ҮШІНШІ БӨЛІМ, Мәңгі жыр

 

 ТӘУЕЛСІЗДІК

 

Бойымда бір ыстық қан,

Жадымда ұлы жаңғырық.

Көзімде жасым қыстыққан,

Өз жерімде өзге боп,

Өз үйімде қаңғырып.

Айырып ұлы ұлттықтан,

Бабамды еткен әңгүдік.

Өз үйінде құл тұтқан,

Етектен алып есер кеп,

Есімнен кетті тандырып.

 

Тек өздерін дүр тұтқан,

Қарашығын қан қылып.

Жамандық іздеп жыртықтан,

Қоқысты келіп түртпектеп,

Қорқаулар жатты таңға ұлып.

 

Кімде бар деп ұлттық қан,

Қанішерлер қан жілік.

Тойып ішіп торсықтан,

Рухымды жаншып, ұсақтап,

Айдайтындай аң қылып.

 

Бір Алланы пір тұтқан,

Бабамда бар ед қандылық.

Ұрпағын демеп қолтықтан,

Сыбырлап келіп тіл қатты,

Бодан болма мәңгілік!

 

Қабағын түйіп қарт өтті,

Бодандық есін жимастан.

Найзағайдай жарқ етті,

Сәуле шашты тарихқа,

Алаш болып түнгі аспан.

 

Талай рет қанды етті,

Жүзін жуып алдыаспан.

Толарсақтан қан кешті,

Жасын ғұмыр жарқ етіп,

Желтоқсан болып үн қатқан.

 

Тәуелсіз бүгін таң жетті,

Қорқаулармен қоштасқан.

Рухын тіктеп жанды етті,

Жетпіс жылға жекіріп,

Үш ғасырын шаң басқан.

 

Тәуелсіздік ұлы ұғым,

Тамыры терең қазаққа.

Баянды болсын ұлы күн,

Шуағын шашып ұлтыма,

Нәлет айтсын азапқа.

 

 

 

 

НАМЫС

 

            Бір таң қалатын дүнием – қазақтардың орыстар тарапынан талай езгіге ұшырағаны тарихтан белгілі. Бірақ, сонда да солардың ығына жығылып, бәйек болып жататыны. Неге қазақтар орысша сөйлейді? Міне, маған осы жері мүлдем түсініксіз. Мүмкін, өткен тарихын жақсы білмей ме екен деген ой қылаң береді. Егер орыстардың этникалық қазаққа көрсеткен зорлық-зомбылығын білгенде орыс тілінде сөйлеуден жиіркенген болар еді.

            Сон Ен Хун (Оңтүстік Корея Ханкук университетінің профессоры)

 

Мұң қаптады,

Тұншығып жүрегімнің кіл қатпары.

Намыс деді,

Шала қазақ бірақ та тіл қатпады.

 

Таңғы аспан,

Білініп тұр сүркейлі түн ызғары.

Паң басқан,

Саясаттың қисаймай «құндыз жалы».

 

Ана тіл,

Тағы бар, қамаулы тас қамалда.

Дара тұр,

Қазақстан қасқайып қасқа жолда.

 

Ұлттық рух.

Жөргекте жатыр әлі тұншығып құр.

Бір тұғырлық,

Екі алыптың қасында қыстығып тұр.

 

Қайран қазақ,

Тіл, рух санаңда егіз қайғы.

Сайрандамақ,

Санаңда сандырақ негіз қалды.

 

Ана тіл,

Ұлттық сана, қазақи алып тағдыр.

Дін мен діл,

Бәрін де байқа, байыпта бір.

 

P.S.

Тексіздерге ес білмес,

Ана тіл ардақ дер едім.

Дауысым менің естілмес,

Қазақша сөйлеп келемін.

 

ЖЕЛТОҚСАНДЫ ЖЫРЛАЙМЫН

 

Қазаққа сыйлай алған азат күнін,

Аластап басындағы азап мұңын.

Бар қазаққа сыйлаған таң арайын,

Желтоқсанды жырлаймын азатты күн.

 

Бар қазақтың басқаға кегі кеткен,

Желтоқсанның ызғары бетін өпкен.

Қазақтың атқан бүгін таңдары үшін,

Желтоқсанды жырлаймын дүбірлеткен.

 

Егемендік ел болуға от жыр леп,

Әділетсіздік қиып өтер оқ бір бөлек.

Тәуелсіздік дабылын қағып өткен,

Желтоқсанды жырлаймын өткір тілек.

 

Жастық дүбір – желтоқсан көк күркіреп,

Айқасқан намыс үшін көп бір білек.

Ұлт намысы, қазақ деп айқайлаған,

Желтоқсанды жырлаймын өткір жүрек.

        

          ЖАҢАӨЗЕН

 

Жаңаөзен – жаңа желтоқсан,

Қазаққа қайғы, ортақ қан,

Бүлікішідік емес әсте ол,

Бұзақылықпен жол тапқан.

 

Жаңаөзен – жаңа шындық,

Қазаққа жаны ашырлық,

Атылған әр-бір оқ,

Жазылмас жара сұмдық.

 

Жаңаөзен – тәуелділік,

Ақталмаған әуелгі үміт,

Ұждансыз ұраншылдан,

Туылған әуен күдік.

 

Жаңаөзен – жаралы жолбарыс,

Шерленген ұлттық толғаныс,

Халыққа қарсы оқ ату,

Билікке биік қорғаныс.

 

Жаңаөзен – ашулы жолбарыс,

Табанға тапталған өр намыс.

Ар үшін аялсыз арпалыс;

Тақ үшін аяусыз алданыш.

 

Жаңаөзен – жасылдай,

Жалтақ емес, жат ұдай,

Жасын ғұмыр жандары,

Жанатта болсын а, құдай!

 

ОРЫНДАЛДЫ БАБА АРМАНЫ

 

Берекелі еді, мерекелі еді қазағым,

Бір қазаннан татып еді тамағын.

Ата жаудың қанды қырғын ойраны,

Сетінетті бірліктің биік қорғанын.

Кешегі баба қайғырды,

                         Қызыл қанға бөгеліп,

Ата-баба көргісі жоқ,

                         Қазағының тозғанын.

Аласапыран алмағайып кезеңде,

Талай баба тастап кетті,

                         Амалсыздан Отанын.

Талай баба тастап кетті,

Туып өскен,

                    Кіндік кескен орманын.

Екінші рет жоңғарлардың ойраны,

Айырылмауға қоймады,

         Іске асырмай үзді ғой,

                          Талай баба арманын.

Ақтабандай шұбырынды,

                           Алқа көлдей сұлама,

Жасап кетті, опасыздар ойранын.

Отанынан айрылды,

                       Қанжарлары қайрылды,

Іше алмай кетті,

Туған жердің саумал бұлақ,

                                           Айранын.

Аңсап кетті,

                 Шөлдеп кетті,

                                      Көрмей кетті,

Ұрпағының сайранын.

Табанынан тас батып,

                        Маңдайынан күн өтіп,

Асып кетті,

                 Айналып өтті,

Туған жердің тауларын.

 

Үшінші рет кешегі өткен ғасырда,

Не келмеді, халықтың мынау басына,

Кеңес тағы қысты ғой,

                         Ашаршылық түсті ғой,

Қазақтың кәрі, жасына.

Берсең бала өлетін,

                     Бермесең шалдар кететін,

Қилы заман қаратпады артына.

Балалардың басы үшін,

                   Кейінгі қазақ жасы үшін,

Қарамай кетті,

Туған жердің топырағы,

                                     Тасына.

 

Бір ұрпақтан берекелі тараған,

Бір қазаннан дәм татып,

                       Бір ортаға қараған.

Ер мінезді қазағым,

Көшіп жүріп,

                    Асып жүріп,

Талай-талай тауларға да тараған.

Талай-талай елдерге де қараған.

Ал бүгінгі бейбітшілік заманда,

Ел жұртым тыныш аманда,

Өз отанын тауып жатыр,

Қазақтарым жараған.

Күн өтті, айда кетті, жылдар өтті,

Аласапыран замандар алыс кетті,

Аңсаған,

             Бабаларым армандаған,

Отанға оралатын күндер жетті.

Ұрпақпенен толатын,

                     Бабалардың арманы,

Отан жақтан бетімді самал есті.

Арайланып ататын көктем келіп,

Сүркейленіп жататын күздер кетті.

 

Еске ұстаған тарих қатпарларын,

Ұмытпаған ата-баба аттандарын,

Біз келдік бүгінгі күн ордалы елге,

Бойымызда бар шығар жатқан дарын.

Аңсап бір арман қуды бар қазағым,

Азат елден тараған шуағы атқан таңың.

Бар қазақты еліне елеңдетті,

Көк тудың аясында атқан бағың.

Оралыңдар, қазағым, ұлы Отанға,

Жояйық ажал тарих, ақ таңдағын.

 

ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

 

Оттан ыстық, Отанның ұлы есімін,

Алыстан аңсап,

                  Арнамнан тасып жетілдім.

Жалындап жанған жас кезде,

Боданы болып басқа елдің,

                  Келмейді менің кетілгім.

Бодандық бұзып құрсауын,

Жырлап Отан құшағын,

                  Көрсетіп күшін өр тілдің.

Арына мінген арлан боп,

Ішінде жүрсем арман жоқ,

                 Жалындап жанған өртінің.

 

Бодан елдің жатқанда дерті тасып,

Арай таңның шапағын серпіп ашып.

Ерлік жігер, қазақтың қаны тасып,

Еткен соң бостандықты Алла нәсіп.

Қазақтың жарқыратып жұлдыздарын,

Алдық, міне, тәуелсіздік бетін ашып.

 

Бұл күн деген Отанымның көктемі,

Жарқыраған жұлдыздары көктегі.

Бұл күн деген тәуелсіздік жаршысы,

Қазағымның егемендікке жеткені.

Республикасы қазақтың,

                     Мойындалған азат күн.

Өшкені жанып қайтадан,

                      Ұланы келер шеттегі.

 

Бұл күн деген тәуелсіздік бастауы,

Қазағымның жаңа басқан асқары,

Ән мен жырға толтырып,

                       Тәуелсіздік шашуын,

Көмкеріп жырмен шашқаны.

Егеменді ертеңге,

                      Шуақ шашқан аттаны.

Қазақтың мәңгі рухын,

                       Сүйе біл қазақ жастары.

 

 

ҚАЗЫБЕКТЕН ҰЯЛАМ ҚАБІРДЕГІ

 

Мен қазақпын, билері шешім айтқан,

Әділдікті айқындап кесіп айтқан.

Төрт-ақ елі арасы шын-өтірік,

Шын дүремен өтірікті осып айтқан.

 

Қасқа жолдың айрығынан дарын туған,

Ескі жолдың тілегі – елдік думан.

Жеті өлшеп бір кескен жеті жарғы,

Бейшараның басынан сорын қуған.

 

Мейірім мен жылулықтың жолы жуан,

Қазақы қанымда жоқ өлі тұман.

Абай да төрелігін ашып айтып,

Өтіріктің өрге баспас жолын буған.

 

Әділдікпен атқан қазақ әр бір таңы,

Бейбіт халық болған соң әр қырдағы.

Таразының екі басын тең басқан,

Дара көсем жандардың бәрі қазы.

 

Қисық кесім, мұңданды бүгін дала,

Боп барады әр пенденің жолы қара.

Әділдікті кесетін ақсақал жоқ,

Көбейіп бара жатыр сорлы бала.

 

Әділетсіз күндердің дерті қалың,

Желкесінен қиылды жеті дарын,

Шаханов шындық айтса шырылдаған,

Қадірін білмедік-ау, нар тұлғаның.

 

Ата-дәсүр амал не, лағыл еді

Аңқау тірлік салып тұр әбігерді.

Тентіреп қара қазақ қиналғанда,

Қазыбектен ұялам қабірдегі.

 

 

 

*** *** ***

 

Туған жерім жоқ жетімекпін,

Жетімсің деп айтпайды кесіп ешкім,

Кіндік қаным тамған жер отар болды,

Жүректе қалғаны тек оты кектің!

 

Ойыма қызынамын кектеніп бір,

Тауын да сағынам дерттеніп құр,

Ауылға барып қайту керек еді,

Ішімде бір сағыныш өртеніп тұр.

 

Көздегі айықтырмас тұманды ешкім,

Көз алдымда болашақ күмəн кескін,

Атамның басы қалған Ағаяздың,

Бұлағын да келіп жүр біраз кешкім…

 

Ол тау бірақ танымас мына мені,

Бөтенсініп тұратын құба белі,

Отар жұрттың оты сөніп бара жатыр,

Тағдыры менен де жар құлама еді.

 

Жатырмын сол далаға қош дей алмай,

Ағайын туыс түгел дос келе алмай,

Жусанын алдырар ем бір искейтін,

Көкем жүр көзімнен от көре алмай.

 

Сия алмай қорланам тас қалаға,

Жаныма десем де жат санама,

Өзегімді өксітер өлі ғұмыр,

Секілдене беремін басқа бала…

 

Жалғызсырау ақындық шығар өртім,

Жан бар шығар жанымның ұғар дертін,

Жан ұшырып тулағым кеп тұрады,

Ұлтымның көрген сəтте мынау кейпін…

 

Сол сəтте еске түседі жетімдігім,

Қақпады менің қайсар бетімді кім?!

Ащы дерті болса да көп қазақтың,

Осы өлеңді жазғанға өкінді ұлың!

 

Ұстаздық – ұлы мұратым

 

Өзі ғалым, өзі сері, өзі ақын,

Жеті өнерден шығарса да өз атын,

Барша адамға үлгі еткен ұлы ісі,

Фарабидің ұстаздық парасаты болатын.

 

Хан Абылай заңғар, биік кешегі,

Жырауларға шәкірт болып өседі.

Абылайдың бойындағы парасат,

Бұқар жырау ұлылығы деседі.

 

Болсам да мен жазушы аты – мәшһүр,

Бойымнан алыстамас ата дәстүр,

Ыбырайдан алыстап қайда барам,

«Кел, балалар оқылық!» — хаты қап тұр.

 

Ұлтыма ұлағатты бақыт сыйлап,

Хакімнің қара сөзі жақұт жыр нақ.

Абай да ұстаздыққа ден қойған-ды,

Қасына сөз ұғарлық шәкірт жинап.

 

Саясаткер болса да аты бөлек,

Ахметтің аталар аты да ерек.

Негізін салып кеткен ағартудың

Ұлт ұстазы атанған заты бөлек.

 

Әуезовтың әр томын әлем ұқты,

Қазақылық тұп-тұнық, дәлел мықты.

Шәкіртінен алатын шын шабытын,

Әуезов қаламынан әлем ықты.

 

Танытып рухының бекемдігін,

Арнаған оқырманға шекер жырын.

Жастарға сеніп кеткен Мағжанның

Халқы білер педагог екендігін.

 

Бір жағынан ақтарып кенін жырдың,

Бір жағынан шәкірттің белін будым.

Мәңгілік ел мұратқа жетсе екен деп,

Мәңгілік ұстаздықтың жолын қудым.

 

 

 

 

 

 

*** *** ***

 

 

Саясат – сары аяз,

Санамды құл еткен,

Көбік сөз, ой таяз,

Шықпаған жүректен…

 

Бүгінгі күй осы,

Қоғамның дерті ауыр,

Биліктің жүйесі,

Сенімсіз ол жауыр.

 

Қанағат қарын тоқ,

Пенделік озып тұр,

Санамда уайым көп,

Төзімім тозып құр.

 

Сабырға жеңдірсем,

Санамда қорқыныш,

Ақылға көндірсем,

Болсыншы ел тыныш.

 

Жерімнен садаға,

Бір шөбін жұлдырман,

Қара жер анаға,

Қараулық қылдырман.

 

Тастамас додаға,

Намысын будырған.

Түсірер тобаға,

Батырын тудырған…

 

Бұл жерім ұжмақ-ты,

Қазағым қонсын тек,

Бұл елім қуатты,

Мəңгілік болсын тек!

 

 

 

 

 

1479 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *