БЕСІНШІ БӨЛІМ. ӨМІРДІҢ ӨЗІ МЫҢ СҰРАҚ

 

 АҚЫН МЕН МҰҢ НЕГЕ ЕГІЗ?

(Журналис сұрағынан)

 

Ақын мен мұң неге егіз,

Себебі, біз тек жүрекке сенеміз,

Жүрекке сап елжірейміз бәріне,

Өлеңменен өрнектеумен жеңеміз.

Сол үшін де өте нәзік бұл жүрек,

Көк майсадай тұратұғын үлбереп,

Сол себепті көп ақынның жүрегі,

Ерте тоқтап қалған шығар, кім білед?!

 

*** *** ***

 

Жүректерде жатсадағы үн қайнап,

Сезім шіркін селт еткізбес тіл байлап.

Өз бақытын өршіл кеуде табар ма?

Кете берсе махаббаты қыр бойлап.

 

Кеткен кезде қараңғы бір түн аунап,

Жарықтанар көлеңкесіз бір аумақ.

Әйгілейді қасиетін сол кезде,

Әр кеудеге жасырынып тұнған бақ.

 

Дейміз де кеп, сол сәт елес күтеміз,

Жүректерді жұптаймыз кеп кіл егіз.

Махаббат бізді сарпалдаңға салса егер,

Онда өмірді қатыгез деп білеміз.

 

Бірақ біздер жүректердің талғамын,

Білеміз бе қырлы қатпар барлауын.

Сан қатпардың қайшы келсек біріне,

Шығып кетеді, өмірге де марғау үн.

 

Бірақ өмір еш себепсіз мін қайда,

Бола ма екен өмірді өзі ылғауға.

Болса егер алты миллиард ғұмыры,

Ұшырайды тіршілік те былғауға.

 

Өмір емес, әр адамның өзі мін,

Өр талғамын басқарады,

                           Өз жүрегі өзінің.

Өмір оның тұсап тастап адымын,

Бұрмақ емес қарашығын көзінің.

 

Сондықтан да, ей, адамзат, ойлағын,

Өмір сыры терең соған бойлағын.

Тағдырыңды өз қолыңмен жасайтын,

Ғұмырыңды жасампаздық жоймағын.

 

Ғұмырыңды жасампаздық жоймағын,

Жойылса егер қалмас сірә, бойда құн.

Жүрекпенен миға кезек ой таста,

Өміріңді өз ырқына қоймағын.

 

                      ӨМІРГЕ СЫР

 

Ей, өмір,

Кәріңе бақпа көрсетіп маған түз қылық,

Сағыныш жыры жүректе жатыр үздігіп.

Елестейді ғашық ғұмыр тентегі,

Аулада жүрсе қолтықтасып қыз-жігіт.

 

Ей, өмір,

Амалым не, мені неге ойлаттың?

Несіне сен, ғашықтың тереңіне бойлаттың.

Жұп келмесе дос жүректің жартысы,

Онсыз күнде мен де өмірде бойдақпын.

 

Қайтемін сызып өткен күннің сарығын,

Көрмеген соң ғашық ғұмыр жарығын.

Көрмедім мен қол жетпеген бұл күннен,

Мәңгілік күткен ғашық ғұмыр парығын.

 

Ей, өмір,

Мен неге сонша налыдым,

Қалай сызам достық ғұмыр қалыбын.

Жете алмаса тілегіне жас жүрек,

Махаббатсыз күндерінің бәрі мұң.

 

Ей, өмір,

Тарықтырмай ғашық өмір сарығын,

Қадірлетші бақытты өмір нарығын.

Мендей жандар өмірінен налыса,

Қалай шығарады жас өмірдің жарығын.

Ей, өмір,

Ақ тілекке бап келетін тілек бер,

Сүйе алатын жүрекке,

                       Сүйетұғын жүрек бер.

Ғашық жандар жалындасын мәңгіге,

Бөлме олардың әр күндерін бір өтер.

 

               ДОСЫМА

 

Сақталып адамдық құн ар-ибамыз,

Достық жайлы шертілер әр үйде аңыз.

Ақынмын, өршіл ұлы құба таңның,

Жабырқаса жанарымыз нәзік жанбыз.

Бүгін маған сенсің ғой, күні кеше,

Мұқағали сыр шерткен Фариза қыз.

