«КВАРТИРАНТТЫҢ» АРМАНЫ

Қаладан қыстау іздеп жүрмін…

Қазақтың кешегі дәуірдегі көктеу, жайлау, күздеу мен қыстау атты ұғымдары санамызда бүгін қайта жаңғырды, бірақ басқаша болып. Неге демеңіз, бір апта болды ғаламтор беті мен жарнама газеттерін тінтіп отырмын, іздегенім — қыстау, қыстау болғанда, отарлап мал айдап, жамбастап жатып соғым жейтін емес, құшақтап, баламды алып, қысылып қыстан шығатын, жалдап алып, жалақының жартысын беретін қыстау, бірақ таптырмайды- ау, шіркін!

Кешегі күнде даланың қазағы көшпенді еді, бүгін қаланың қазағы көшпенді. Екеуінің сипаты екі басқа, бұрынғысы өз еркімен, ал бүгінгісі қожайынның бұйрығымен не қалтаң жетпегеннен. Кешегі көш – серуен, қуаныш, жаңа жұрт. Бүгінгі көш – қайғыру мен түңілу, жаңа жұт.

Мен таңғаламын,  Астанада қазір бір бөлмелі пәтердің айлық ақысы 100 мың, екі бөлмелі 140 мың ары қарай кете береді…

Сонда бұл сомаға қарап отырып ашуланасың, күйінесің кейде таңғаласың, жаның ашиды…
Ашуланатының: айлығың — 70 мың, пәтерақың — 140 мың…
Күйінетің: пәтер іздегеннің бәрі қазақ…

Таңғалатының: үй иесі кім және айлығы жетпейтін пәтерге кім, қалай төлеп тұрады?

Жаның ашитыны: өзіміз секілді мұғалімдер, дәрігерлер, тағы сол секілді айлығы шайлығына жетпейтін барын жоғымен, қарызын түсер айлығымен ептейтіндер…

Кеше Қасым ағамыз:

Бермесең, бермей — ақ қой баспанаңды,

Бәрібір тастамаймын астанамды, – десе, бүгін біз:

Әке, мені ауылға шақыршы,

Шуылдан әбден шаршадым,

Қалада бәрі сатулы,

Қажытады барша мұң.

 

Төсекте жатсаң дөңбекшіп,

Төбеңде тұрар бес қарыз.

Асығып ұшып еңбек қып,

Орындалмас, сірә бес парыз.

 

Үйде сүт пен айран жоқ,

Қызың жүр құр су ішіп,

Қаладан мына қайран жоқ,

Түк татырмас тырысып.

 

Шаршадым, әке, шаршадым,

Жүйкем де кетті жұқарып,

Иісі қайда аршаның,

Әкелші, әке, жұталық! – деп жүрміз, бұл тірлік қашанғы жалғасар екен?…

Кең Қазақстаннан әр қазаққа тар да болса баспана қашан бұйырар екен?

Достар, жалдайтын пәтер болса, айтыңдар…

БАЛА МЕН ИТТІҢ ОРНЫ БІР МЕ?

 Алдыңғы апта ат сабылтып жалдайтын пәтер іздедім, жалақым жалдайтын пәтердің жарты айлық құнынына жетпесе де, жар құлағым жастыққа жетпей жарты ай телефон құлағы мен ғаламторға тыным бермедім. Айтпағым бұл емес еді, қыстау іздеп жүргенімді бұдан бұрын да жазғанмын.

Адамдардың ұяты кеткен секілді ме, білмедім, пәтер жалдаушының өзі, кейде делдал деген кісінің телефонын шырылдатып кеп сөйлесеміз, сол сөйлескен кездегі диалог былай өрбиді:

– Алло, саламатсыз, жалдайтын пәтер керек еді…

– Неше бөлмелі?

– Бір немесе екі

– Бар, айына 120 мыңнан бастап…

– Көруге бола ма?

– Кім тұрады?

– Өзім отбасыммен.

– Ит бар ма үйіңізде?

– Жоқ, пәтерде итпен бірге ит болып тұрғаннан құдай сақтасын.

– Үйде мектеп жасына толмаған бала бар ма?

– Бар

– Неше жаста?

– Біреуі үште, біреуі жарты жаста.

– Жоқ, онда үйді сізге бере алмаймыз, бізге балалы адам керек емес.

– Алаңдамаңыз, бүлдірсе, жөндеп береміз…

– Жоқ, баламен алмаймыз.

Телефон тұтқасын қоя салады. Баламен десе, итпен дегендей шошитыны несі бұлардың? Өздері бала болмап па? Қарғауға аузың бармай, күйіп-жынданып тоқтайсың. Е, дүние, бұл күнгі пенделердің ниетінің тарылғаны соншалық, балаңның болмағанын тілейді. Осындай есерсоқ үй иелері шаршатты.

Әйтеуір ай соңынан асырып, жаңа айдың басында таптық бір қыстау. Балалы үйге пәтерін беруге келісіп, бір мұсылман шықты. Оған да тәубе…

Көшпендінің арманы орындалды уақытша, қуаныш қаншалықты жалғасарын кім білсін? Бір Алла ұзағынан сүйіндірсін!

2013 жылы қараша

Астана

921 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *