АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

ШЕКСІЗДІК (хикая)

ШЕКСІЗДІК (хикая)

 

ТОЛҒАНЫС

Жастық шақ – адам өмірі әр ирімге бір салар асау дарияның ең тасыған шағы. Достық, махаббат сынды екі алып сезімніңде әр қиырға тартар, өз әлінше билетер шағы. Бұл кезеңде ара жігі шексіз қабысқан екі сезімді әркім өз әлінше бағамдар.

Егер сіз махаббатты ұлы дерсіз, оны Оқжетпестің көз жетпес шыңына теңерсіз, ал мен достықты Хантәңірдің биік шоқысына теңер ем; Ал сіз махаббатты көз ұялтар гауһарға теңесеңіз, мен достықты тат баспас алтынға теңер ем; Ал сіз махаббатты аршаның жасылы мен раушанның қош иісіне теңесеңіз, мен достықты қарағайдың қайсарлығы мен ақ уыздың дәміне теңер ем.

Өмірде жастық, жастықта махаббат, махаббатта сезім, сезімде кіршіксіз пәктік ұлы. Ал адамдық ғұмырда достық, достықта адалдық, адалдықта мәңгілік ұлы. Кіршіксіз пәктік пен мәңгілік адалдық таразының екі жақ басына түскен сәт…

Әділдікті жақтау, шындықты қолдау, ақкөңіл адамгершілік, мейірбан адалдық, қазақы рухтың алтын дәні. Қазақы рух – таразы!

ДІРІЛ

Қоңыр күздің алғашқы күні, баяу самал есіп тұр. Текестің арынды ағысы бейне арманға жетелеп келе жатқандай. Көңіл бір жаққа асыққан. Аршынды қадамдар мектеп табалдырығына қарай асығуда.

Алғашқы қоңырау, алғашқы сезім. Жоқ, бұл сәби санадағы әліппеге емес, ауылдан қалаға, баладан жас деген атқа асыққан қадам, бұл орта мектеп табалдырығын аттағалы тұрған толқулы қадам.

Иықта жаңа боқша, құрақ салып апасы тігіп берген емес, әкесі аудан орталығынан сатып әперген, үстінде жаңа киім, Ерлен жалтақ-жалтақ жан-жағына қарап зытып келеді. Қолында шақыру қағазы, анда-санда бір қарайды.

— Толық орта бірінші жылдық, бірінші сынып, — жаттап та алды, — мен балалықты артқа тастадым, жастық дәуірге қадам тастадым, кіммен кездесем, қандай сыныптастар болды, жаңа дос табам, ол кім? — қиял толқынында келе жатқан Ерленнің жүрегі бірде алып-ұшып лыпылдаса, тоқтап қалғандай, қара торы жүзі бірде қызара бөртіп, бірде қан сөлінен айырылып аппақ қудай ағарып бәрін аңғартып тұрғандай.

Үлкен ғимарат, әдемі дәрісханалар, танымайтын ұзтаздар… Қасына жетіп келген Ерлен ұйқыдан оянғандай селк ете түсті. Қарсы алған ұстаздардың нұсқауымен қабатқа көтерілген ол өз сыныбының алдына келді. Сыртта ешкім жоқ, ішке үңілді іште де адам қарасы білінбейді. Қуаныш па, қорқыныш па, ол дір ете түсті де толқыған көңіл-күймен мен бірінші болып бәріңді қарсы алам деп есікті ашып қалып ток ұрғандай дір ете түсті.

— Сіз де 9 «а» сыныбына  ма? – деді сызылған майда қоңыр дауысты, қара торы қыз.

— Иә,- деген сөз ауызынан әрең шықты. Бейне қарсы алдындағы қарақаттай жайнаған қос жанар, бойындағы жанын сорып қойғандай.

— Кіріңіз, онда сыныптас болады екенбіз, — деген сөздерді ести алмай қиналғандай, аяғын сүйрете басып арт жаққа барып отырды.

Артынан топырлап сыныптастары қаптай бастады. Ал Ерлен бұйра қара шашы беліне түскен, талдырмаш денелі қара торы қыздан көзін тайдыра алмай, аты кім екен деген сұраққа толғанып болып ұзақ отырды. Бір кезде қасына келіп екі жігіт келіп қол бергенде ұйқыдан оянғандай селк ете түсті.

Ол күні сабақ басталу қарбаластығымен, бір күнді өткізген Ерлен, содан бастап, әр күні таңның тезірек атып кештің баяуырақ батуын тіледі. Өйткені сол бір бейнеге көз айырмай қарап, ұзынды күні кешке дейін қиял әлеміне бата бергісі келеді де тұрады.

Сынып ішіндегілер толық танысып, өзара достаса бастаған сәтте ғана арман, мақсат, үйрену туралы ойлап, ойын жинақтай бастады. Кезінде өз мектебінде әнші атанып жүрген оған қасына келіп отырған екі жігіт Мұрат пен Өркен де іздегенге сұраған дегендей талайды ауызға қаратқан әнші еді. Алланың бір бұйрығы  болар, дауыстары іздеп қосқандай бір біріне сәйкесе кететіндей еді. Сәуле де бұл істен бейхабар емес-ті.

Мінездері ашық жарқын, музыкаға жаны бейім үшеуі тез үйірлесіп, қимас достартардан болып шыға келді. Тек үшеуінде де бір жасырын күш, ғажайып сезім бар. Бұл алғашқы махаббат па, әлде жай сезік пе, өздері де түсінбей жүректің түбінен жылыстаған бір ағын секілдене береді. Бір көріп ғашық болу ма, әлде сұлуға құмарлық па, балалық па айыра алмай үшеуі де үнсіз көзінің қиығын салумен күтіп алып, әр күні сабақтан соң көзбен ұзатып салады. Уақыт төреші, уақыт көрсетер, — деп қана өз өздерін алдаусыратып келеді. Бірақ, алғаш тіл қатысқан соң айға жуық сөйлесуге батпаған-ды.

Жүректі тербеген сол діріл, сәрі не? Ғашықтық па, әлде асықтық па? Уақыт бәрін шеше жатар…

ДҮБІР

Ызғарын шашып қыс та келді, әр мерекені құр жібермес әншілер жалғыздықтан құтылғысы келгендей, қос дауыспен, кейде үш дауыспен әуелете ән шырқап, сахнаның еркелеріне айнала бастады. Жаңа жылға қараған күні мектеп көлемінде ұлан-асыр той, керемет шоу дайындалмақ. Жаңа жылды жаңаша бет-бейнемен, тосынсыймен қарсы алмақ болған Ерлен, Мұраттар «Жұлдыздар салған ізбен келеміз» деген ән жаздырып, «Тілек» өнер тобы деген атпен жарқ етті. Бір көмейден шыққандай үш дауыс сахнаны жалт қаратып, көрермендерін бірден баурап кетті.

  • Жарайсыңдар, нағыз әншілер, — деген мақтаулар шабыттарына шабыт қосып жатты.

Дәл осы кезде Сәуле де Сая деген құрбысымен «Сәулелі сая» атты дуэт құрып, қос дауыспен бір қырынан көрінді. Сонымен екі жақты да алқалаған, мақтаған жұрт асқақ арман тоғыстырып, сахна шынайы табыстырған жастарды бір арманға жетелей жөнелген-ді.

Төсекке қисайған Ерлен көз іле алмай ұзақ дөңбекшіді, бір елес, бір беймаза күй тынышын ала берді. Ертең жарты жылдықтың соңғы күні, арғы күннен бастап бір айлық қысқы демалыс. Ертең бір айға қоштасу керек, ауылда сағынып ата-анасы жүр, бар баланы демалыс қуанышы күтіп тұр, бірақ, ол мүлде қуана алмай көңілсіз күйде қалғып кетті…

Мектеп ауласына кіріп келе жатқан Ерлан оң жағынан күле сөйлеп келе жатқан Мұрат пен Өркенді, оларға қарама қарсы келе жатқан Сәуле мен Саяны көрді, төртеуін күтіп аялдап тұр еді, дауыстап күлген төрттік кездесті де, ештеме көрмегендей бұрылып кете барды…

— Өркен, Мұрат, Мұрат, — деп айқайлап жіберді, де өз даусынан шошып оянды. Түсі болғанына қуанды, өңінде болмас жағдай деп елестетті.

Таңертеңгі асын ішіп, шыққалы жатқанда жеңгесі телефонды алып:

  • Ерлен, саған, — деді,
  • Алло!
  • Алло, Ерлен мен Мұрат қой, сен дереу үлкен көпірге келші, Өркен де келе жатыр,- деп ентіге сөйледі, — тездетші жарай ма, — деп телефонды қоя салды.
  • Иә, — деген Ерленнің даусын естіген естімегені беймәлім еді. Ерлен жүгіре басып жетіп келді…
  • Мен бүгін ауылға қайтамын, сендермен қоштасайын деп шақырдым, — деп қимасытықпен ұзақ қарады. Ерлен кенет бір тығырықтан жол тапқандай, жоғалтқан затын тапқандай айқайлап жіберді:
  • Мұрат, Өркен! Біз мәңгіге серттесейік, мәңгіге достасайық…
  • Жарайды, сертімізге аққан өзен куә болсын, Текестің толқындары куә болсын, — деді екеуі бір ауыздан.

Кенет:

 — Ұзағынан сүйіндірсін, — деген таныс дауыс естілді.Ол көпірдің екінші басында келе жатқан Сәуле мен Сая еді. Олар үшеуіне жақындап күліп жіберді де, Сая жүгіріп келді де:

  • Әкел қолдарыңды, — деп қодарын айқастыра қойғанда, оларда уағдаласып қойғандай:
  • Айқасқан қол – айнымас серт, айнымас серт мәңгілік, — деп айқайлап жіберді, бірақ үшеуінің де көздері Сәуленің жанарына сұқтана қарағанын өздері ғана сезгендей…

Серттерін мәңгілік деді. Топтарын «Тілек» емес, «Ақ тілікке» өзгертіп, өздері жан сала еліктейтін «Музарттай» қазақ эстрадасының жарық жұлдызы болмаққа ниеттенді, бала қиял тасқын шабыт секілді тасып тұр…

Ерлен бойындағы сол бір діріл үш еселеніп, санадағы жаңғырықпен қосылып дүбірге айналып кеткен-ді. Өмір теңізінде бірге жүзіп келе жатқан үшеуі жүрек үндерін бір біріне сездірер емес..

Ал, махаббат алақаны кімге ашық, жүрек кімді қалайды? Ол қазірше тұңғиық!

ЖАҢҒЫРЫҚ

Тұрса да ыңылдап, жүрсе де ыңылдап, отыра қалса қиялдап, ұйықтап қалса түс көріп, зорға дегенде бір айды өткізді. Өткен күндерін сағына-сағына көз алдынан кино лентасындай өткеріп, бір айдың күні түгіл сағатына дейін санап, әрең бітірген Ерлен бастапқы серттің серттестеріне асығу ма, әлде серттен тысқары күштің тартысы ма, кім білсін, тек мектеп құшағына асығуда…

Айнала аппақ қар, соғып тұрған үскірік. Қаңтардың қақаған аязы бетті қарып тұр. Сағыныш сарығы еліртіп, махаббат жалыны өршіткен жүрегін зорға тежеп, өзін мүлде ұмытып аласапыран күйде Ерлен қалаға келді. Ел суықтан қалшыдаса, бұны тітіреткен өзгеше күй-ді.

Қыстың ұзақ сартаңы. Сағынышын қиялмен де, махаббат жырымен алдаса да ұзақ таң атар емес, не жылтыраған көз ұйқыға кетер емес. Ертеңгі мектеп іші, оқу залы, достармен қауышу бәрі-бәрі көз алдынан сырғанап, аунақшып жатумен таңды зорға атырды.

Сағынысқан жанарлар. Бір ай емес, жыл көрмегендей асыққан сыныптастар, лүпілдеген сезімдер бір-біріне қауышып мауығын басуда. Тек қауашағы жарылмаған ғашықтық сезімдер мен сезілмеген махаббат қана бір-біріне жылы жүзбен амандасқан және сағыныш сарығымен ала- сұрып асыққан көңіл-күйді басар емес. Тек толқындатып қинауда, от шашып алаулатуда, онсыз да тынышсыз жүрек кеудені сыздата дүрсілдетуде…

Қызыққа толы күндер тағы басталды. Сабақ, жылы жүздесулер, балғын балалық пәк сезімдер… Бала дәуреннің қызық шақтарына уақыт қана куә болып өтіп жатыр…

Наурыз! Ұлттың жыл басы. Самарқанның көктасы жібіген күндізі мен түні бірдей қасиетті күн – наурыз мерекесі де жетіп келді. Мерекелік концерт.

  • Қарт тарих мұрасы, төл тумасы,

Биіктеген бірлікпен ел тұлғасы,

Жеті дәм, жеті әулие ас иесі,

Наурыз құтты болсын жылдың басы,

Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын! Сахнада өр дауысты өз әншілеріміз «Ақтілек» өнер тобы, — дегенде бүкіл мектеп шулап ала жөнелді…

«Ақтілек» өнер тобы дегенде сахна сыртында дайындықпен жүрген өнерпаздар арасынан сахнаның алдыңғы қырына қалай келіп тұрып қалғанын өзі де сезбей қайда тұрғанын ойлар да емес. Екі көзде сахнадағы үштікте. Ән де бітті. Бірақ, Сәуле үнсіз, қимылсыз жанары бір нүктеде. Келесі кезек өздеріне келіп қалғанын да сезбей қалған-ды.

Сахнадан түсіп келе жатқан үш жігітті өздеріне қадалған қос жанардың жалыны шарпып өтті, өзін ұмытқан қыздың қос жанарынан шыққан жалыннан үшеуі де тайқып айналып кетті. Залдың іші шулаған шапалақ. Тек Сәуле ғана бір орында мелшиіп тұр..

  • Сәуле! Сәуле саған не болды? — деп жеңінен тартқан Саяны көргенде, ұйқысынан оянғандай бетінен оты бұрқ ете түсті.
  • А, біз бе? — деп сахнаға жүгіріп шықты да, музыка ырғағына қосылып лезде бойын жиып ала қойды.

Наурыз мерекесінің кеші. «Ақтілектің» үш жігіті өз елесімен бақытты, қыз жанары кімге деген сұрақ жоқ, тек маған деген өзімшіл сезім ғана… Өздеріне телміре қарап тұрған қыз жанары қимас елес, нәзік сезім болып құйылады, бірақ үшеуі де бір-біріне тіс жаруға батпайды.

Қыз жанарындағы жалын музыкаға деген қызғушылық па? Әлде әдемі дауысқа деген елігу ме, әлде дүбірдің қыз жүрегінен шыққан жаңғырығы ма? Жаңғырық болса қай жүректің үні, махаббат болса толқыны кімге соғады? Бәрі де тек жаңғырыққа мәз…

ТОЛҚЫН

Арман, білім, достық деп жүріп махаббат сыры жүрек ішінде тұншығып талай уақыттарды өткерсе де ары қарай шыдауға дәттері шыдамайтын күйге түсті. Ерлен өз көңіліне ғана жасырып жүрген, сыртқа шығара алмай келген махаббат сырын жан достарына айтып сырласқысы келіп жүргелі көп болған еді.

Оқудан тарап үйіне қайтып келе жатқан бір күні кешке Ерлен мен Өркен ұзақ сырға ауысып өзен жағасына келіп ұзақ әңгіменің бір әлетінде Ерлен:

  • Өркен, мен саған бір нәрсе айтайын деп едім, — дегенде:
  • Мен де саған бір нәрсе айтамын,- деді Өркен.
  • Онда сен айт, сен баста деп, біраз таласты да, сөзді Өркен бастады:
  • Ерлен, мен бір қыға ғашық болып жүрмін, — деді. Неге екені білгісіз Ерленнің жүрегі зу ете түсті,
  • Кім? – деп Ерленнің дауысы қатты шығып кетті.
  • Сәуле! – дегенде Ерленнің жүрегін біреу таспен ұрғандай зырқ ете түсті, лезде өне бойынан жан кетіп қалғандай болып жүрегі тарсылдап, ауызына тығылды. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Тек бөрі аштығын білдірмес, итке жүнін қампайтар, — дегендей, өзінің ішкі күйін білдірмей әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

Дәл осы күйін апта айланбай Мұраттың алдында және бір рет қайталады. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің дегендей, бойынан жаны кетіп, нағыз қиналысын Мұраттың да Сәулені сүйетінін естігенде сезді. Үш махаббат шеңберінің центр бір нүкте болуы Ерлен бойындағы тежей алмай келе жатқан махаббат жалынын өршітіп, шеше алмай жүрген көңіл түйіншегін шиеленістіріп жіберді. Содан бастап нағыз махаббат қиналысының жүректер арасындағы толқынынан таяқ жегендей болған Ерлен әр тоқынға бір соғылып, асығып тұратын көңілі тұманданып, мұнарланып тамағынан ас батпай оқуға зауқы соқпай, қияли серілікке, ұйқысыз талай түнге соқты. Бірақ, екі досының жүрек сырын естісе де не екеінін біріне өз сырын, не екеуіне бір бірінін күйін жеткізе алмады.

Достық жолында махаббатты құрбан ету керек пе? Әлде, керісінше істеу керек пе? Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өлетін осы бір дағдарысты шешу Ерлен бойындағы адамгершілік пен өзімшілідіктің айқасы еді. Сол бір кездегі діріл жүректерге қосылып дүбірге айналып, сол дүбірдің қайтымды жауабы жаңғырыққа ұласып, жүректерден толқындана ағуда, толқын ағыны қатты, жүрекке сарығы батты…

ӨРТ

Махаббат жүректен жылып ағып, мөлдірген көзге тұнып, лүпілдеген жас жүректерді өз әлінше қинауда. Өркен мен Мұрат бар сынын әкеп Ерленге шағады, жүректерін босатады. Бірақ, бұл өздерін босатқанмен Ерленнің жан мұңын ауырлатып жатқанын қайдан білсін. Ал, Ерлен жүрек сырын кімге төгерін білмей, жүрегі жарылардай сыздайды, ештемеге зауқы соқпайды.

Сол күндердің бірінде Өркен бар сырын Сәулеге жеткізді, бірақ әдетте қанша шешен  болғанымен  қыз алдында аузы буыла берді, тек өзінің ынтық екенін, мәңгі бірге қол ұстасып жүргісі келетінін жеткізді. Сәуле үнсіз кетті, үндемей сырт айналды…

Дәл осындай бір батылдыққа, сөйтіп жүргенде Мұрат та барды. Айтты. Бірақ ол Өркеннен де тез қайырылды. Ақылдасып айтып тұр, — деп ойлаған Сәуле бұл жолы мүлде шорт кетті, сөзінің соңын да тыңдамай бұрылып кетіп қалған-ды. Содан бастап екеуі де қыз алдында тек күнәлі адамдай қыздан бойын аулақ салуға тырысатын, тіл қатыса қалса сөздерінен жаңылып әуреге түсетін-ді.

Екі дос бар сырын Ерленге айтып көмек сұрайды, ақыл қосуын өтінеді, бірақ Ерлен достық пен махаббат арасында не істерін білмей дал болады. Бірде, екі досына айта алмаған өзін кінәласа, бірде қызға барып достары секілді: «Мен сені сүйемін», — деп айта алмаған өзінің жасықтығына өшігіп, жолсыз иен шөл жазираға жолыққандай күй кешеді. Оның үстіне жығылған үстіне жұдырық дегендей, Сәуле Мұрат пен Өркеннің өзін жақсы көретінін айтқаннан кейін, Ерленмен ғана сырласатынды шығарды. Екі достың бірін бірі мүлде білмейтіндігін Ерленнен естіді, естігеннен кейін сұрағына жауабын Ерленнен тапқысы келеді. Ерлен одан арман сабыр таппай қинала береді, жүрегі күні-түні жаншыла береді, езіле береді.

Еш ес таппаған ол бар жүрек сырын Сәуленің досы Саяға жайып салды. Бұл жайды толық білген Сая таңғажайып тоғысқан өзектес махаббаттың жан қимас тату үш достың басына келуіне таңдай қақты, бірақ шешімін айта алмады.

Махаббат мәңгі жыр, ол жүректердің ұштасуы мен бір біріне талпынуымен құнды.Махаббат туралы ұзақ сыр шертті, өз санасындағы ойын айтты, бірақ шешім емес-ті.

Күздің бір жексенбі күні. Күн шайдай ашық. Ел күзгі жиын-терін қарбаластығында. Ерлен жаңа бастаған «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын құшақтап отыр еді. Романның қызығына шомып кеткен Ерленді телефонның шырылы тұрғызды. Ол өзен жағасына шақырып тұрған Мұрат пен Өркен еді.

Ерлен өзен жағасына келгенде екеуінің өңі сұрланып, қабағына қар жауып, кірпігіне мұз тоңып түнеріп тұрған еді, Ерлен жайсыз бірдеме болды ма, — деп шошып кетті.

  • Не болды? Не көңілсіздік? – деп екеуіне жалтақ жалтақ қарап еді,
  • Адам емес, — деп екеуі де зірк ете қалды. Бүгін таңертең екеуі ерте шығып серуендеп жүріп бір-бірінің сырын, бұған дейінгі жайдың бәрін білген еді.
  • Адамдық бар ма, біліп тұрып неге айтпайсың?
  • Сені де жан дос дейді-ау…
  • Екеумізді бірдей отқа тастадың, — деп, екеуі бірдей ренжіді. Ал, Ерлен өзінің не бүдіргенін білмей сасқалақтап қалды.
  • Сен Мұрат екеуміздің сырмызды біле тұрып, бір бірімізге толық айтпайсың, екі досыңды бір адамға салып қойдың, осының достыққа, адамдыққа жата ма? – деп Өркен ашуланып еді, Ерлен не дерін де білмеді, екеуің ғана емес, мен де-деді ішінен. Бірақ дауысын шығарып айта алмады, отқа май тамызғандай боламын ба деп алаңдады.

Ұзақ әңгімеден соң, олардың соңғы бекімін Мұрат өзі жасады.

  • Өркен, екеуміздің достығымызды махаббаттың құрбаны қылмайық, ол ақымақтық! Егер Сәуле біреумізге жауабын берсе, екіншіміз оны тағдыр сыйы деп қабылдайық, — деді,
  • Иә, бірімізге бақыт болып бұйырса, екіншіміз оған көз алартпайық. Тек бақыт тілейміз, оған Ерлен мен Текестің толқындары куә болсын, — деп қостады Өркен. Екеуі қол алысып серттесті. Бірақ куә боламын деп Ерлен айта алмады, айтқысы да келмеді, үшінші ретінде серттескісі келді, бірақ батылы жетпеді, тағы үнсіз қалды.

Көп өтпей Сәуле де Саядан Ерленнің өзін сүйетінін естіді. Айта алмай тұншыққан күйін, үшеуінің арасындағы болған жағдайдың бәрінен хабар алған Сәуле өзінің мүлдем ыңғайсыз жағдайда екенін білді де, беймаза күй кешті. Содан бастап Ерленмен де сараң әңгімелесетін, қарамай, қабағын ашып сөйлемейтінді, тек сұраққа ғана жауап беретінді шығарды.

Бұл да ұзаққа бармады: Мұрат пен Өркен Ерленнің де Сәулеге ынтық екенін білді. Бұл жолы екеуі де морт кетті. Ұзақ уақыт араласпай, бір сыныпта тілдеспей жүретін күйге келді. Тек Саяның әсерінде шын достардың өкпесі бар да, кегі жоқ, — деп Ерленнің мінін бетіне басып өкпелерін жуып шайды. Өркен мен Мұраттың сертіне енді Ерлен қосылды, Сая куә болды, бірақ Сәулеге бұл туралы айтпайтын болып келісті.

Махаббат толқыны жүректерді соққылайды, махаббат жалыны жүздерді шарпиды. Ал бұл күнгі өрт өте жалынды, ол достықтың алтын жібін күйдіруге, байланысты өртеп жіберуге сәл-ақ тұр. Лапылдап жанған махаббаттың ыстық демі кімді өбер, өз бақыты санаған бақыт кімді табар? Уақыт төреші.

ЖАРҚЫЛ

Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені. Араларынан қыл өтпестей тату достықтары үшін ешбір опасыздық һәм келеңсіздік ендігәрі болмауын тіледі. Үшеуі бірігіп ұзақ хат жазды, ең соңғы шешім Сәуленің өзінде екенін, Сәуленің шешімі қалай болса да, ол кімді таңдаса да разы екендіктерін айтты.Алайда Сәуле мектеп құшағында бұл қадамға барғысы келмеді ме, әлде үшеуінің арасына іріткі салғысы келмеді ме, мектеп бітіргеннен кейін, — деген бір ауыз жауап қана қайтарды.

Бұл кезде екі жылға таяу бірге ән салған «Ақтілек» өнер тобы мектеп көлемінен шығып аудан, облыс көлеміндегі конкурстардың жеңімпазы болып үлгерген-ді. Аудан көлеміне беделді, бал жаласқан достықтары мен әсем дауыстары өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген-ді.

Оқушылық дәуірдің соңғы жылы. Қылышын сүйретіп қыс келіп үлгерген шақ еді. Сәуле жігіттердің көкейіндегі мұнарлатқан сәулеге айналып, баға жетпес асылға айналған. Олар Сәуленің жауабы кімге бұйырса да, Сәулені ешқашан мұңайтпасқа, ал, қалған екеуі тек қолдаушыға айналмаққа, санаға кірбең түсірмеске бекіген еді.

Құрбай айт мерекесі. Мектеп үш күндік демалысқа кеткен, төртінші күні жексенбіге түсіп тұр. Сәуле бар достарын құрбан айттың үшінші күні ауылдағы үйіне қонаққа шақырды. Ұл қызы аралас он-он бес бозбала бойжеткендер Сәуленің үйіне үшінші күні түс ауа келді. Бар дайындықтарын көріп, күтіп отырған Сәуленің отбасы қызының достарын құшақ жая қарсы алып үйге кіргізді. Қызық үйге кіргенде басталды.

Үйге кіргенде қазақы салт пен қалжыңды қатар ұстанған жастар төмен жаққа қайсысың отырасың, шыныны кім алып береді, — деп үшеуін қыжырта бастады. Бірақ Ерлен Сәуленің отбасындағылардан ұялып, оның үстіне сөзден қашып бірден төрге шығып кетті, төменгі қатарда Өркен, оның сәл ғана өр жағына Мұрат отырды.

Сәуленің отбасы бала-шаға демей, үлкендердей сыйлап, бар ықыласымен күтті. Сәуленің отбасындағылардың ақкөңіл адамгершілігіне дән риза болған үшеуі де осындай үйге күйеу болғанның арманы бар ма? – деп іштерінен тамсанды. Жастар жағы кімге күйеу деп тиісерін білмей, әредік сөзбен түйреп, тамаша ойын-сауық құрды.

Күн кешкіріп кетті, — деп қонақтардды қолқалап қондырды. Қатар салынған төсекке қисайған Мұрат, Өркен және Ерлен қиял жетегінде, үшеуі де бір-біріне сездірмеген бір арманның жетегінде ұйқысыз таң атырды. Үшеуінің ойлағаны да болашақта осы үйге күйеу бола қалсам…

Таңғы астан кейін меймандар бірден аттанды, бәрі де:

  • Көп рахмет!
  • Көп әуреледік!
  • Ағай-апай, сау тұрыңыздар, үлкен рахмет!
  • Сәуле, сабақта жолығайық, — деп қоштасып жатты.

Ең соңында Ерлен Сәулеге қол беріп жатып:

  • Сау бол, Сәуле, рахмет, бұл отбасы болашақта үш жұртымның бірі болуды жазсын! – деді Сәулеге ғана естіртіп. Өмірінде Сәулеге сезімі туралы айтқан алғашқы сөзі де осы еді. Беті ду ете түсті.
  • Оны тілесең, төрдің алдында жалпиып неге отырсың? — деп сөзбен бір түйреп алды да, «Сау бол!»- деп теріс айналып басқаларға сөйлеп кетті.

Тек үш жігіт қана емес, келгендердің бәрі де Сәуленің отбасын қимай аттанды. Бауырмал, қонақжай отбасына деген шексіз құрмет бәрінде де бар еді. Ал, Ерлен көңілінде мұнартқан Сәуле кескіні жарқ ете түскендей болды, Ерлен жарқыл баянды болғай деп ішінен бір Алласына сыйынып аттанды. Бала көңіл ғой, әрине.

Бұл қарусыз жүрсе де қалжыңсыз жүрмейтін қазақтың, Сәуленің қалжыңы ма, әлде, шыны ма? Ойнап айтты ма, әлде ойындағысын айтты ма? Кім білсін…

АЙЫРЫҚ

Құрбан айт мерекесі өте салысымен, «Ақтілек» өнер тобы Үрімжіге үлкен бәсекеге барып, қазақтың халық әні «Құдашаны» орындап бас жүлде жеңіп алып, Текеске үлкен жеңіспен оралған еді. Бірақ бұл жолғы бәсеке достардың жолын айырыққа әкеліп тіреді, себебі, осы бәсекеде үш жігітке де Шинжаң көркемөнер университеті мемлекеттік грантын ұсынған еді, Бірақ бұл университтетің табалдырығын аттауды Өркеннің отбасы ғана мақұлдады.

Өркен жаңа жыл мерекесін достарымен бірге өткізді де, кешікпей аттануға дайындалды. Кетерінен бір күн бұрын Мұрат пен Ерленді, Сәуле мен Саяны үлкен көпірдің басына шақырып алып ұзақ әңгімелесті.

Текестің толқыны мұзға оранып әдемі көрініс беріп жатыр. Әр жерден мұз жарығынан толқындар күнге шағылады. Өркеннің көңілі де дәл осындай еді.

  • Мен енді сендерге тек сағыныш сыйлайтын шығармын. Бірақ қимаймын сендерді, сендермен жүрген күндерді сағынамын, — деп ағынан жарылды.
  • Қайда жүрсеңдер де сәттілік тілеймін.ммемлекеттік емтиханға жақсы дайындалып өз армандарыңа жетулеріңе тілектеспін, — деді толқып тұрып.
  • Өркен, сен алаңсыз оқуыңа кіріп кет. Бізде мақсат үшін күресетін соңғы айлар қалды, алдыда үлкен сынақ күтіп тұр, — деп бастаған Ерлен ұзақ әңгімесінің соңын хабарласып тұрамыз, хат жазысып тұрамыз, — деумен аяқтады.

Мұрат пен Сая да өз тілектерін айтып, ертең шығарып саламыз,- деп көп сырласты, тек Сәуле ғана сөзге сараң араласып, өзен жағасынан көңілсіз қайтты.

Өмір жолы сан тарау, арман алыстарға жетелейді, бірақ, сүйген жүрек қанша алыстаса да, соғу жиілігі өзгермек емес, алыстан сыйласу кейде сүйіспеншілікті арттырып жіберетіні де ақиқат.

Достық ұлы ма? Әлде махаббат па? Көзден кеткен дүние көңілден кетер ме? Кім білсін…

ОҚ

Достық жүгін арқалап, махаббат жүгін жүрегіне жасырып Өркен Үрімжіге аттанды. Мұрат пен Ерлен құлазыған көңіл-күйлерін қарбалас дайындықпен толықтырып, біріне-бірі Өркеннің орнын өгейсітпеуге тырысып жүр еді. Бір күні таңғы аста  әкесі Ерленге Қазақстандағы туыстарынан келген шақыртуды көрсетті. Көп өтпей атажұртқа көшетіндері белгілі болды.

Сәуленің бекімді жауабын естуге асығып жүрген көңіл енді қимастық сәтіне ауыса бастады, Мен Қазақстанға барсам ол да бірге бара ма, — деген ой меңдете берді. Кетем деп айтайын десе, достарының жүрегін ауыртып аламын ба деп, алаңдады. Мұратты жалғыз тастап кеткен де қиын, ол сол сәтте ғана Өркеннің кетерінде қаншалықты қиналғанын сезді.

Бәрінің аса ыждағаттықпен жоғары оқу орнына түсу емтиханына дайындалып жүрген күндерінің бірі еді. Ерлен бірде Сәулені жеке шақырып алып:

  • Мен атажұртқа кетемін, — деп тіке айта алмай сөзді орағытып, Сәулеге сұрақ қоя бастады.
  • Сен қайдан оқисың? Осы жақтан ба әлде Қазақстаннан ба?
  • Осы жақтан.
  • Оқуды тамамдаған соң барасың ба?
  • Жоқ, бармайтын шығамын, үйдегілер жібермейді, — дегенде Ерленнің жүрегі зырқ ете түсті. Сөзді ары соза алмады, тек таңдауын сұрады,
  • Оны жоғары оқу орнына түскеннен кейін шешемін, ойланғым келмейді, — деп қысқа қайырды мінезбен. Бұл баяғдан белгілі дағдылы жауап-ты.

Қиял шүңетіне батқан Ерлен үйіне келген соң да ұзақ ойланды, келесі апта көшетіндері анық болды. Мектепке енді бару тоқтады, әкесі құжаттарын дайындап көш қамына кірісті. Ерленге Өркеннің жолын таңдағанннан басқа амал жоқ, яғни достармен қоштасу ләзім.

Әдепкі мекен, үйреншікті көрініс, тек көктемнің қар суына қосылған Текестің толқыны ғана әлденеге ашуланғандай айбарлана жиекке соғылады. Көпір басында төртеу, бүгіннен кейін үшеуге түсетіні анық. Ерлен толқыған көңіл күйін сездірмеске тырысып, өзенге қарап тұрып:

  • Мен де атажұртқа қарай аттанып барамын. Сендерді биіктерден көргім келеді, менің арманым енді атажұртта жалғасады. Мұрат, енді Сәуле де Сая да саған аманат. Жан достарыңның үмітін ақта, сенімін жерге тастамайды деп сенемін, қайда жүрсек те мүмкіндігінше хабарласып тұрайық. Болашақта Қазақтың маңдайы жарқыраған ер жігіттері мен қайсар қыздары болуды Алла нәсіп етсін, — деп сөйлеп тұр еді, Сәлуе бетін басып бұрыла салып тұра жүгірді.
  • Сәуле! Сәуле! — үшеуі бірдей айқайлады, бірақ артына қарар емес, қарауға дәті де шыдамайтын еді.

Сәуленің жылап кеткенін көрген Ерлен сөзінен жаңылып тұтыға берді. Көңілдері босай берді, Мұрат пен Сая да білдірмеген сыңай танытып сырласқан бейне байқатты. Бірақ бәрі өзен жағасынан көңілсіз қайтты.

Беймаза түн құшағы, Ерлен төсегінде ұйықтай алмай тұншығуда. Бір кездегі Ерленнің жүрегіне түскен жарқыл сәуле Сәуленің көз жасымен қосылып лаулап жанып кеткендей болды. Өз батылдығына өкінді, бірақ айтқан сөз атылған оқ, айту парыз да. Сонымен, жол айырық, таңдар басқа, өмір өз дегенін көрсетер.

Ерлен Қазақстанға аттанды, отбасымен қозғалған көштің алдында негізгі жүкпен әкесі екеуі кетті.

  • Қош махаббат, қош бол туған жер! Мен туған еліме кетіп барамын, — деп артына жаутаңдап, үнсіз іштей егіліп қарай береді.

Бір ауыз сөз өміріңді өзгертеді. Бір ауыз сөз таңдарыңды гүлге ораса, бір ауыз сөз тағдырыңды талқандайды. Шешім де сол, жүрегің отқа оранса да тағдырдың дегеніне көнбек керек.

ЖЕЛ

Ерлен атажұртта жарты жылдан астам жүрді де ауылына жұмыспен қайта айналып келе жатыр. Асыққан көңіл-күй, тәтті сағыныш, әр түрлі сұрақтар мазалайды.

Сәуле, Мұраттар қадйа екен, не істеп жүр екен деп кеткелі хат-хабар алыса алмаған достарын іздейді.

Ол жұмыс ретімен бірден ауылына өтіп кетті де, үш күннен соң аудан орталығына достарының хабарын білуге келді. Өркен сол бұрынғы Үрімжідегі оқуында, Мұрат Бейжіңге оқуға кеткен. Ал, Сәуле мен Сая түскен жоғары оқу орындарына көңілі толмай, қайта дайындалып жүр екен.

Олардың әр жерде жүруі Ерленге ой салды. Сәуленің жауабы не болды? Сәуле әлі ешкіммен сөз байласпады деген сыныптастарының сөзі оған қамшы болды.

Бұл істе Ерлен Мұратқа қатты ренжіді, сеніп тастап кеткен Сәулені жалғыз қалдырғандай көрді, көз алдынан орта мектеп құшағы кино лентасындай өте шықты. Мұрат, сен біз күткен үміттен шықпадың, — деп әлденеше рет қайталады. Сәулені үшеуі де жалғыз тастап кеткендей, өздерін кінәлі сезінді.

Ол достарының телефон нөмерлерін таба алмай, қайта дайындықта жүрген Сәуле мен Саяны іздеп келді. Бар ойы Сәуледен жауабын есту, өзіне деген ыстық ықыласы бар ма соны білу. Ой құшағында тұрған Ерленді оқу орнынан шыққан Сая селк еткізді. Сағынысқан құшақтар мауқын басып ұзақ сырласты, Саяға атажұрттың әңгімесі қызық, Ерленге Сәуленің әңгімесі қызық.

Саяның үсті-үстіне қойған сұрақтарынан соң, Ерлен:

  • Сәуле қайда? – деп сұрап еді, Сая бірден түсіне қойып басынан бастады
  • Сен кеткеннен кейін көп өтпей Сәуле Мұратты таңдады. Жоғары оқу орнына түсу емтихандарын бірге тапсырды, Мұрат Бейжіңге оқуға түсті, Сәуле Үрімжіге түсті, бірақ, Сәуле: Мен де тек Бейжіңнен оқимын,- деп қайта дайындалып жатыр. Сол уәдемен Мұратты Бейжіңге аттандырды, қазір күн санап Мұраттың қасына кетуге асығып жүр, – дегенде Ерлен бағанадан бергі алуан ойларына тоқтау салды. Ұзақ әңгімеде көп қызықтар айтылды.

Қызу әңгіме тұсында арт жақтан:

  • Ерлен? — деген таныс дауыс естілді. Ол Ерленнің келгенін естімеген, өз көзіне өзі сенбей тұрған Сәуле еді.

Сәулемен Ерлен жаңа бейнеде жолықты, досының махабаты һәм сағынышы. Сырласты. Екі жақтың қызықтарын әңгімеледі, достарының телефон нөмерлерін алып сағыныш мауқын басты да көп өтпей атажұртқа қайта аттанып кетті.

Қоздап тұрған махаббатты желпіген жел Ерленді жаза бастыра, достар арасына сызат түсіре жаздады. Өсек жаныңды да, тәніңді де жаралайды, сабыр керек, сабыр деген байламға келді де аттанды. Енді қашан қайтып келерімді кім білсін, бәлкім, келмейтін де шығармын деді ішінен…

ҚҰЙЫН

Ерлен атажұртқа келген соң Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне, дәстүрлі ән мамандығына оқуға түсті. Жаңа білім ордасы, жаңа мәдениет, жаңа орта біраз уақыт басқа іске мойын бұруға шамасын келтірмеді. Арада зулап екі жыл өте шықты. Тек анда-санда сағыныш қоздағанда, ескі күнделіктерін, суреттерін бір ақтарып қояды. Бала дәуренді еске алады, аулада қолтықтасып жүрген қыз-жігіттер санасына сағыныш ұялатады, сағындырады, бірақ әлі ешкімге қайталай ғашық бола алмай жүр.

Бірде Алматының қала күні еді. Ерлен мерекелік думандарды аралап келе жатып, құлағына бір таныс ән, таныс дауыс естіді. Жүрегіне өте жақын жылы леп естілді.

  • Сәуле, Сәуле, — деп ән шығып жатқан жаққа тұра жүгірді. Сахна маңы толған әншілерді тамашалаған қауым, арасынан килігіп өтіп қанша талпынса да ән салған адамның түрін көре алмады. Ал, дауысы, дауысы өте таныс…

Ән аяқталды, ұлттық киімдегі қыз сахна артына қарай айналып кетті. Ол артынан үкілі сәукелесін ғана көрді. Топты бұза жара тұра жүгірген Ерлен бірер баланы жығып та кетті, бір-екі әженің айғайын да естіп үлгерді, бірақ ешнәрсе әсер етпеді. Ол сахна артына оралғанда әнші кетіп қалған еді. Сол маңайда жүрген әртістердің қасына жетіп келген Ерлен:

  • Қазір ән салған қыз қайда кетті? – деді дауыстап, қатар тұрғандар жан-жағына қарап еді, бірі:
  • Әне, анау, машинаға мініп жатыр, — деді. Ерлен жалт қарап еді, машинаға отырып жатқан қыздың көйлегін ғана көрді, көрді де тұра жүгірді. Ол машинаға жете бергенде, машина қозғалып кетті. Жүгіріп келеді: — Такси, — деп айғайлап жүгіріп барады…
  • Ассалаумағаликум аға, ана машинаның артынан, — деп тоқтаған бір машинаға қарғып мінді,- Қуып жетіңізші,- деді… Өң мен түстің арасындай болған елестен бір айырылса қайта таба алмайтындай сезінді. Машинаның қарасын ғана көріп келеді, қала толған кептеліс, тез жүру мүмкін де емес. Үш төрт көшеден кейін алдыңғы машина тоқтағандай болды, ішінен ұлттық киімдегі бір қыз түсіп кетіп бара жатыр, Ерлен кептелісте тұрған машинадан түсе сап жүгірді.
  • Сәуле, Сәуле, — деп қаттырақ айғайлады, бірақ қыз қарайтын емес, жүгіріп артына жете бере:
  • Сәуле!- деп айғайлап жіберді. Қыз жалт қарап:
  • Ерлен?!-деп қуанып айғайлап жіберді, сағыныштарын басып екеуі құшақтаса амандасып ұзақ тұрды. Бұл Сәуле емес, Сая еді.

Екеуі де бір жоғалтқанын тапқандай, асылын кездестіргендей күйде. Ұзақ сырласты. Сая Ерленнен соң жарты жылдан кейін атажұртқа келіп, журналистика факультетінің студенті атанған еді, бірақ байланыс нөмері болмағандықтан ешкімге хабарласа алмаған. Сол күннен бастап Ерлен мен Сая күнде кездеспесе тұра алмайтын, балғын бала күндерінің елесін тапқандай күйде еді.

Ерлен Саядан Сәуленің де Бейжің қаласына оқуға түсіп Мұраттың қасына кеткенін, өз отбасы Қазақстанға келіп, қазір осында тұратынын естіді.

Содан бастап олар бір арманның жетегінде, Алматы қаласынының тұрғындарына айналды.

Өмірдің шешуі, яғни тағдыр деген осы шығар,  күндер өтіп жатыр, достар анда-санда хат алысқанымен жиі байланысқа шыға алмады. Сая мен Ерлен де қайтадан туған жерге ат ізін сала алмады. Көзден кетіп көңілден ғайып болғандай күндер өтіп жатыр.

СӨНБЕС АЛАУ

Көзді ашып жұмғанша бес жыл өте шықты. Сәуле мен Мұрат Бейжің  университетін, Өркен бастапқы университетін тамамдап үшеуі сол туған ауданына оралып қызметтеріне кірісіп кеткен. Ерлен мен Сая Алматы қаласынан оқу бітірді де, ұсыныспен бірден Астана қаласына келіп орналасқан еді. Қазір мемлекеттік мекемеде қызметте. Бір күні электронды почтасына Қытайдан хат келіп түсті. Ол Мұрат пен Сәуленің тойға  шақыруы еді.

Ерлен Саяны ертіп дәл уақытында келіп үлгерді. Өркен – асаба, Ерлен – күйеу жолдас, Сая – қыз жолдас. Сол баяғы бала күндегідей ажырамас сүйіспеншілік. Текес өзенінің бойында думанды той болды. Тойдың бір әлетінде балалық шақты еске алып, «Ақтілек» болып ән шырқады. Сәуле мен Сая да қосыла тамылжытты, келгеннің бәрі бүгіннің ғашықтары деп тамсанды… Достық тілектің, ақ жүректің шынайы көрінісі – олар – достарының бақытты шаңырағының уығын шанышқанына қуанды.

Достық һәм махаббат өмір жолында келе жатқан жолауышының бөктерген қоржынының екі басы. Егер қоржыныннң екі басы тең болмаса, еріңіз ауып ат тұяғының астында қалуыңыз әбден мүмкін…

Сөз – жүрек пен ақылдың бірлігінен шықса өмір жаза баспақ емес, ғұмыр адаспақ емес. Шексіз ғаламда шексіз бақытқа кенелмек тек шексіз сезімдердің ғана еншісіне жазылмақ…

2007 жылы, маусым

Кентау

Taggs:
Пікір жазыңыз