыныстар бар. Бастауыш оқытатын орындарға мамандықтарын екі-үш жаққа бөлу керек. Мысалға, бастауыш тәрбиешісі әлемде бар мамандық. Бастауыш қазақ тілі мен әдебиеті , бастауыш математикасы деп бөлуге болады. Бұл жерден бәлендей ұтылмаймыз. Белгілі бір деңгейдегі мамандар қиналатын шығар. Егер менің бұл идеямды бастауыш мұғалімдері түсінсе, қуана келісер еді. Бір мұғалімге барлық пәннің жүгін арқалап, бір сыныпқа сабақ өткізгеннен гөрі , бір пәнді бірнеше сыныпқа үйреткен әлдеқайда тиімді болар.
  • Аятжан мырза, сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен  Қуантай Амантайұлы,

«Білім айнасы» газеті 

Taggs:
Пікір жазыңыз