АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

ЭКСПОДАН ЕСТЕЛІК

ЭКСПОДАН ЕСТЕЛІК

Кеше біреу мақтап, біреу даттап жатқан EXPO-2017-ні көзден кешірдік. Мерекелік демалыс күні болған соң шығар халық өте көп, кез келген жерде кезек, иін тірескен адам… Бірақ дені өзіміздің қара көздеріміз… 
Онсыз да 115 мемлекет, 20-ға жуық халықаралық ұйымның бөліктерін аралап шығу бір күннің жұмысы емес, оның үстіне адамның көптігі де кері әсер етіп, 4 сағат мөлшерінде ғана аралау мүмкін болды. Өзіміздің мемлекеттің «Нұрәлем» бөлігі жайнап тұр, көретін дүние де көп… Кей мемлекеттікі жай бармыз деген ғана атағы болмаса, әсері жоқ көрінді… 
Сонымен EXPO-2017-ден не түйдім?!… 
Кез келген дүниені немесе мәселе туралы жамандағысы келген адам 100 кемшілік, мақтағысы келген адам 100 артықшылық табады ғой. Артықшылықтан бастап көрейін, бірден мін іздемей… 
Артықшылығы: көркемдік, кеңдік, заманауилық, техно һәм ұлттық. 
Мен EXPO-2017-нің басты артықшылығын осы бес сөзбен бағаладым. Ең алдымен, көркемдігі. Бәріміз ашылуынан бері суреттегідей көріп жүргендей тамаша, бұған дейінгі Астана ажарына ажар сыйлайтын құрылыс пен ішкі нақыш көзге оттай басылады. Бүкіл әлем қызыға қарайтын деп атауға тұрарлық. Әр елдің павильонындағы өзгеше нысан бірден тәнті етеді. 
Кеңдік. Осыған дейін өткен көрмелердің біразын интернет желісінен сүзіп өттік, бұрын EXPO өткен деген ғимаратын көзбен де көрдік. Бірақ, жекелеген ғимарат еді… Біздікі тамаша қалашық деуге болар, бір павильоннан екіншісіне өтіп, бәрін араламаққа кемі егер толық назар салып технократ маман ретінде көз салсаң онда кемі бес күнді жібересің… Егер техниканың ішіне, мәніне, болашағына, құрылымына қызықсаң, әйтпесе, мен секілді жаратылыстық ғылымының адамы көзімен қарасаң айдың өзі қысқа болар, бірақ, әрине күнде кіріп шығу тегін емес… 
Заманауилық. Шыны керек ең қатты таңғалдырғаны ғылым- техниканың біз үшін елестетіп болмайтын мүмкіндіктерінің барлығы. Әлемдегі жасыл экономиканың бүгінгі келбетінің шынайы көз алдыға келетіні қуантты. 
Техно. Әрине біз үшін бүгінде сөз емес техниканың құлағында ойнау басты мақсат болу керектігі тәуелсіз елді ұстап тұру үшін №1 мақсат болу керектігін мен емес, академик Асқар Жұмаділдаев ағам айтып жүр ғой… Сол техниканың, біз игеруге керекті басты керек бағыттар көрініс тапқаны қуантты… 
Ұлттық… Ұлттық құндылықтармен ауырған, кез келген істен ұлттық нышан іздей беретін біз үшін «Нұр әлемнің» есігінен кіре бергеннен көрініс тапқан ұлттық тарих пен қазаққа тән құндылықтар қуантты. Ұлттық павильонның әр қабатындағы дүниені сөзбен жеткізу мүмкін де емес шығар, оны тек көру керек, мәніне үңілу керек… 

Кемшілігі: Асығыстық, көзбояушылық, әсірелік…

EXPO кемшілігін осы үш сөзбен ғана тоқтауды жөн көрдім. 
Экспоны жеңіп алған алғашқы кезде мүлде қимыл болмай соңғы айларда қыс жазға қарамай тыраштану басып кеткені баршамызға аян. Оның үстіне бір басшысын соттап та үлгеріп жаттық арасында… Ал, дәл осының кесірі көрініп тұр, экспоның бітпей қалған шеткі құрылысы, бітпей қалған жер асты тунелі, бітпей қалған… т.б. бөліктерін ақырын ғана көз бояп өте шыққаны мен секілді жұрттың көзіне ілініп үлгереді… 
Ал, біздегі әсірелік басым, бұл қазір экспоны сылтау еткен Астана мен Астана маңындағы бағада көрніс тауып жатқанын бәріңіз білесіздер… Ал ішінде де әсірелік көзге ұрып тұр… бағада ғана емес қызмет көрсетуде де… Кезекке тұрғандағы біздің полицейлер мен сол жердегі еріктілердің дөрекілігі сәл ұялтады… Әрине, халықтың да басып жаншып өте шығуы ұялтады…
Енді көретіндерге беретін кеңесім: 
Экспоны көру керек, егер сізге жаңа заманғы дүниелер, техникалар, әр елдің техникаға деген көзқарасын сезгіңіз келсе үш айдың үш күнін арнау сіз үшін үлкен мүмкіндік. Қазақ жақсыны көрмекке демейтін бе еді, сол үшін де ешқандай ренжімей ғана көру керек, өкінбейсіз деп ойлаймын….
Бірақ, шынайы сезінгіңіз келсе, онда меніңше мына дүниені ескерген дұрыс.
1. 10 жастан төмен бала ертіп керек емес, иә балам қызық үшін деп ертіп алғаныңыз дұрыс та шығар, бірақ, онда соңына дейін көре алмайсыз, кей дүниенің мәніне тоқтап үңіле алмайсыз, себебі, баланың амандығы, жоғалып кетпеуі деген дүние бар….
2. Барынша адам аз уақытта бару уақытыңыз үшін де, көп дүниенің ішікі мәніне үңілу үшін де керек. Егер мен секілді мерекелік демалыста барсаңыз жарты уақытыңыз кезекпен кетеді)))
3. Ішіне суыңызды, жақсы фотоаппаратыңызды арқалап, өзіңіз шаршамайтын таңғы уақытта кіріңіз, немесе кешкі салқында… әрине, ғимарат іші салқын бірақ бір павильоннан екіншісіне барғанша да шаршап қаласыз… 
Экспо және ел ертеңі: 
Экспоның үш айы өте шығар, бірақ, сол үш айдан кейінгі нысанды тиімді пайдалану жағы ойландырады. Ең бастысы да сол деп ойлаймын, өйткені жұмсалған қаражаттың бүгін ақталмасы анық, сол үшін де нысанның ел ертеңіне жұмыс істеуі ең маңызды деп ойлаймын… 
Мені экспоны аралап жүріп ойлантқан, ішімді ауыртқан жалғыз жағдай… біз жасыл энергия деп, экспо деп әлемге жар салып жүріп, мына жақтан АЭС салғалы жатқанымыз парадокс емес пе? Ісіміз бен сөзіміз алшақтық емес пе?! — деп қоямын…

P.S. Ел жазып жатқан дүниені қайталауды дұрыс көрмедім. Мен барған күні адам өте, өте, өте көп болды, шетелдіктер бар ішінде бірақ қатты көп емес…
Өзіміздің әріптестер көп екені бірден білініп тұр, себебі, сіз…, — деп танып жатқандары, танысып жатқандары көп болды… 
Кезінде сабақ берген біраз шәкіртім жұмыс жасап жүргені де көз қуантты…
EXPO-2017 көруге тұрарлық көрме, өз өкінішім – толық аралауға уақыт жар бермеді, қалған екі айда әлі де кіріп көру керек…
Бір билетпен бес алты рет кіретін болсашы, — деп армандайсың осындайда)))

Taggs:
Пікір жазыңыз