АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

«Əлиханша айтсам: Қазақ баласының білім алуына қызмет қылмай қоймаймын»

«Əлиханша айтсам: Қазақ баласының білім алуына қызмет қылмай қоймаймын»

Өткен аптада ақындығы бір төбе, айтқан ойлары қоғамда түрлі пікір туғызып, талқыланып жүрген, журналистік қыры да бар, химия пәнінен дарынды балаларды тәрбиелеп жүрген, елордадағы республикалық KazBilim орталығының басшысы Аятжан Ахметжанның жаңа үш кітабы жарыққа шықты. Талантын таза жолда ұстауды мұрат етіп, уақытын адал еңбекке жұмсап жүрген азаматтың өлеңдер жинағы «Мінез» деп аталса, білім саласы мен ұрпақ тәрбиесі турасындағы таңдаулы публицистикалық мақалалары «Ұлт болам десең…» кітабына топтастырылыпты. Ал үшінші кітабы ғылымның төресі — химия пәнінің 8 сынып оқушыларына арналған есептер мен жаттығуларға арналған. Қытайдан атамекеніне оралған азаматпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

— Аятжан мырза, туған елге оралған 10 жыл ішінде еліміздің ағарту саласындағы қандай жетістіктер мен келеңсіздіктерге куə болдыңыз?

— Елге оралған 10 жыл ішінде білім саласында қаншама реформа жасалса, соның бірі де соңына жетпеді. Мен келгелі бес Білім жəне ғылым министрі ауысты. Бесеуі бес түрлі реформамен келді, еш нəтижесіз кетті. Осы баянсыздық адамды қажытады. Əсіресе жасалған реформалар тек мемлекеттің қаржысын игеру мақсатымен қолға алынатынына қарным ашады. Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ солардың бірінің де неге артында сұрауы жоқ? Өкініштісі сол, қаншама қаржы бөлінген үлкен жобалардың құмда ізі, сайда саны қалмады. Біздің білім саласын құртып отырған бірден-бір дүние осы. Неге іске аспады дегенге келсек, қазақтың «көрпеңе қарай көсіл» деген керемет сөзі бар. Біз реформа жасағанда не орта буынның, не жоғары буынның шарттарымен санаспадық. Əбден жолға қойып алғасын, төбеден жай түскендей күй кештік. Мені осы қынжылтады.

Ал, жетістіктер жөнінде айтар болсақ, ол да жоқ емес. Қазақ балаларының халықаралық білім додаларында оза шапқанын көрдім. Шетелдік балалардан қазақ оқушыларының əлдеқайда дарынды екеніне куə болдым. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, көптеген мектептердің өз бетінше жұмыс жасап, үздік нəтижеге жетіп жатқаны мені қуантады. Сондай-ақ, қазақ мектептерінің жəне қазақ сыныптарының көбейіп келе жатқанын ойласам, төбем көкке жетеді. Қазір қазақ сыныптарының саны 80%-дан əлдеқайда асып кетті. Жəне бір ерекше атай кететіні, мен ең алғаш білім саласына келген кезде қазақтілді мектептердің деңгейі орыс мектептерінен төмен деген пікір бар еді, ол күн де келмеске кеткендей. Қазақ мектептерінен шыққан оқушылар орыс мектептерінің балаларын басып озды. Міне, бұл — ауыз толтырып айтатындай жетістік.

— Көпшілік сіздің ұстаздық қызметіңіздің негізі — химия саласы біздің елімізде кенже қалған деген пікірде. Бұған не дейсіз?

— Бұл пікірмен толық келісемін. Кез келген қазақ немесе қазақстандық еліміз туралы айтқанда алдымен табиғи байлығын сөз қылады, жердің кеңдігімен мақтанады. Оны қозғамайтын қазақ жоқ. Бірақ… Сол байлық химия ғылымының даму деңгейінің төмендігінен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Егер бізде химия қарқынды дамыса, біз тек шикізат көзі емес, дайын өнімді сататын елге айналар едік. Осы ғылымның кемшін тұсын реттеу мектептегі, университеттегі білім алушылардың мойнындағы жүк деп білемін. Алайда біздің тағы бір кемшілігіміз — ХХІ ғасырдың 20 жылына жақындағанда химияның дамуына ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы көзқараспен қарауымыз. Ғылымымыз кеңестік идеологиямен қалай ауырса, содан əлі жазыла алмай келеді. Əлі күнге ғылым орыстыкі, жаңалықтың бəрі орысқа тиесілі көрінеді, бір сөзбен айтқанда, химия саласына жаңаша көзқараспен қарай алмай келеміз. Бұл — ғылымға үлкен тұсау.

— Жуырда Елбасы өзінің халыққа Жолдауында кейбір пəндердің ағылшын тілінде оқытылатындығын жеткізген еді…

— Иə, 10-11 сыныптың оқушылары кей пəнді ағылшын тілінде оқитын болады деді. Президент бір нəрсені жақсы айтты. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, ағылшын тілін балаларға үйретеміз, сонымен бірге үш тілділікке көшеміз деді. Яғни қазақ тілінің қолдану аясын кемітпей, жастардың ағылшын тілінде білуіне жол ашылады. Сөйтіп, орыс тілі өз орнынан шегінуі тиіс. Ағылшын тілінің мектептегі сағаты орыс тілінің есебінен болып, қазақ тіліне салқын түсірмеуі қажет. Міне, мемлекет басшысы осыны меңзеп отыр. Енді осыны Білім жəне ғылым министрлігіндегі атқамінерлер дұрыс түсініп, Елбасының мақсатын лайықты деңгейде жүзеге асыра алса, əрине, біз бұл реформаны қос қолдап тұрып қолдаймыз. Сонымен бірге, ағылшын тілінің өзін ауылдық жерлерде, шағын қалаларда тұратын оқушыларға үйрету сапасын жақсартуды ойластыру керек. Ал пəнді ағылшынша оқыту — екінші дүние. Дəл қазір көрпемізге қарай көсілетін уақыт, оған шамамыз келмейді, дайын да емеспіз. Керісінше, соған кететін қаржыға химия, физика, биология ғылымдарының зертханасын жасақтаған жөн деп есептеймін. Өйткені мың жерден ағылшынша сөйлеткенмен, зертханаң болмаса, ғылым тірілмейді. Нақты тəжірибе арқылы болашағын елестете алатын сала болғандықтан, гуманитарлық пəндер секілді химия, физика мен биологияны ауызбен айтып дамыта алмаймыз. Ал мектептегі, ЖООдағы зертханалар жұмысын дамытпай, құр ағылшын тілінде үйретіп, ғылымды тірілту дегеніміз түйенің мұрнын жұдырықпен тесумен бірдей дүние.

— Енді жеке өзіңізге келсек, былтырғы басыңыздан өткен «жағдайдың» сізге салқыны тигенін жақсы білеміз, ол əсіресе елордалықтардың есінде. Сізге қарсы «ақпараттық шабуыл» əлі бітпеді ме?

— Өмір — күрес. Азамат болып, өмірге араласқаннан кейін күресу керек. Былтыр біраз жерге барып қалдық, жұмыстан да қуылдық. Ақпараттық шабуыл, жан-жақты шабуыл биыл саябырсыған сыңайлы. Əйтсе де, аяқтан шалу, түрту тоқтамақ емес. Егер дəл сондай кедергі болмаса, мен бизнеске түбегейлі кетпес едім. Білім саласының бір кірпіші болып қалануға дайын едім. Алайда сол бір «дүниелердің» кесірінен жартылай болса да бизнес саласына қызмет ауыстыруға тура келді. Дегенмен, менің алдымды тосқысы келетін, аяқтан шалғыш кез келген дұшпаныма айтарым — мені ешкім де білім беру саласынан кетіре алмайды. Əлиханша айтсам, мен тірі тұрғанымда қазақ баласының білім алуына қызмет қылмай қоймаймын. Сол үшін күреспей қоймаймын. Бойымдағы барымды беремін. Астананың түкпір-түкпірінен, ауылдық жерлерден келіп, жүздеген бала менен химияны үйреніп жатыр. Мейлі, бизнесте жүріп болсын, мектепте не университетте болсын, мен қазақ баласына химияның қыр-сырын үйрете аламын. Ал біреу маған тас атты екен деп, онымен жағаласып жүретін уақыт жоқ.

— Бірақ, Алаш арыстары айтпақшы, өз ауылыңның адамдары тас атып жатса қиын шығар?

— Бұл сұрағыңмен жараға тиіп отырсың… Əрине, ауыр, қиын. Елемеуге тырысасың, бірақ елетеді. Кейде «үре берсін» дейсің, десе де, сол үргенге жұрт сенеді, байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Алайда Ахмет атамыздың мына бір сөзі бар ғой: «Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бəрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» деген. Мен біреу тепті екен деп, жатып алатын адам емеспін. Тебе берсін! Қайта мені андасанда солай оятып тұрғаны керек. Бұған дейінгі «шабуылдың» кері əсері де болды. Несін жасырайын, біраз уақыт жұмыссыз қалдым. Мақсатым үш кітап емес, одан да көп кітап шығару болатын. Тағы екі кітаптың 70-80 пайызы дайын тұр. Жыл соңына дейін олар да жарыққа шығады деп ойлаймын. Осы кітаптар арқылы отыз жасымда есеп бергім келді. Ал бұдан кейінгі еңбектерім тек қана қазақ баласының химияны үйренуіне бағытталатын жол, ұстаздарға көмекші болады деп есептеймін.

— Əсерлі əңгімеңізге көп рақмет! Шəкірттеріңіз білім шыңынан көріне берсін!

Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы

elana.kz

Taggs:
Пікір жазыңыз