кітаптан алыстағанымыз имандылықтан алыстағанымыз

– Аятжан мырза, Әл-Фараби ғұламамыз: «Тәрбиесіз берілген білім дүниеге апат алып келеді» дегені бар. Тәрбиенің түп негізі – имандылықта екені даусыз. Бүгінде мектеп қабырғасында имани тәрбие беру жағы кемшін түсіп отырған жоқ па?

– Бүгінгі таңда біз тәрбиені ұранмен шатастырып алдық. Тәрбиелейміз деп ұраншылдыққа баулып кеттік. Сөз басқа, іс басқа. Тәрбиені құр сөздің деңгейінде,  әйтпесе, бір шоулар мен шулардың деңгейіне түсіріп алдық. Бұл мектептегі тәрбие болсын, қоғамдағы тәрбие болсын, ең бір ауыр дертке айналды деп айтсақ болады. Қарапайым тілмен айтқанда, білім саласындағы тәрбие – «мен тәрбие беремін» деп берілмеуі керек. Менің түсінігімде ол былай, мысалы, бір оқулықты алсақ, сол оқулықта имандылықтың, қазақылықтың иісі бұрқырап, өздігінен сезіліп тұруы керек. Бұл – нағыз сіңетін тәрбие. Тәрбиенің көзі болып саналатын Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті деп айтамыз ғой. Бірақ, көп мемлекеттердің идеологиясы барлық оқулықтарынан, керек десеңіз, жаратылыстану пәндерінің өзінде «мен мұндалап» тұрады. Тәрбие дегеніміз – міне, осы! Осы нәрсені әрбір ұстаздың, оқулықтың, ұжымның бойына сіңіруіміз керек. Яғни, сөз бен іс бірігу керек.

«Жігіттің үш жұрты бар» деп айтамыз: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, жігіттің өз жұрты мен қайын жұрты бір-біріне күреңқабақ болып, бір- бірін көрген кезде атарға оғы жоқ болып отырса, ол жігіттің шаңырағы ешқашан көркеймейді, ортасына түседі. Дәл осы нәрсені мен оқушыларға келгенде айтамын. Оқушының да үш жұрты бар. Олар: отбасы, мектеп және қоғам. Бүгін осы тұлға тәрбиелейтін үш жұрт қалай деген кезде қарным ашады. Мектеп ата-ананы, ата-ана мектепті кінәлайды. Қоғамның жартысы ата-ана жақта, жартысы мектеп жақта. Баланы тәрбиелейтін ұстаз бен ата-ана бір-бірімен өлердей жау. Ата-аналарымыз ұстаздарымызды көзге ілмейді. Күллі ата-анаға топырақ шашқаным емес, бізде қалыптасқан үрдіс боп барады. Бұл неге әкеледі? Сіз біреудің ақылын тыңдауыңыз үшін оны сіз санаңызда белгілі бір деңгейде сыйлауыңыз керек. Сыйламаған адамыңыздың, дұшпаныңыздың ақылын ешкім тыңдамайды. Ата-ана ұстазды құрметтегенде ғана оның баласы сол ұстаздан тәлім-тәрбие, білім  алады. Біздің ата-аналарымыз үйінде отырып алып ұстаздарды жамандайтын болса, баласы ұстаздың үстінен секіріп қарайды. Одан кейін тәрбие болмайды. Отбасындағы тәрбие мен мектептегі тәрбие ұштаспаса, тұлға қалыптаспайды.

– Ата-аналарымыздың сөз етіп отыруының бір себебі ұстаздарымыздың деңгейінің төмендеп кеткенін білдірмей ме?

– Кез-келген нәрсенің екі жағы болады. Бір жағынан келіскенмен, бір жағынан келіспеймін. Қазақстандағы 500 мыңға жуық ұстаздардың барлығы білімсіз деп айтпаймын. Қаншама ұстазбен жұмыс жасап жүрміз, небір білімді ұстаздарымыз бар. Білімсіздер тағы бар. Біз неге қоғам білімсіздерді сынай береміз? Білімділерді көрсетпейміз?.. Білімді бір ұстазды мақтап көкке көтеріп жатқан ата-ана болмайды да, білімсіз ұстазға қоғам болып жабылады.

Бұл жерде қоғамның, қоғамның ішінде журналистердің кінәлары басымырақ. Бүгінгі таңда бәріміз әлеуметтік желінің, бүтін ақпараттық сайттың тұрғынымыз. Ақпараттық сайттан бір жылға мониторинг жасап көріңізші, ұстазды қаралаған мақала көп пе, ұстазды бағалаған мақала көп пе?Үздік ұстаздарды жарнамалаған, үздік қазақстандық шәкірттерді жарнамалаған басылым көп пе, даттаған басылым көп пе? Өкінішке орай, жамандау мен даттау көп. Сондықтан қоғам өзі жиіркеніп кетіп бара жатқан тұста біз барынша жиіркендіріп жатырмыз. Нашар маман барлық салада жетіп артылады. Жамандай берсек, сол салаға деген жас өскіндердің қызығушылығы туа ма? Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ біз күнде тепкілеп жатқан ұстаздыққа бара ма? Әрине, жоқ.

– Сөзіңіз аузыңызда, бір белгілі ағамыз: «Оқушы ер балаларда еркектік қасиет бұрынғыдай емес сияқты. Олармен қалай сөйлесеріңді білмейсің. Ұрысқақ, тырысқақ – жігер жоқ!» деген еді. Мұның бір себебі, мектепте ер мұғалімдердің аздығы мен апайлардың көптігінен емес пе?

  • Бүгінгі балаларымыздың рухсыздығы туралы айтатын болсақ, мектепті айтамыз ер адамның тәрбиесі жоқ деп, негізі отбасында да ер адамның тәрбиесі жоқ. Заманды әйел билеп кетті. Отбасында отағасын сыйламайтын иманы төмен анасынан тәрбие алса, отбасында барлық нәрсені әйел шешсе, одан шығып, бастауышқа бардық. Қазақстан бойынша, бастауыш сыныптарда ер мұғалімнің саны қырыққа да жетпейді. Бастауыш сыныпта әйел мұғалім тәрбиелесе, одан кейінгі буында да ер мұғалімдердің саны аз. Бесікте жатқан баладан 18 жасқа дейін әйел адам тәрбиелесе, біз одан жігер күтуіміз – ақымақтық.

– Ендеше, ер мұғалімдеріміздің дені құрылыс пен саудаға кетіп, мектептен безуінің себебі неде?

– Ең бірінші себебі, экономика. Мұғалімдік жалақымен отбасын асырау мүмкін емес. Отағасы отбасын асырау үшін барынша ақшасы көп жұмыстарға кетіп жатыр. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Екінші себеп, мектептегі басы артық шаруалар мен қағазбастылық. Ер адам мектептегі қалың қағаз бен басы артық шаруамен отыз жыл жүруге жүйкесі жетпейді. Отыз жыл жүруге жүйкесі жеткен ер адамның өзі – әйел адамнан ары жасық боп кетеді. Өйткені, бізде марапаттаудан гөрі желкеге міну басым.

  • Мәселен, өзіңізге бір сұрақ, халықаралық деңгейдегі жүлде алған спортшыларды атай аласыз ба?
  • Иә.

– Халықаралық деңгейде жүлде алған әншілерді атай аласыз ба?

– Иә.

– Халықаралық деңгейдегі пән олимпиадаларынан жүлде алған оқушыны атай аласыз ба?

– Бұл жағынан ұяттымын.

– Міне, біздің дертіміз осы. Қазақстанда жоқ емес, бар. Ондай оқушылар жүздеп табылады. Мысалы, дүниежүзілік пән олимпиададан екі рет алтын алған тараздық Әшім Қайрат деген бала бар. Қазір Америкадағы Massashusetts institute tehnology университетінде оқиды. Бірақ, бір қазақстандық танымайды. Біздің дәріптеу кемшілігіміз осы. Оның ұстазын, сол жетістікке жеткізген жетекшісін ешкім танымайды. Бір боксер тәрбиелеген бапкерді немесе әнші тәрбиелеген продюссерді бүкіл Қазақстан таниды. Егер біз жақсымызды жарқыратып көрсете білсек, онда бұл салаға да қызығушылық оянады. Қызығушылық туғаннан кейін, бұл салаға үздіктер барады. Үздіктер барғаннан кейін, бұл саланың дерті оңалады. Ол кезде ер адамдар да көңіл бөле бастайды. Өзінің сүйікті кәсібімен айналысқанды кім жек көреді. Әрбір қазақтың баласын тәрбиелеу ерекше бір ләззат қой, қарындасым-ау..

– Аятжан мырза, қазіргі кездегі әртүрлі жат бағыттағы діни түсініктер қоғамымызда белең алып  жатқан шақта, олардың алдын алу шаралары сіздіңше қандай болмақ керек?

– Ұлттық тәрбиені тамырға сіңіру керек. Біздің әрбір құрал-жабдығымызда ұлттық тәрбиенің иісі аңқып тұруы керек. Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеге:ұят болады, жаман болады, обал болады. Жаман болады десе есікті кермедік, күлді баспадық, ұят пен обалдың парқын ажырата білдік. Осындай қазақы тәрбиені баланың бойына сіңіру керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Діни ағымдардың алдын алу туралы мектептерге дінтану деген пән енгіздік. Бірақ, сол пәннен сабақ беріп жүрген мұғалім дінді тани ма? деген сұрақ мені мазалайды. Мектептегі дінтанудан беретін дінді, абайтанудан беретін Абайды, алаштанудан беретін алашты танитынына кейде күмән келтіремін… Бүкіл қазақстандық мектептерді қамтитын дінтану мамандарын шығара алдық па? Мектептер түгілі, мешіттерді толық дінтану мамандарымен қамти алмай жатқан жоқпыз ба?! Мектепте дінтану саласының мамандары мүлдем жоқ деп айтуға болады.  Ақ пен қараны айырып беретін жан жоқ жерде, өзінің дұрыс деген жағына кетеді. Екінші, діни ағымның әсер ететін бір жағы әлеуметтік желілер. Оқушылардың әлеуметтік желілерді қолдануына шексіз мүмкіндік бердік. Зерттеу жасап көрдім, қазақстандық оқушылардың 98 пайызы Ресейдің «В контакте»  желісіне  кіреді. Бұл желіде адам өзін-өзі қалай өлтіруге болады, қалай үйден қорықпай секіріп кетуге болады,қалай жіпке асылып өлуге болады деген сияқты видеосабақтар бар. Біздің өзіміз ашып көруге болмайтын порно дүниелер бар. Ал, бұған кім тосқауыл қойып жатыр. Біз, оқушыға еркіндік беріп қойдық. Дәл осы желіде діни ағымдардың небір топтары бар. Мемлекетте жұмыс жасауға тыйым салынған ағымдардың өкілдері күніге бәлен пост жазып отыр. Ол топтарды оқитын оқырмандар ретінде біздің оқушылар өріп жүр. Біз оқушылардың діни тәрбиесінің алдын аламыз десек, діни ағымдардың алдын аламыз десек әлеуметтік желілерге оның ішінде біртұтас  «В контакте» желісіне шектеу қоюымыз керек. Бұл мен байқаған мәселенің екінші жағы.