 

Мұңымыз да көп біздің жырымыз да,

Байқалмайды көп біздің қырымыз да,

Иненің де көзінен өтіп кейде,

Кей сәтте сыя алмаймыз қынымызға.

Мың құбылып тұрады көңіл алуан,

Күндердің біреуі – құл, бірі – мырза.

 

Көңілдің сері үміт, сезім жырын,

Өзіңнен басқа қарғам сезінді кім?!

Мұңайсам жұбататын жолдасым да,

Көтеретін көңілді өзің бүгін.

Достықтың салмағы – ауыр,

                                    Жолы – бұраң,

Талай сынға қалатын кезіңді ұғын.

Қасыңда өршіл мінез керімді ұлдың,

Көкейіне мұң тұнған еліңді ұғын.

 

                    ДЫБЫС

 

Дыбыс шығар, төменнен де, бастан да,

Не тындырам сол дыбыстан қашқанда.

Дыбыссыз өмір елестету тағы мұң,

Бір үн шығар сырғып түскен тастан да.

 

Әрбір дыбыс түсіне біл, бір мән бар,

Бәлкім онда әсем әуен бір ән бар.

Ойлау түгіл қиялыңа сыймайтын,

Бәлкім онда тұнып тұрған бір сән бар.

 

Бәлкім онда жан айқайдың бір үні,

Тірі жанның қоштасатын бір тілі.

Тауқыметін тартқан жанның өмірдің,

Бәлкім онда жатқан шығар бір зілі.

 

Бәлкім онда жүрекің тербелісі,

Бәлкім онда бақыттың бір белгісі.

Бәлкім онда сағыныш та тербелген,

Жатқан шығар ғашық жүрек үздігісі.

 

Білкім онда қасірет те, мұң да бар,

Өкініш те, мадақтау да бар, сын да бар.

Бір дыбыстан бақыт тайып басынан,

Бәлкім дыбыс бақыт жайлы тың хабар.

 

Кей дыбыстан бақыт тағы кесілер,

Кей дыбыспен болашақ та шешілер,

Кей дыбыстан бақыт тапса бейбақтар.

Кей дыбыстан көз жұмады есіл ер.

 

Кей дыбыстың құнында бар сұлулық,

Сыйлайтұғын жүректерге жылулық.

Кей дыбыста ілікке алар құн да жоқ,

Рөлі бар қоғамға тек шуылдақ.

 

Ей, адамдар әр дыбысқа құлақ түр,

Әр дыбыста неге деген сұрақ тұр.

Адал үннен сезім сыйлап жадыңа,

Арам дыбыс аулақ-аулақ лақтыр.

  

АЙТАМЫН ТЕК, АЛЛАҒА МЫҢ ШҮКІР

 

Басады қу тіршілік салмағы көп,

Пенделік тіршіліктің жалғаны боп.

Жапандағы жаяудай қажып келем,

Шабытсыз жүрегімнен тармақ іздеп.

 

Шын бақыттың басынан арман үдеп,

Қабағат тіршіліктен қармақ іздеп.

Алла да бір үмітті алда дейтін,

Үмітсіздік шайтаннан қалған іс деп.

 

Бергенімнен болған соң алғаным көп,

Әрбір істі тұрады талдағым кеп.

Тарпаң ғұмыр шаршатып болмады ғой,

Көрермін қадамыңды алдағы деп.

 

Сан ойлардың жүрекке салмағы үдеп,

Жалған ғұмыр тайғанап майданы бек.

Сенер жұрттар ортада аз болған соң,

Бүгіліп жүр амал не бармағым көп.

 

Өсек, өтірік, мақтау мен жалған күлмек,

Жасырылмас бәрін де Алла білмек.

Пенделіктен сақтасын пенделерді,

Пенде көрсе тұратын алдағың кеп.

 

Істе деп бергеннен соң Алла білмек,

Ризалықпен алақан жайғаным көп.

Алланың әр ісіне мың шүкірлік,

Бір қуантса бір бақытқа барғаным деп.

 

Беретін саудагердей жалған үстек,

Қаларында сезбейтін бармақ тістеп.

Пенделер пенделігін қояр ма екен,

Буындырып жықпаса ар намыс кеп.

 

Өзімнен есеп алам дүркін-дүркін,

Құртқым келіп көздегі нәпсі құртын.

Алдына бір баруымыз ақиқат та,

Алланың өзі білер әйтеу бір күн.

 

*** *** ***

 

Е, өмір,

Күңгірт сəуле, күңгірт қайғы, күңгірт мұң,

Алдың тұман, артың дауыл күңгіртсің,

Даңғаза шу, ерсі күлкі, ессіз күй,

Тып тыныш боп тыншымайды мимырт түн…

 

Аласапыран ақ боран, тұман дала,

Ертең болжам, бүрсүгін күмəн ғана,

Жұлдыздар жылайды көк аспанда,

Тек риясыз күледі туған бала…

 

Бейбіт күн, азат сана, бейбіт тірлік,

Адамдардың ұраны бейбітшілік,

Əлем бізге қарайды тыныштық деп,

Бірақ біздер асықпай шай да ішпедік…

 

Шалқалап бір жатпадық қиял сүріп,

Жетелеп бір əумесер былайша үміт,

Екі езуге зорлықпен күлкі жыйып,

Ал өмірді келеміз жылай сүріп…

 

Біз өзі кімдерміз түсінбедім,

Түсінбеуден қалды бір құр сүлдерім,

Шыбын тепкен секілді өзгелерге,

Шабытыммен алысып күрсінгенім…

 

Сүрініп кеп сүйектен өткен сөзге,

Сабыр табар сын сағат жеткен лезде,

Шаттығымды жаза алмай қош айтармын,

Шабытым мəңгі ұйқыға кеткен кезде…

 

Дәрі

 

Тырысып кетті жазылмай маңдай,

Жабысып кетті шөліркеп таңдай,

Менің шерім мен терімді шығаратын,

Дәрің бар ма беретін үйіңде балдай…

 

Менің дәрім өзгеден бөлектеу-ді,

Бәлкім оған үйренбеу керек пе еді,

Әкемнің тізесінде отыратын,

Еркелеу кезде жұқты жел өкпелі.

 

Әңгімешіл анам еді жұқтырған,

Дәрі беріп өмір мәнін ұқтырған,

Ұзақ-ұзақ ақыл айтып отырып,

Шәйнегіне қоюлау ғып бұқтырған.

 

Балалығым тәтті дәрі, тәтті кез,

Анам берген дәрі жазар басты тез,

Маңдай терім жіпсігенде тершіп бір,

Мәз болушы ем әсер етпей ащы сөз.

 

Өкінбеймін оған рас аһ ұрып,

Іше берем талай таңды атырып,

Мен қазір күлімдеп шыға келем,

Қою күрең шайыңды құйшы сапырып.

 

*** *** ***

 

Қатігез тірлік үйіріп қамшысын,

Жон терімнен жатыр таспа алып,

Білдіртпей сүртем тамшысын,

Кетпесін көзден жас тамып.

 

Жетім тірлікпен күн кештім,

Жетесіз пендедей сүмектеп,

Іштегі жараны түлеттім,

Елсізде қалсам да сүмек боп.

 

Жылтыратуға құмармын,

Ішім жатса да қан жылап,

Көкейге кібіртік тұнар мұң,

Қабаққа қатып қанды дақ.

 

Алдамшы ғұмыр өтеді,

Білмеймін соңын бірақ,

Алысып жаным кетеді,

Кеткенше тәнім құлап.

 

*** *** ***

 

Санамда сап-сары сағыныш,

Жүректе өзгеше бір ұшқын,

Есіме салады кəрі қыс,

Ұмытуға өзімше тырыстым.

 

Тұлпардың тебінді жүрісі,

Анамның мейірі, балалық,

Тауымның аңқыған иісі,

Қаперсіз дəурен – шалалық…

 

Əкемнің əуелгі ақылы,

Кірмейтін тіптен құлаққа,

Ғұмырдың балалық ғасыры,

Арманы қалған жырақта…

 

Қозы-лақ қуған бала мұң,

Тайдың сөккен көбесін, 

Шалшығын кешкен даланың,

Басына ұйықтап төбенің.

 

Бəрі де қазір ертегі,

Ғұмыры секілді басқаның,

Есею үлкен дерт еді,

Өзгеріп кеткендей аспаным.

 

Болар ма еді кешегі…

Бұзау тіс қамшы қолдағы,

Кедергілері көп кеселді,

Өтейін тіліп жолдағы….

 

Тынығайын сосын бір,

Сағынышымды құшақтап.

Жазайын сосын тосын жыр,

Шабытты жатпай тұсап қап…

 

Таласбек Әсемқұловтың рухына

 

Өтсең де жүйрік төгілтіп,

Өмір мен өлім талас тек,

Жүректі езіп егілтіп,

Өмірден озды Таласбек,

 

Берері көп еді бергеннен,

Жазмыш оны ескермес,

Өкініш жүрек езгенмен,

Алла әмірі өзгермес!

 

«Абайдың» құрып мағдұры

Шапанын жамылып желбегей

Киноға жетпей тағдыры,

«Томирис» қалды сөйлемей.

 

Санада қалды бір жұмбақ,

Тарих құлап қалды тек,

Жүректер жатыр шын жылап,

Жазылмай нелер қалды деп.

 

«Құнанбайды» көрсек жылармыз,

Тұлғадан қалған мұра деп,

Алладан дұға сұрармыз,

Кешірілсін күнә деп!

 

Кəрі ағашпен диалог

 

Көңіліме өзгеше бір шер байланып,

Келем тауда өзімше бір өр ойланып,

Күлемін кейде, мырс етем себепсіз,

Жабығам кейде өзімнен кері айналып…

 

Аңызақ жел, сұрқысыз, түсініксіз,

Ішкі əлемім белгісіз, бір тынышсыз,

Аласапыран санамды арқалап ап,

Сенделем аласұра бір тұғырсыз…

 

Тауға қарай беттемекке əл керек,

Аяғыңнан тартып жатар əр бөгет,

Бір тыныстап алмаққа кеп отырдым,

Құлап жатқан үстіне кеп нəн терек…

 

Отырдым да, «уа, кесілген нəн ағаш,

Деп сұрадым мұңымды айтып аралас,

Мына алып денеңменен дәрменсіз,

Сенің күйсіз құлағаның жарамас…

 

Сөйлеп кетті кенет ағаш күрсініп,

Мен де кеше болған едім бір шыбық,

Жапырағымды шартарапқа жайқалтып,

Мен де өмір сүрген едім құлшынып…

 

Жаңбырменен күн шуаққа мас болып,

Рахаттана ғұмыр кештім жас болып,

Тамырымды жая түскім келетін,

Табан астым жатсадағы тас болып.

 

Дей алмадым ешкімге мен о, сатқын,

Тас атқанға нәрімді мен асаттым,

Тамырымды кесіп кеткен талайға,

Жапырағымнан самалдық мен жасаппын.

 

Уақыт өтті, бойымда менің нəр бітті,

Тамырымды буып тастар алжытты,

Бүгін менің үстіме өнген талай шөп,

Кеше талай тамырмнан бал жұтты.

 

Е, дүниенің екі аяқты қожасы,

Ақылымды тыңда менің зер салып,

Менің ғана өмірімнің олжасы,

Арманым жоқ кетсем егер бере алып…

 

Тас бар жерде бой көтерме ардақтым,

Бір күн келіп тамырыңды тас байлар,

Тас жүрекке ізгілікке бармассың,

Аяғыңнан шалуды ол баса ойлар…

 

Өз ісіңнен өкініш зарын ішесің,

Сен де менің күйіме кеп түсесің,

Жемісі көп алма ағаш та шіриді,

Болса да тек Иранбақта пісетін…

 

Ары қарай тыңдауға жүрек жетпеді,

Санамнан көп сатқындықтар кетпеді,

Қара орманның арасында нəн ағаш,

Жетпеген соң құлап жатыр оттегі…

 

Ағашқа қарап құри берді мағдұрым,

Секілденіп бейне менің тағдырым,

Сөйлейді екен ағаштар да, əттең-ай,

Жеткізе алмай жатады екен бағзы үнін…

Қор болып өтпесе екен аз күнім…

 

*** *** ***

 

Семді кеуде, ар өлді,

Арым неге тәуелді?

Бетімді тілді, тіліңгір,

Бақыты жоқ әуелгі.

 

Арымнан аппақ ұялдым,

Антымнан безіп суалдым,

Қатысың жоқ деген сөз,

Қажытты жанды, қуардым.

 

Жүрек емес, шер шемен,

Кеудем толы қанды жас,

Ғұсыл құйынса да ертемен,

Арым енді мәңгі лас.

 

Кешеге келтірмей күмән,

Жолатпаушы ем арға лас,

Алдымды етті тұман,

Қандас емес қаңғыбас.

 

Заманға айтар зарым көп,

Запыран жұттым кесемен.

Ары қарай созар әлім жоқ,

Серігім болды осы өлең. 

2759 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *