АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

Пәндерді ағылшын тілінде оқыту бізге кемінде 10 жылға дейін мүмкін емес.

Пәндерді ағылшын тілінде оқыту бізге кемінде 10 жылға дейін мүмкін емес.

Аятжан  АХМЕТЖАН, республикалық «Қазбілім»  орталығының  директоры:

Жақында реформадан көз ашпайтын сала басшысының эксклюзивті сұхбаты жарияланды. Ел дүрліккен мәселелерді «Жас Алаш» газеті қаузап, тиісті жауап алғандай-ақ болды. Бірақ білім саласында көңілді күпті еткен, түйіні тарқамаған тақырып әлі де жетерлік. Осы ретте әлеуметтік желіде қоғамдық пікір көшбасшылары тұщымды ой айтып, биліктің шашбауын көтергендерді сынның астына алуы керек еді. Десе де бұйығы жұрт әліптің артын бақты.

Расында, саланы төрге емес, көрге сүйреген басшылықтың былыққа толы әрекетін әшкерелеп, ашық ой білдіруге екінің бірінің тісі батпасы анық. Сондықтан қарқынына көз ілеспейтін саланың қазіргі салмағын алыстан орағытпай, білім майданында қарусыз күресіп жүрген маманмен тілдесіп, жақыннан бажайлауды жөн санадық. Республикалық «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжан арнайы «Халық» газеті үшін білім саласындағы біз білмейтін ауыс-түйіс, реформаның жай-жапсарын ашық әңгімелеп берді.

– Аятжан  ағай, сөздің басын­ реформашыл саладағы  ауыс-түйістен  бастасақ. Басшылықтың жыл өтпей  жаңарып, жаңалығын тықпалай келуі дәстүрге айнал­ды. Бұдан бізге келіп кетер пайдасы мен зияны қандай?

– Соңғы  басшылықтың келгеніне бір жыл болды. Осы уақытта басшылық құрамы толық алмасты деп айтуға болатын шығар. Өйткені жаңа министр кел­гелі­ оның үш орынба­сары, ұлттық тестілеу орталығының директорымен қоса алмаст­ы. Мәселе былай, қазақта «шымшық сойса­  да, қасапшы сойсын» деген бар, реформа жасасын, бірақ рефор­маны сол саланың майын ішіп, жілі­гін  шаққандар жасаса, онда біздің ұтылмасымыз ақи­қат. Десе де бізде орта білім саласы рефор­маға сұранып тұр­ғандығы, ре­фор­ма  керек  екендігі де рас. Бірақ қандай реформа және қандай өзгерісті жү­зеге асыра аламыз? Нақтырақ  айтсақ, «көрпеге қарай көсілетін» жаңа жүйе бізге керек-ақ. Онсыз біз ғылым-білім бәсекесінде, түрлі нанотехнологиялар дамыған XXI ғасырда көштің соңын бермеспіз. Бірақ әрқандай реформаның негізгі күші мате­риалдық база мен кадр­лық әлеуетке келіп тіреледі. Өкінішке орай, бізде реформа жасауға осы екеуі де да­йын емес. Мектептердің сыртқы жағдайы мен ішкі потенциалы екі басқа. Көп білім ошақтарының материалдық базасы XX ғасырдың 50-жылдарындағы деңгеймен қалып қойған. Ал оған әкеп электронды басқаруға көше  қоямыз  деу – әбестік.

– Ал кадр әлеуеті төмен, білімі  жетімсіз  болса  ше?

– Қарапайым мысал, футбол  командасында бапкер мықты болмаса, ойыншы  қанша  тәуір  ойнағанымен, әлемдік  деңгейге  шыға  алмайды. Сол секілді мұғалім мықты болмаса, ғылым мен білімде сапа болмайды. Оқулық сапасыздығы, бағдарламаның дұрыс еместігі бар, мұның бәрі маманның сауатсыздығы мен білімсіздігінің қасында  түкке де тұрмайды­. Ол – ақиқат. Кез келген сапан­ы  беретін  сол саланы беске білетін мамандар ғана. Ал сапалы дүниені қылшығын шығарамын деп, былшығын шығаратын болса, онда жақсы дүние жасаудың еш пайдасы жоқ. Бірінші – кадр мәселесі.

– Жұмсақ  креслода отырып  көпіре  беру – көптің  қолынан келетін шаруа. Ал іс жүзінде өзін дәлелдеп, білім саласы­ның самарқаулығын жойған немесе сол үшін тырысып жүрген басшылық бар ма бізде? Сіз айтқан шымшық сойғыш  қасапшылар  қайда?

– Көп. Бірақ, әттең… Біз­де сала мамандарынан гөрі сырттан әкелу басымырақ. Білім саласында әлем танитын Асқар Жұмаділдаевтан бастап, өзіміздің Қазақстандық деңгейде ғылыммен, менед­жерлігімен, білім саласындағы түйгендерімен басшы болуға лайық небір мамандар  отыр. Бірақ, білім сала­сы экономикалық ба­ғытқа ұйысқан, экономистер басқаратын министрлікке айнал­ып кетті. Бұл – бұр­малаусыз шындық. Бірақ, амал жоқ, осы реформаны бастап­ кеткен экс-министрі­міз Аслан Сәрінжіповтың өзі, нақтырақ айтсақ, банкир. Ал қазіргі креслоның егесі Ерлан­ Сағадиевтің де экономист екені жалпақ жұртқа аян.

– Бұл  сөзіңіздің  астарында Ерлан  Сағадиевті  қазіргі орнына лайық емес деу жатқан сияқты…

– Ерлан Сағадиев керемет менеджер, керемет басшы шығар. Бірақ, білім саласын білетін  адам  емес. Оны бас­қа  саланы  басқаруға, экономикалық бағытқа ұйыстырса, керем­ет болып кетуі әбден мүмкін. Бірақ білім саласы оның қолы емес. Оның үстіне үш орынбасарының екеуі білім  саласының  адамы  емес.

– Расында, бүйректен сирақ шығару үрдісі білім саласын осы  кезге дейін  айналып  өткен емес. Оны көзіміз де көріп жүр. Жалпы, жаңа реформаны жа­сау­  кімге, не үшін керек?

– Мен өзім Бірғаным Әйтімова басқарған кезден бергі басшылықты толық білемін. Олардың жасаған рефор­масы мен енгізген өзгертулері де маған жақсы таныс. Бұл жерде қолдауға болаты­ны Б.Жұмағұловтың кезіндегі бірлі-жарым өзге­ріс­тер ғана. Кадр мәселесіне байланысты мұғалімдерді қайта даярлаудан өткізу бағдарламасы қабылданды, педа­гогикалық мамандық­тарда біртұтас сырттай оқыту деген мәселе тоқтатылды, мұнымен қоса жеке универ­ситеттердің біразының жа­былуына түрткі болғанын білемін. Одан  басқа реформалар сырттың, біреудің қолымен  жасалып  жатқандай көрінеді. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген тәмсіл бар, бізде Астананың деңгейінде орындалатын бір дүние болса, жалпы Қазақстанға қол­дана  саламыз  кеп. Дәл қазіргі реформа бүкіл материалдық базасы бар, мамандардың жартысы  сырттан  шақырыл­ған  жоғары Назарбаяв зияткерлік  мектебінің деңгейінде  орындалуы мүмкін. Ал оны барып 7000 мектепке шашу жыртық үйге компьютер әке­ліп қойып бергенмен бірдей.

– Басшылық сол реформаны  бүкілхалықтық талқылауға салдық, бірнеше ай талқыланып барып қолданысқа енгізіл­ді дейді. Ал халықтың, білікті мамандардың керексіз реформаны қолдауы мүмкін емес. Бұл мәселеде сіздің көзқара­сыңыз  қандай?

– Білім  министрінің «Жас Алашқа» берген сұхбатында мемлекеттік комиссия бар екендігі туралы айтылған. Кешірсін, бірақ кімдермен талқы­лап, кімдермен тексе­ріс жүргізетіндігін ешкім біл­мейді. Жалпы, комиссия құ­рамында сол салада, сол басшылық қарамағында жұмыс істейтін адам болса, оның  қорытындысын  қоғамдық  қорытынды ретінде  алуға  болмайды. Өйткені сала маман­дары бөлім бас­шысының пікірінен аттай алмай­,  көп нәрсеге қол қойып береді. Біздегі дерт – осы. Қоғамдық комиссия тәуел­сіз  адамдардан  құрал­ған  жағдайда ғана мойындау­ға болар еді. Негізі кез келген реформа бұрынғы бар жүйе­нің кем-кетігін толық­тырып, дамыту үшін жасалуы­ тиіс. Ал ескі жүйені сызып тастап, жаңа дүние жасау­ – ол  ақша  игерудің жолы ғана. Мұндайда мемлекеттік бюджетті  босқа  шашу деген  дұрыс  шығар.

– Тақырыптан  сәл  ауыт­қып, мұғалімдер жайына тоқталсақ. Мұғалімдердің  жағдайы көп даудың астында қалып  жүргені  жасырын емес. «Қағазбастылық», «қолбала» ұғым­дары  ұстаз  қауымға  таңыл­ғалы  да біраз болды. Осы мәселе­ге  алып-қосарыңыз  бар ма?

– Мұнда екі жақты көз­қарас  бар. Бірі, қолбала болуы – жергілікті әкімшілікке бағынуынан. Ал жергілікті әкімдікті тек жоғарыдан келген бұйрықты орындату ғана қызықтырады. Керексіз концерттер мен керексіз жиындарға мұғалімдерді сандалту – жергілікті әкімдіктегілердің ауруы. Енді «қағазбастылық­қа» келсек, министрлік пен әкімдікке жаутаңдаған мұғалімдерге екі жақтан келген қысымның  әсері.

– Қазір, сонда, өз құқығын білмейтін мұғалімнің көбейіп кеткені  ме?

– Соңғы кезде дәл осы мамандыққа  тек  аутсайдерлер түсетін болды. Әр мектептің нашар оқитындары мен мұғалімдікті қаламайтындар ақшасы аз немесе балы төмен деп тапсырады. Оқуды бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін тек күнкөріс үшін сылбып жүргендерге ақ десең де, қара десең де көне­ді.  Яғни көнбіс халыққа айнала­ды. Ал мұғалімдердің деңгейінің түсуі осындай педагогте­рдің көбеюінен сияқ­ты, мұғалімдер кім көрінгеннің қолшоқпарына айналатыны  да  содан.

– Ал олардың «қағазбастылығын» жоюдың қандай да бір жолы бар ма?

– Мемлекеттік біртұтастылық  қалыптасу  керек. Күн­тізбелік  жоспарды алсақ, мемлекет жалпыға ортақ үлгісін құрастырып бекітуі керек­. Әркім өз алдына жасауы дұрыс емес. Дәл сол сияқ­ты басқа да құжаттарды біріз­ділікке салып, реттеу керек. Сабақ жоспар жасауда да электрондық жүйеге көшуге тиіспіз. Мұғалімдердің құлағына алтын сырға, заңда электронды сабақ жоспар жасауға болады деп көрсетілген. Бірақ талап етуші орындар қағаз түрінде әкелуін міндеттейді. Бұл талап етуші орындардың әлі де заңдық сауатсыз екенін көрсетеді. Мұға­лімдердің ішкі потенциалы, ішкі білімі артуы керек. Сонда ғана ол өзінің құқығын тала­п  ете  алады.

– Халық зиялы санайтын мұғалімдердің  қоғамдағы  орны, беделі күн сайын төмендеп барады­. Ал олардың беделі, мансабы заңмен қорғалуы керек­  пе?

– Мұғалім  беделінің түсуіне  әкеп соқтырған – Бала құқығы туралы заңның енгізілуі. Ал бізде кейбір заңдық нормаларды білмеудің кесірінен шаш ал десе, бас алатын жағдайға кетіп қалды. Егер бала құқығы туралы заң болса, мұғалім құқығы туралы да заң міндетті түрде керек. Онда мұғалімге рұқсат етіле­тін, тыйым салынатын ережелер толық көрсетілсе, құба-құп.

– Күн тәртібіндегі мәселені қаузасақ, еліміздің бас мұғалімі 4 бірдей пән ағылшын тілінде оқытылатын болады деген еді.

– Құжатта бекітілгені – химия, физика, информатика, биология пәндері. Оны ағылшын тілінде оқыту бізге 10 жылға дейін мүмкін емес.

– Неліктен?

– Себебі бұл пәндерді қалалық жердің өзінде қазақша толық беретін мұғалім кемшін. Оның үстіне ағылшын тілін жетік білетін маман ешқашан мектепке бармайды. Бұл мәселенің орындалатын, орындайтындай да еш қисыны жоқ. Жалған есеп ретінде кейбір мектептер ағылшынша оқытып бастап кеттік дейді. Біз барып көр­дік. Ол мектептерде тек аталған пәндердің терминоло­гиясы ғана ағылшынша оқытылып жатыр. Химия ғылымы емес, химия терминологиясы  ғана.

– Сіз мұғалімдікке тек аутсайдерлер түседі деп айтып қалдыңыз. Мұғалімдікке түсуге  жаңа талап, қатал бағдарлама  керек деп ойламайсыз ба?

– Жоқ. Талап қаталдан­ған сайын оған жақсы оқитындар баратын жағдай мүлдем жоғалады. Керісінше мұғалімдікке баратындарға қосымша стипендия тағайындау, тегін жатақханамен қамтамасыз  ету сияқты жеңілдік қарастырылуы керек. Сол кезде осы мамандықты таңдау ықтималдылығы  жоғарылайды.

– Білім саласында «Сауа­т ашудың» салмағы қандай? Балабақшадан сауа­тын ашып келген бала­ға «сауат ашқызға­нымыз»  дұрыс па? 0 сынып енгізіліп, «Әліппе» қайта оралатын болады дейді. Бұл  сорақылықтың шегі  емес пе?

– Кешіріңіз, бізде  0 сыныпты мүлде енгізе алмайды.

– Жоғарыдағылар солай­  дейді…

– Бұл – білім саласын білмейтіндіктерінің ке­сірі. Өткен жылы оқу баста­лғанда  386 мың бала мектепке барды. Ал мектеп­ бітірушілердің саны – 160 мың. Қазір кез келген мектепте бір сыныпта 30-35-тен бала отыр. Кей мектептерде 17-18, тіпті 23 бірінші сыныпқа дейін ашылған. Ал егер 0 сыныпты енгізетін болсақ, осы көрсет­кіш екі еселенеді. Яғни 600 мың бала мектепке баруы керек. Ал бұл тіпті де миға қонымсыз. Бұл – 15 жылдан бері 12 жылдаққа көшеміз деп жасал­ған жұмыстардың артын сылап-сипап жабудың жолы. Көштік пе, көш­тік. Міне…

– Сіз айтқан оқулық жайын қайта көтерсек. Кітаптардың сапасы сын көтермейді  деуге  негіз  бар ма?  Оның құрылымы, мазмұны, түптелуі мен стандартқа  сайлығы  тексерілмей  ме?

– Қаралады, тексеріледі. Бірақ, бірізділік жоқ. Оқулықтың бағдарламасын жазатын құрам мен оқулық жазатын құрам – мүлдем екі басқа ұйымдар. Оқулықты жазат­ын жеке баспалар. Ал баспаның мақсаты – ақша табу. Ол кезде сапа екінші орынға түседі. Осы кезге дейін оқулықтағы олқылықтың кетуіне, қатенің өріп жүруіне байланысты ешқандай баспа ресми құзыретін тоқтатқан жоқ. Яғни біз­дің  салада  қателік жібергені  үшін, реформасы іске  аспағаны  үшін еш­кім  заңмен жауапқа тартылған  емес. Тартыл­майды да. Сондықтан кез келген нәрсе атүсті қарала  береді.

– Министрлік  не қа­рап  отыр?

– Біздегі көзбояшулық қой. Төмен жақтан келген керемет деген есеппен алданып отыр. Ал  өздері  барып тексеру­ге жоғарыдағылардың құлқы жоқ. Себебі керемет емес екенін біз айтпасақ та олар жақсы біледі.

– ҰБТ мәселесінде алып-қосарыңыз  бар  ма?

– Қанша сын айтқыш болсам да, бұл жерде 100 пайыз қолдаймын. Алдыңғы тестілеу 13 жыл өткізілді. Ескі жүйе ескі­ріп-ескіріп тозды. Оны өзгертпесек те болмайды, себебі соңғы 2-3 жылда  балалар  тестті телефонмен, шпоргалкамен тапсырып кеткені  ақи­қат. Енді біз­дің жаңартатын кезіміз келді. Бұл – бір. Екіншіден, бір мамандыққа бару үшін бір ғана пән­ді таңдау баланың қа­білетін, пәннің маңыздылығын ашпайды. Сапасыз  маман­дардың дайындалуын осыдан-ақ  бай­қауға  болады.

– Бұл мінсіз жоба болды­  ғой…

– Министрлік  жақсы  жоба  жасады. Бірақ бір нәрсе ескерусіз қалды. Жаңа жобаға көшетіндігі туралы 29  қазан күні ресми  түрде хабарлап, ресми түрде бекітілді. Жаңа форматқа  байланысты 3 наурызға дейін ұлт­тық тестілеу орталығы бірде-бір қосымша  материал  шығар­ған жоқ. Бұл дегеніңіз – 4 ай уақытта оқушы жаңа формат туралы бейхабар болды деген сөз. Қазір Астананың өзін­де жаңа кітапшаларды таппай жүрген оқушылар жетерлік. 2 ай уа­қытта жаңа реформаға бейімделуге балалардың шамасы келмей жатыр. Реформа  жасамас бұрын алдымен материалдық негізі жасалуы керек. Сол бағдарлама бекі­тілген күні оқулықтар сақадай-сай болса, құда да, құдағи да тыныш.

– Келер жылдан бас­тап мектеп бітіруші әр оқу  орнына барып, тестілеу   тапсыратын  бола­ды  деген  сөз  желдей есіп  жүр. Содан кейін көз  қысты, бармақ басты деп, бұрынғыдай оқуға ақшамен түсу  бас­талып  кетпей  ме?

– Егер университеттерге беретін болса, онда күдік расталады. Бармақ басты, көз қысты болады. Егер ресми түрде бекітілсе, ресми түрде пікірімізді айтамыз, қарсы тұрамыз. Тестілеуді өткізу Ұлттық тестілеу орталығының құзыреттілі­гінде бөлек қалуы керек.­

– Жалпы, еліміздің білім жүйесін бағамдап, оның болашағына баға берсеңіз.

– Біздің қазақ балаларының әлемдік деңгейде дарынды екеніне өзім сан мәрте көз жеткіздім. Біздің білім жүйесінің болашағы жоғары деп ойлаймын. Басқа салаға немқұрайлықпен қарауға, жобалар жасап ойнауға бо­латын шығар. Бірақ білім саласы ойнайтын, атүсті қарайтын сала емес. Үлкен жауапкершілік пен мықтылықты талап етеді. Бір істі бастамас бұрын кім болса да мемлекеттің тағдырына, ұрпағының болашағына жауапты екенін сезінуі керек. Қысқасы, көлденең көкатты келіп-кететін сала емес бұл.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Құралай  ЖАҚСЫЛЫҚ

Респбуликалық «халық» газеті

Taggs:
Пікір жазыңыз