АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

ТҮС (Сатиралық әңгіме)

ТҮС  (Сатиралық әңгіме)

Ұшақ терезесінен сыртқа көз тастап отырмын, шексіз кеңістік, шебер жаратылыс, құс боп ұшқың келеді. Қиялдап отырып қалғып кетіппін. Өзім кеңістікте емес, қиялым кеңістікке ұшқан секілді. Түс көріп кетіппін…

(Ескерту, бұл Бейбіт Сарыбайдың сатирасы емес, Аятжан Ахметжанның шын түсі. Бейбіт ағаға еліктеу де, ой ұрлау да емес. Жай көрген түсті көз алдыға келтіру).

Бейбіт аға, президент пен премьердің алдында шай ішіп, қабылдауында  халықтың сөзін сөйлеп отырса, менікі сәл басқашалау.

Үстімде көк костюм, мойнымда галстук, қолымда папка, шашымды Болат Жәмішовше тақырлап қырдырыппын, кеудемде «статиска агенттігі төрағасының бірінші орынбасары» деген шенім жазулы шенеуник боп шыға келіппін.

Бағытым – парламент үйі, міндетім – халық қалаулыларының алдында есеп беру. Тақырыбым: «Еліміздегі халық санағы және халықтың әлеуметтік ахуалі».

Парламент депутаттары жиылып алған, мені күтіп отыр, кіріп бардым да өзіме арналған микрофон алдына барып депутаттарға қарсы қарап отырдым, бір түрлі ыңғайсыз, басым тоңып тұрған секілді.

Шынымен, депутаттар емес, халық қалаулылары секілді көрінді маған, игі жақсы мен жайсаңдардың арасына келгендей сезініп кеттім. Тура ортада ақын Мұхтар аға Шаханов, қасында жырау Бекболат аға Тілеухан, одан ары қарай айтыскер Айбек аға Қалиев, саясаттанушы Айдос Сарым, жазушы Думан Рамазан, ақын Дәулеткерей Кәп, тағы басқа кілең бүгінгінің ғұламалары, мәжіліс спикері, саясаткер, алаштанушы ғалым Ерлан Қарин.

Бір қарасам, ішінде менің досым, ешкімге танымал емес химик Нұрбай Нұрсапа отыр.

– Ей, сен неғып отырсың мұнда? – дегендей иегімді көтеріп ем,

– Артынан сөйлесеміз, бастай бер, ағалар манадан күтіп отыр, — дегендей бір нәрсені ол да ымдады.
Мен бастап кеттім.

– Қадірлі халық қалаулылары! Құрметті Парламент төрағасы Ерлан Тынымбайұлы, – деп кезек-кезек қарап, жөткірініп алдым да, қағазыма қарап оқып кеттім.

– Еліміздегі 2019 жылы жүргізілген соңғы санаққа негізделгенде, Астана және Алматы қалаларының жан саны 2,5 милионнан асты, ал, қалған он төрт облыстың орталықтарының ең үлкені Шымкентте 2 миллионға жуықтаған, ең кішісі Қызылорда қаласында 1,2 миллион. Ал, екінші деңгейлі Түркістан, Семей, Арқалық, Жезқазған, Теміртау, Байқоңыр және Жаңаөзен қалаларында 600-700 мыңның арасында. Қалған он бес милионнан астам халық ауылдар мен моно қалалардың тұрғындары боп саналады. Санақ комитетінің соңғы берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан халқының қазіргі жан саны 42 миллион 128 мың 312 адам, бұның ішінде 93 % -ы қазақтар, 4,1 % — ы өзіміздің түркі тектес туысқан ұлттар, 2,3 % — ы — славян тектес ұлттар, қалған 0,6 % -н басқа этностар мен ұлыстар құрайды.

2010 жылы іске қосылған Астана — Бурабай 260 км — лік жолына қоса санағанда жоғары қарқынды, бір бағытта үш машина емін — еркін қатынайтын автожолдың ұзындығы — 23 мың 780 км. Бұл алдағы жылдары ауылдарды толық қамтиды деп күтілуде.

Ал, білім беру ісіне көшсек, мемлекеттік бюджеттің ең үлкен бөлігі осы салаға жұмсалып, бұл күні екі ауысымда жұмыс істейтін ел көлемінде үш мектеп қалды, жарты жылда оларда бір ауысымға көшуі үшін жаңа мектептер салынуда. Еліміз бойынша орыс тілінде оқытатын — бес, ағылшын тілінде оқытатын – үш мектеп бар, қалғаны — қазақ тілінде оқытатын мектептер. Білім беру көрсеткіші бойынша, соңғы үш жылда әлем бойынша алдыңғы үштіктеміз.

Ал, халықтың жұмыссыздық көрсеткіші — 0,01 %, оның өзі бала күтіміндегі әйелдер. Еліміздің медицинадағы жеткен жетістіктерінің арқасында халықтың орташа жасы соңғы он жылда он жасқа ұзарды. Әлеуметтік саладағы мәселелер толық шешіліп, халық толық баспанамен қамтылғандықтан, бұрынғы үй жалдап ақша табатындар бұл күндері пәтерлерін елімізге келген қандастарға сыйға тартып жатыр. Халықтың өмір сүру деңгейі әлемдік алдыңғы ондыққа табан тіредік», – деп ұзақ сөйлеп барып, баяндама статистика агенттігінің 2023 жылы 8 желтоқсанда өткен қорытынды отырысындағы нақтыланған құжаттар бойынша дайындалды, агенттік төрағасы Жақсылық Орынбасар, 2023 жыл 20 желтоқсан.

Жақсылық Орынбасар, ойбай, масқара әлі де сыбайластықты қоймаппыз-ау, бастығым ескі досым екен ғой, менің досым кезіндегі Ұлттық банктің төрағасы Марченко секілді дөкей-ау шамасы, мәжіліске орынбасарларын жұмсап қойып, өзі қызық көріп отыра беретін — деп сүріп кеткен қиялымды Мұхтар аға бұзды.

– Қалқам, Аятжан інім, бізді бір қуантып тастадың, мың рахмет. Құрметті әріптестер, менің жасым болса сексенде, менің арманым осы еді ғой, менің айқайым осы күн үшін еді ғой, енді мен құрметті зейнеткерлікке кетейін, саяси емес, тұнық поэзиямды жазып дем алайын, – деді.
Бәрінің жүзі манағыдай емес, күлімдеп отыр.
Сөзді Бекболат аға іліп әкетті:

– Ассалаумағалейкум, құрметті әріптестер! Шүкір, шүкір, осының бәріне сабырмен жеттік, салиқалы саясатпен жеттік. «Нұрлы жолмен» жеттік, алдағы күндерге де Алла берекесін берсін. Енді, Алла қаласа, мәдениет саласы туралы да жақсы жаңалық күтеміз, әлемдік телеарналардан біздің киносериалдарымызға тапсырыстар қабылдаймыз, – деп тездетіп сөйлеп, иегін бір сипап қойды.

Арт жақта отырған Мұрат Әбенов әңгімеге бас ауыртқысы келмегендей, қолындағы «айфон 12+»-пен селфи жасап, суретке түсіп отырғанын көзім шалды. Бәлкім, инстаграмға сурет салып отырған шығар, оның инстаграмында бес мың оқырманы, елу мың суреті бар адам ғой, әркім өз деңгейінен хабар береді ғой, – деп ойлаған болар, баршасы елемеді. Келесі сөзді Айдос Сарым бастады:

– Негізінде Алаш армандаған, біз тірі болуымыз керек, тірі болу үшін ірі болуымыз керек деген, ірі күнге, халқымыздың сапасы мен саны қалыпқа түскен тамаша күнге енді келдік, мен енді ана Әміржан Қосанов ағамызға хабарласайын, енді бізге оппозиция керек емес, енді келсін қатарға, ол кісілер бас ауыртатын дүние қалмады, – деді. Мәжіліс спикері де мақұлдағандай бас изеді де, бағанадан жымиып отырған Айбек ағаға қарап,

– Айеке, жымиып отырғаныңызға қарағанда бірдеме дегіңіз кеп отыр-ау, – деп еді, Айекең күлді де:
– Баяғыда әлгі Балғынбек досым «халықтың жағдайы жақсарса егер,

Айбектің айтыстары нашарлайды» деп еді, — сол заман келді, маған енді айтыспен қоштасу керек, айтыстың Асан қайғысы атанып, енді айтатын проблема жоқ болды ғой», – деп еді, айтыстың басы қасында біраз жүрген Бекең:
– Дұрыс, айтыс енді елдікті, бірлікті, ынтымақты жырлау керек, тәуба, шүкір! – деді. Әңгіменің басқа арнаға бұрылып, ресми жиналыстың бейресми арнаға бұрылып бара жатқанын сезген Ерлан Қарин:

– Жә, әріптестер! Құрметті орынбасар төраға Аятжан мырза, қорыта келгенде, – дей бергенде, «Аятжан, тұр, келдік, тұр!» — деп, қасымдағы сапарласым түрткенде:

– Қорытындысын тыңдайық та, қорытындысын, – деппін шошыған мен атып тұрып, — Ее, халық саны бәрін шешер еді, тым болмағанда халық саны түс емес, өң болсайшы, алты жылдан соң, – деп күрсіндім. Не айтып кеткенімді түсінбей қалған досым түсімді сұрады, мен баяндадым.

Иә, баяғы бабаларымыз халықтың ұсақтағанын көрсе, біз ірілегенін көрдік. Алла қайырын берсін!

2014 жылы, қараша

Чехия

Taggs:
Пікір жазыңыз