АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ. МІНЕЗ

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ. МІНЕЗ

 

       АҚЫНДЫ ТҮСІН, АДАМЗАТ

 

Ей, адамдар, ақынды өсіріңдер,

Ақынның ары жатар есімінде ел,

Ғұмырын сыйғызбас бір арнаға,

Тағдырын ақындардың кешіріңдер.

Жүрегін мұң қайғының күші меңдер,

Ашуменен ақынды ісірмеңдер,

Ақын деген көктегі көк тұйғынды,

Тұрмыстың деңгейіне түсірмеңдер.

 

Тек ақындар отырсын төрлеріңде,

Алақанда әлдилеңдер ең кемінде,

Сезімнің жетегінде кеткен ақын,

Кейде Алланың сыймайды кең жеріне.

 

Ей, адамдар, ақындық кәсіп емес,

Әр пендеге бұйырар нәсіп емес,

Жағада бүршік жарған жауқазын да,

Ақындардай өмірге ғашық емес.

 

Орташа бағаң болса, өшіріңдер.

Көңілдің көктеміне көшіріңдер,

Одағайлау болса егер отты ойлары,

Ей, адамдар, ақынды кешіріңдер.

                                     Кешіріңдер!

 

*** *** ***

 

Мына тағдыр аспанда, жерде,

Білмеймін,

Белгісіз сенделуде,

Сезбеген бір жандайсың сен де мүлде…

Беймезгіл ұлыған тау бөрісі,

Секілді ме,

Белгісіз демдеріңде…

Сырласшы, тіл қатшы,

Жүректі тыңдашы ең кемінде…

 

Басқаша бүгінгі ауа райы, табиғат та,

Суық па, боран ба,

Түнек пе?

Адымыңды аттатпас көз көрімге,

Болмайды екен тағдырға тез көнуге,

Жанымның мұңы жылқыдай кісінейді,

Үйірін,

Иесін,

Тәңірісін сезгені ме?

Бас білмейді,

Тулайды,

Елемес өзгені де….

 

Жүрегім кеудені шымырлатады,

Білмеймін,

Өзге дерт меңдеді ме…

Күндіз бе,

Түн бе,

Түс пе,

Елес пе?

Бола ма тең көруге,

Адамдық ойларым аласұрады,

Басқаша сезімді,

Төзімді,

Өзімді – бәрін де жеңгені ме?…

Жеңілгім келмейді, жеңетін секілді ме,

Білмеймін,

Қысылам,

Сыймаймын,

Алланың кең жерінде,

 

Тағдырды көк боз атпен келмейді өңгеруге…

Шабыс па,

Желіс пе,

Жүріс пе үдеген жеткізбес жерге мүлде…

Өршілдік,

Өр мінез,

Өткірлік кеудеде өлгені ме?

Жоқ,

Тағымын, қолға әлі көнбеген,

Көп сырым жоқ әкетер көрге мүлде….

 

*** *** ***

 

Шер-шемен кеуде езілген,

Тірі жүр, тілсіз тұл денем

Жүректе ыстық сезіммен,

Ғұмыр сүрем бірге мен.

 

Елестің өзі шын бақыт,

Келместің күйін кешсе де,

Жүректің жасын құрғатып,

Қайырылмай, сірә, өтсе де.

 

Артқа қадам жасалмас,

Уақыт өтер зырлап құр,

Бұйрықтан ешкім аса алмас,

Бақытын кетсе ұрлап бір.

 

Тартпа тізгін бір мезет,

Бақыттың өзі сәт қана,

Тағдырдың өзі бізге егес,

Берсе де бақыт басқаға.

 

Сезімге сезім ұласты,

Жүректің көзі арбаса.

Сенің мұңың тым ащы,

Менікі жай далбаса.

 

Кешір жаным,

Иіскейінші маңдайдан,

Кетпейтін иіс таңдайдан.

Ғашықтық бізге шын бақыт,

Бақыт сыйлар шалғайдан.

 

*** *** ***

 

Ұйқыңды күзеттім,

Күлкіңді көру – шын арман,

Жүзіңді жыр еттім,

Шыға алмай мен құмардан.

 

Жаныңды жүдеттім,

Жар болуға жарамай,

Түсіне алмас бізді ешкім,

Өмірім өксік одағай.

 

Кеудеге сыймас тұл жүрек,

Тепкілеп жатыр кеудемді,

Керегімді кім біледі,

Түсіне алмас мүлде енді.

 

Бақытқа толы бал күнім,

Тербелген сезім тым нәзік,

«Қызыққа» толы тағдырым,

Түгесе алмас жыр жазып.

 

*** *** ***

 

Біздің елес бір таудың бауырында,

Балалықтың ашылмас қауызында,

Жанармен үнсіз ғана сыр айта бер,

Бір ұяңдық барын сезем тау қызында…

 

Сен де бала, ол сәтте мен де бала,

Бас шайқадың шындықты сезбей ғана,

Тәңір еді екеумізді жаратқан,

Кеудеде қос жүректі бөлмей ғана.

 

Табысу бізге бірақ кештеу келді,

Лүпілін жүректердің ескерген-ді,

Оған да шүкір дедік, амал нешік,

Жек көруші ем тағдырға кектенген-ді.

 

Жазмышқа іс келуші еді қолдан қайбір,

Қалар ма еді өзіңе жолданбай жыр,

Өлеңімді оқып сен тыныстарсың,

Немересіне ән салғызған Қорландай бір.

 

Алғашқы махаббат соңы да осы,

Жүректен көшсін жырдың соны көші,

Шабыт беріп тербеп тұр тентектікпен,

Бақытты бол, жаным-ау, мені қойшы…

 

Ғашықтың тілі — тілсіз -тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл

Абай Құнанбайұлы

 

Жүректің тілі тілсіз тіл,

Жүректің қолы бейнесіз,

Жаным менің үнсіз жүр

Жырларым менің пернесіз.

 

Сезім кейде сергелдең,

Сезген сәттер көңілсіз,

Сенімге өмір өң берген,

Сергітіп жатар жеңіл сыз.

 

Ойымда емес оңаша,

Оза шабар жыр шумақ,

Қуана алмаймын балаша,

Қутыңдап жүрек бір тулап.

 

Жазасы шығар өмірдің,

Жабырқау тартқан жүрекке,

Түнегі шығар көңілдің,

Түрпідей тиер тілекке…

 

Аяқсыз қалған махаббат,

Аяқсыз қалған шумақтар,

Жүрекке емес, маған жақ,

Жырымнан жалын будақтар…

 

*** *** ***

 

Жаным жансыз секілді,

Күнім мұңсыз,

Ғұмыр қиғаш кекілді,

Біреу үнсіз.  

 

Тағат әбден таусылды,

Жүрек ессіз,

Алла жазбады қауышуды,

Қайда жүрсіз.  

 

Желіде жасыл ноқат,

Онлайн,

Шырмаудан мені босат,

О, құдайым.  

 

Мен желіге байланбадым,

Таба алмадым.

Мәжнүнге айналмадым,

Жоғалғанмын.  

 

Аттандап айтпаймын,

Сезбесе,

Өзімді ақтаймын,

Өзгеше?  

 

Зырлайды уақыт, бәрібір,

Көңілсіз,

Бар шерім төгілер кәрі жыр,

Тек үнсіз.  

Кешір қалқа, сағындым,

Бір елес,

Жүректе лағыл мұң,

Тірі емес…

 

*** *** ***

 

Пойыз, үнсіз күрсініс,

Манаурайды сары дала, күн шығыс,

Қара құйын, қара бұлтын төңкеріп,

Мен секілді көңілсізлеу тіршілік.

 

Аласапыран абыр-сабыр уақыт,

Тіршілікті бара жатыр жұбатып,

Ғазал күйім, ұғым қайда, жұт бүгін,

Қайтем рас, сар далаға сыр айтып.

 

Табиғаттың күйін кешем тұнжырап,

Санамды кеп мазалайды бір сұрақ,

Кербез төбе шалқаяды тек қана,

Көңілімді жүбатпайды түн бірақ.

 

Сол сұрақтың жауабы еді тұнық жыр,

Ішімде де кəрі қасқыр ұлып жүр,

Ай сəулесі түскенімен бұлыңғыр,

Мəңгі жарық шашпайтынын ұғындыр.

 

*** *** ***

 

Бақытымның иіскелеп маңдайынан,

Бір шөлдің табы кетті таңдайымнан,

Түсі менен елесін айырмаған,

Тірлігіме келтірем қандай күмән?

 

Түс дегенім санамның ертегісі,

Қиялға жақынырақ ең көбісі,

Елес деген қысқан сәт құшағыма,

Өзгеше бір бейнелеу өлең ісі.

 

Ғұмыр кешем осы түс, осы елеспен,

Жаныма бір жылуын бере кеткен.

Уақытқа құл болған тағдырымды,

Бақытыма тапсырам бөлек еткен.

 

*** *** ***

 

Ренжімеймін мен, өзімді сатқандарға да, 

Пенделіктің тұңғиығына батқандарға да, 

Мен қуанып, алақайлап жатқан сəтте, 

Артымнан үнсіз келіп атқандарға да. 

 

Мен ренжімеймін, құрылған қақпандарға да, 

Мұңайтып мені қызыққа батқандарға да, 

Мен суарып кеткен ағаштың,

Ренжімеймін тамырын шапқандарға да.

 

Ренжімеймін, ит болып үргендерге де, 

Сүрініп кеткен сəтте күлгендерге де, 

Менімен серттесіп дос болып алып, 

Дұшпанмен бірлесіп жүргендерге де…

 

Ренжімеймін, бірақ аяймын пендені қатты, 

Қызықтап тұратын достары мұңайған сəтті, 

Аяймын тіпті достарының қуанышын да, 

Бөлісе алмайтындар жүрегіме батты. .  

 

Пенде жүрегі неге қатайып кеткен,

Өлексе иісі тіршілігінде қолқаны өпкен,

Əй, пенделер, аяймын сендерді, әттең, 

Өлгелі тұрсаң да, шығады дауысың өктем…

 

МІНЕЗ

 

Менің мінезім – тұлпардың мінезі,

Иесінен өзгеге бас білмейтін,

Менің мінезім – сұңқардың мінезі,

Шүйіліп, жыртқыштан басқа ілмейтін.

 

Менің мінезім – ақ жал толқынның мінезі,

Жағасын дамылсыз соққылаған,

Менің мінезім – көкжал қасқырдың мінезі,

Жолдасына ешқашан қас қылмаған.

 

Менің мінезім – найзағай жарқылдаған,

Менің мінезім – өткінші тарсылдаған,

Менің  мінезім –қиырсыз жасыл далам.

Менің  мінезім – ақ қайың аршылмаған.

 

Менің мінезім – екі рет сөйлемейтін,

Менің  мінезім– екі рет ойланбас кейде,

Менің мінезім — өзгеге ой беретін,

Арынымнан тасысам қаймығар пенде.

 

Менің мінезім – ақбас шыңдағы ызғар,

Менің мінезім – құлама жартас құздар,

Менің мінезімде кескінді сыз бар,

Ғашық бола қалатын бойжеткен қыздар.

 

Менің дұшпаным – өзгені көре алмайтындар,

Бір нанын екіге бөле алмайтындар,

Бір іс үшін он сағат ой ойлайтындар,

Есі кірсе де ездігін жоя алмайтындар,

 

Менің дұшпаным – өзіндік ой алдайтындар,

Қорқауша қоқысқа тоя алмайтындар,

Ақты ақ, қараны қара дей алмайтындар,

Сын сағатта мінезді бола алмайтындар.

 

Бүлдірер бəрін бейбақ ез кісі,

Басқан ізі бұралаң білінбес тіпті.

Құрметтеймін дұшпанның мінездісін,

Тік сөйлеп өлер,  кездессе күшті.

 

АВТОПОРТРЕТ

 

Қолтығын сөгіп асау құнандардың,

Ақсүйек ойнап сезбей түн ауғанын,

Тақымы талай мәрте жара болған,

Тентегін тани ма екен мына қауым.

 

Мен өзге емес! Аятжанмын,

Тауда өстім, табиғаттан тояттадым,

Бақытты бала кезім бір сағыныш,

Самалы Хантəңірдің оятқан күн.

 

Бұлақтың суын ішкен бастауынан,

Секірген таудың жақпар тастарынан,

Қарақатты көп жеген тау баласы ем,

Қазанның қара күйе қаспағынан.

 

Аламанда топты жарып бәйге мінген,

Отарда қозы бағып күнге күйген,

Тон, шалбар киіп өскен бір баламын,

Бай баласы мен емен, бүлде киген.

 

 Жиырмамда түлеп ұшып елден жырақ,

Ата жұрттың суын іштім өзім сұрап,

Тас қалада жүрсем де содан бері,

Серілігін қоймайды сезім бірақ.

 

Тел өсіп содан бері Астанамен,

Жарысып мен келемін жас қаламен,

Бақытым бас қаланың үні, жыры,

Анық көзін салса егер асқар əлем.

 

Мінезім сол Ағаяздың өр толқыны,

Ұлтым деген санамның өлшемі ұлы,

Отыздағы бұл күнім жетістік пе,

Тарих егер бағасын берсе құдды.

Білмеймін!

Taggs:
Пікір жазыңыз