– Шектеу керек дегенмен, баламыздың қасында 24 сағат отыра алмаймыз. Осы тұста имандылық өте маңызды. Адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың  бірі – көркем мінез дейміз. Баламыздың бойына мектеп жасынан бастап көркем мінезді сіңіре білсек, имандылығы толысқан бала өздігінен-ақ жамандықтан жиренетіні анық. Егер имани тәрбиесі бүтін болмаса, қанша шектеу қойғанмен, келесі бөлмеде баламыздың не көріп отырғанын білмейміз ғой…

– Дұрыс айтасыз, шектеуді белгілі бір мөлшерде ғана тыюымыз мүмкін, біртұтас шектей алмаймыз. Мемлекет ретінде шектесек деген өзімнің тілегім бар. Тек мектепте ғана емес, үйде де имандылық туралы айтайық. Үйдегі тәрбие мен мектептегі тәрбие үндес шығу керек. Ата-ана мен ұстаз үнемі ақылдаса отырып, баланы зерттей отырып, тәрбиелесек ұтылмаймыз. «Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» деген. Біз егер кітап оқысақ, баламыз да кітап оқуға бейімделеді. Өзіміз имани дүниелерді көп орындасақ, баламыз да соған қарап сезінеді. Аузымыздан ағымыз бұрқырап, имани тәрбие туралы сөз етсек, ол қалай сіңеді?.. Баланың айтқанды емес, көргенін істейтіні әу бастан белгілі. Жапондарда мынандай тәмсіл бар: «Әкесі жұмыс істеп, баласы қарап отырса, немересі қайыршы болады,» — дейді. Шындық осы.

– Қазақстанда 11 млн қазақтың бір пайызы да кітап оқымайды деген деректер келтіріліп жүр. Әдебиет пен журналистика саласында жүрген жастардың бір бөлігі ғана оқитыны жасырын емес. Жастарымызды күнұзақ алақандай көгілдір сәулеге телміруден рахат іздейді деп жазғырамыз. Кезінде «Жұлдыз» журналын қойшы да қонышына салып жүріп оқитынын үлкендерден естіп өстік. Жалпы біз неге оқудан қалып барамыз?

– Нарықтың заманына шыққан кезде көп нәрсенің парқын білмей қалдық. Көптеген кездесулерде ең алдымен сұрайтыным: – Соңғы бес жылда бес роман оқып бітірген адам бар ма?Бір роман оқыған адам бар ма? Сонда 50 адам отырса, бір-екі адам ғана қолын көтереді. Көрдіңіз бе, біз өзіміздің ішкі дүниемізді жоғалттық. Ішкі дүниемізді ізгілікке, имандылыққа тәрбиелейтін —  кітап. Кітап  оқудан қалдық. Екі дүниені салыстыра алмайтын адам бір нәрсенің жетегінде кететіні анық. Ал, салыстыра алу үшін іздену, кітап оқу – өте маңызды. Менің өзіме салса,  қоғам шулап кетер, шулап кетсе де айтайын, егер әр түлекке қазақ тілін сапалы меңгерткіміз келсе ҰБТ-ға қазақ тілін емес, қазақ әдебиетін кіргізіп тастар едім. Әдебиетті оқып түсінген адам, ол қазақ тілін шынайы білетін адам. Жалғау мен шылауды ажырата алмай жүргендер қазақ тілін біледі деп айта алмаймын.  Бізге батырлар жыры қалай жетті? Ауыз әдебиеті арқылы ғасырдан ғасырға жетті. Бүгін бес ертегінің басын құрап айтатын бір ата-ана тауып беріңізші?..

Имандылықтың өзіне келсек, бес уақыт намазды үйренеді де, мен имандымын деп айтатын қауым қалыптасып алды. Олардың діни, имани білімі қаншалықты? Ең алдымен иман келтіруге, санасына сіңіруге қаншалықты жұмыс жасады? Мәселе осында! Аузымызда басқа да, санамызда басқа ма?.. Бұл нәрсе жастардың бойында дендеп барады. Сөзімнің басында айтқандай, шоу мен шуға құмар боп барамыз. Адам қаншалықты жеңіл дүниеге бейімделген сайын соншалық тәтті ләззатты дүниелерден алыстайды екен…

– Кітап оқусыз тұлғалық қасиеттің қалыптаспайтыны айдан анық. Мысалы, бір кездері кітап оқып, араға жылдар салып оқымай кетсең, бір кездегі оқыған деңгейіңмен қалып кетесің немесе ол деңгейден де төмендеп өзіңді жоғалтып аласың. Кезінде  бір ұстазымыз айтушы еді: «Абай жолын 21 рет оқыдым, 21 рет оқығанда, 21 түрлі ләззат алдым» деп. Бұрынғы оқыған кітаптарды да қайталап оқығанның еш әбестігі жоқ-ау. Бұрын бала көзбен қарадық. Қазір, дана көзбен қарамасақ та, ойлы көзбен қарайтынымыз анық. Ойлы көзбен қарағанның артықшылығы кітап оқудың ләззатын ерекше сезіну арқылы керегіңді бойыңа сіңіре аласың…

– Гүлжаз, өте жақсы айттыңыз. Өз басым Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романын жеті мәрте оқыдым. Бірінші рет оқыған кезде адам  оқиғаның желісімен кетеді. Екінші, үшінші рет оқығанда ғана терең үңіліп, керегіңді бойыңа сіңіре бастайсың. Сәбит Мұқанов айтады ғой, «Шығарма жазуды хат жазудан бастаған едім» деп. Бұрын ағаларымыз оқуда, әскерде жүргенде 15 бет хат жазатын, оны үй ішіміз жабыла жылап-еңіреп оқитынбыз. Сосын 15 бет жауап жазатынбыз.  20 ғасырдың сауатсызы хат танымайтындар болған болса, 21 ғасырдың сауатсызы – ойын қағазға түсіре алмайтындар. Мұнымен айтпағым, артық кітап – білімде. Кітаптан алыстағанымыздың бір бейнесі осы. Кітаптан алыстағанымыз – тәрбиеден, имандылықтан алыстағанымыз. Оқудан ғөрі сөйлеуге, тыңдаудан гөрі айғайлауға бейім боп барамыз. Батырлар жырын білу әдебиет саласындағы мамандардың шаруасы сияқты болып қалды. Қай маман иесі болсақ та, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жатқан адам екенімізді ескеріп, ұмытпауға міндеттіміз.

– Аятжан мырза, бүгінгі таңда қит етсе жастарды кінәлауға дайын тұрамыз.  Күнделікті  өмірде үлкендердің әрекетіне қарап өзіне тәрбие керек пе деп қаласың?!.. Тәлім алатын үлкендеріміздің оғаш әрекетінен кейін жастарды кінәлау орынсыз емес пе?

– Бір қатты құрметтейтін мектептің директоры айтып еді: «Бала тәрбиесін ата-ана тәрбиесінен бастауымыз керек» деп. Ол рас. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» дегендей, кейде үлкендердің  қылығына жаның ауырады. Тәрбие беретін жаста мұнысы несі екен, деп, шымбайымызға батады. Десек те, тәрбиені  бір адам жүргізу мүмкін емес. Сіз, балаңызды өзім ғана тәрбиелеймін дегеніңіз, өтірік. Телеарнаның тізгінінде отырған адам болса – экранын түзесін, сайттың тізгінінде отырған адам болса – контентін дұрыстасын, әлеуметтік желіде отырған адам болса – постын дұрыстасын, үйде отырған ата- ана болса – сөзін, ісін дұрыстасын, мектептегі мұғалім шынайы жүріс-тұрысын дұрыстасын. Тәрбие үшін әрбіріміз жауаптымыз.

– Қыздарымызды иманжүзді етіп тәрбиелеуге міндеттіміз. Алайда, күнделікті өмірде, қоғамдық көліктерде мектеп формасымен жүрген оқушы қыз балаларымыздың бетінен, тырнағынан бояу көреміз. Мектептен қайтқан беті екені көрініп тұр… Қыз баласы үйден шығып бара жатқанда ата-анасы да, мектепке келгенде алдында отырған шәкіртінің бояуын ұстазы да көрмегені ме?

Бұған екі себеп, қазір баланың құқығын қорғайтын заң бар. Ол заңның қазір оң жағын емес сол жағын пайдаланып жатырмыз. Мұғалім балаға: «Бетіңді неге бояп алғансың, жуып кел» деп айғайласа, сол сөзі үшін, жұмыстан кетіруге дайын тұрған ата- ана бар. Боянған баласын ақтап алады. Қарға баласын аппағым дер, кірпі жұмсағым дер. Қазақ ертеректе мектепке баласын «сүйегі менікі, еті сенікі» деп беретін. Қазір еті түгілі, бір тал шашына тиісе алмайсыз.

Сонда мұғалімнің мектепке боянып келуге болмайды деп айтуға құқы жоқ па?

-Айтуға құқы бар, жазалауға құқы жоқ. Талай дарынды мұғалімдер кейбір тентек оқушылардың қолжаулығы болып мектептен қуылып кетті. Екінші жағы, «қызым үйде, қылығы түзде» дегендей, сіз көрген бала мектептен шыға сала боянып алуы әбден мүмкін. Оған себеп не? Оған себеп, «Вконтакте», «инстаграмм» желісіндегі жұлдыздардың қалай киініп, қалай боянғанының әсері. Соларды құрметтейді, фанаты, тыңдайды. Соған қарап тәрбиеленіп жатқан ұрпаққа несіне өкпелейсіз. Сонымен қатар, қай жерде болмасын жұлдыздардың дәріптелуі, жарнамасы жүріп тұр.

Мұғалімдердің құқығы мен міндетін айқындайтын заң болуы керек. Ең болмағанда оқушыны 45 минут орнынан тұрғызып қойып жазалайтын мүмкіндігі болуы керек. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп бекер айтпаса керек-ті. Баланы мүлде үйде де, мектеп те де жазаламау түбі жақсылыққа апармайды.

– 2016-жылы – ЮНЕСКО көлемінде «Қожа Ахмет Яссауи» жылы боп жарияланды. Жалпы ислам ғұламаларын өз деңгейінде дәріптей алып жүрміз бе?

– Жоқ! Жоқ деп кесіп айтамын. Неге? Қазақтың жеріне дін таратқан ислам ғұламалары тарихта қаншалықты орын алып тұр? Мектептің тарих оқулығын алып қарап көрсеңіз, ары кетсе үш параграфтан аспайды. Оған берілгені өмірбаяны және  не жаздыдан аспайды. Дін ғұламалары ғана емес, қазақтың арғы бергі тарихындағы тұлғалардың өзі өмірбаяндық деңгейден аспай жүр. Оған сараптама жасалу, биік деңгейін көрсету жағы әлсіз. Бұл – бір. Екінші, әдебиетіңізде үзінділер мен қысқа шолулардан аспай жүр. Үшіншіден, тарихымыз бен әдебиетіміз де ҰБТ -да келетін бірыңғай даталар мен хронологиялардан аспай жүр. Бала беске оқуы үшін сараптау, зерделеу  жағын үйрену қажеті жоқ, тест жаттаса ғана болғаны, ол білім бе? Ақпарат па? Қазақтың кез келген мақалы – ғылымның заңдылығы.  Химик ретінде айтайын, қазақта: «суды су кетіреді, майды май кетіреді» дейді. Химияда дәл соның заңдылығы «полярлы молекула полярлы молекулада, полярсыз молекула полярсыз молекулада ериді» деген бар. Екеуі бір сөз, бір заңдылық. Осы мақал-мәтелдерді заңдылықтар тұсында кірістірілсе, міне, тәрбие. Ең тамаша тәрбие дегеніміз осы еді.   

– Түйін сөз..

– Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі. Отбасынан, мектебінен, ізгілікті, имандылықты, жақсылықты, әлсізге қамқор болғанды сезініп өскен бала, кейін, өз ортасында, қоғамда сол көрген тәрбиесін іске асырып ұштастырады. Отбасында имансыздықты – әкесінің аузы бұрқырап, бөтелкесін құшақтап жатқанын, анасы әкесінің бетінен алып отырғанын көріп өскен баладан,  тұлғаны тыңдамайтын ұрпақ туады.

 Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА

e-islam.kz

3427 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *