АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

2017 ның жыл жабары

2017 ның жыл жабары

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал, – демей ме дана Абай. Күнтізбелік жаңа жыл аунап жатқанда, өткенге есеп беріп, алдағы жылға жоспар құратынымыз бар, біраз жылдан бері… (өткен жылдардың есебі мына сілтемеден көре аласыздар http://aizere.kz/?p=685, әрине қызық болып жатса).
Сол дәстүрмен биылғы жылды да біраз саралап көрелік, жалпы жалдағы атқарған тірліктер мен атқарар жоспардың бәрі тікелей жұмысқа байланысты болуы есептің көп бөлімі Республикалық «KAZBILIM» орталығы жұмысымен тікелей қатысты болмақ….
1. Жыл бақыты
Он жетінші жылдың ең үлкен бақыты отбасымда Айарыс атты ұл өмірге келді. Екі әпкесінің артынан өмір есігін ашқан ұлдыңқылығы бүгінде отбасыдағы ең тәтті қызық. Алла отбасыға алдағы жылдарда да жақсылығын нәсіп ете берсін!
2. Жылкездесуі
Жылдың ең басты кездесу қуанышы – ақпанның басында Ұлттық кітапханада үш кітаптың тұсауын кесіп, ордалы отызға есеп бердік. Тізгінді досым Ербол Алшынбайға ұстатқан бұл кеш оқырман, тілекші ағайынмен емен жарқын бір кездесу болды.

3. Жылсаяхаты
Биыл наурызда өзім мүлде аяғым тимеген Қазақстанның батыс бөлігіне табан тиді. Блог құрылтай-2017 аясында Атырау облысына саяхат керемет болды. Екі құрлықтың қиылысындағы қаланың тамашасымен, облыстағы біраз тарихи орындармен танысудың сәті түсті. Біраз жаңа достар таптық… Алдағы жылы Қазақстанның өзім бармаған екі облыс – Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облысына сапарласам деген ниет бар.
Бұдан тыс биыл араға үш жыл салып туған жерім Хантәңірдің бауырына барып қайттым. Туған жер қанша ыстық болсада бұл сапар тек құлазу сыйлады, жүрек езілді. Әрине бүгін өзгенің жұрты болған өз мекеніміздің ертеңі бұлыңғыр.
4. Жыл әдіскерлігі
Биылғы жыл Мәдина Махамбетқызы замандастың өтінішімен Жетісай ұстаздарымен оқушыларына үш күн, Гулнар Кулжанова әріптестің ұсынысымен Қапшағай қаласының оқушыларымен мұғалімдеріне толық бір күні семинар-тренинг өткіздім. Екеуіде әріптестеріме қуаныш сыйлаған сапар болды. Ал Астанада Республикалық «KAZBILIM» орталығында 14 рет, Астана қаласы №53 мектеп-лицейінде бір рет оқушыларға мотивациялық семинар-тренинг, химия пәні мұғалімдеріне №73 мектеп-лицейінде екі күндік мастер-класс өткіздім.
Алдағы жылы бұл жұмысты үлкен деңгейге көтеру мақсаты тұр…
5. Жыл еңбегі
Биыл Республикалық Қазбілім Орталығының редакциясынан бір жылда 14 оқу әдістемелік кітап шығардық, оқушылар мен ұстаздардың ықыласына бөленді. Ал өзім үшін әріптесім Nurbay Nursapauly және Сауле Жаппарова мен бірлесе дайындаған «Химия олимпиада есептері мен шешу жолдары» кітабым үлкен еңбек болды. Бірақ дәл химия бағытында жоспарланған екі кітаптің нүктесі мен үтірі қойылмай 2018-дің еншісінде қалды. Бұл жылы да Республикалық «KAZBILIM» орталығы кітапханасын байыта түссек деген мақсат бар.
Бұның сыртында білім саласымен ұрпақ тәрбиесіне арналған баспасөзде 6 мақала жазып, 7 сұқбат беріппін.
6. Жыл қайырылымдығы
Жалпы білім беру саласында тек бизнес мақсатында жұмыс істеу ұстаздық ұстанымға қарсы. Сол үшін де әр жылы біраз баланы тегін оқыту негізгі жоспарымда бар. Аяқталған оқу жылында 4 баланы тегін бір жыл оқытсақ, осы оқу жылына 20 оқушыға грант беріп қабылдап отырмыз. Ал бұл болашақта үлкен жобаға айналады деп ойлаймын.
7. Жыл жетістігі
Биылғы жылдың мен үшін ең үлкен алғысы «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті ұйымдастырған «Жыл адамы» байқауында «Жыл ұстазы-2017-нің» қанжығама байлануын үлкен қуанышпен қабылдап, үлкен жауапкершілік ретінде сезіндім. Ұлт ұстазы Ахаңнан жалғасқан аманатты ұстауды азаматтық парызымыз санадық.
Ал, Республикалық «KAZBILIM» орталығы үшін ең үкен жетістік Астана қаласы Сарыарқа даңғылынан №1 филиалын ашып, жұмысын бастадық. Онда бүгінде 300-ден астам бала білімін жетілдіріп, 40-қа жуық мұғалім еңбек ететін, шығармашыл ұжым қалыптасты. Ұлттық біріңғай тестен 146 оқушының орташа ұпайы 111 болып, тек медицина саласының өзінде 52 оқушы грант жеңіп алды, бұл менің емес ұжымның қажырлы еңбегі.
Бұның сыртында Республикалық «KAZBILIM» орталығы «Астана дарыны» ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып тұңғыш рет Қалалық химия олимпиадасын өткізіп, 8-10 сынып оқушылары арасынан 180 оқушы қатысты. Екі күнге жалғасқан олимпиаданың нәтижесінде Астана қаласы №66 мектеп-лицейі мен Астана қаласы №60 мектеп-лицейі екі деңгейдің кубогын өзара бөлісті.
8. Жыл жауапкершілігі
Бүгінде әлеуметтік желідегі белсенділіктің әсері кейде жауапкершілік жүктегендей сезіледі. Өзім біреуге әлеуметтік желіде достассам немесе жазылсам, одан тұшымды дүние оқысам деген мақсатпен жазыламын. Алондай дүние көре алмай жатсам ол парақшамен қоштасамын. Дәл осы мақсатта өзімде парақшама шама шарқымша қызықты, пайдалы, өте-мөте өз саламнан сауатты дүние беруге тырысамын. Осы жауапкершіліктің биылғы жылы көлемі кеңейіп кетті, себебі, facebook желісінде (https://www.facebook.com/aiatjan) 9 мыңға жуық, инстаграмда ( @aiatjan ) 5 мыңға жуық оқырман, вконтакте желісінде (https://vk.com/aiatjan) 4 мың оқырман, youtube арнасында (https://www.youtube.com/kazbilimtv ) 1500 көрермен… (басқа желілерде белсенді емеспін,) жалпы үш желіде ұзын саны біразға барды. Бұл мені оқитын қауымға үлкен сыйластық, құрмет негізінде болса да, пайдалы дүниемен бөлісу парыз болмақ.
9. Жыл өкініші
Өзім үшін кітапқа ден қойғалы биылғы жыл соңғы 10 жылда ең аз кітап оқыған жылым шығар, ұзын саны 5 том ғана дүние оқыппын, бұл өте үлкен өкінішім болды. Енді 2018-дің ең үлкен жоспары екі жылдың жұмысын бір жылда атқару болып тұр. Сәттілік болса…

Он жетінің желісін осы тоғызбен тоқтата қояйын… Сіздерге күнтізбелік жыл құтты болсын!
Жаңа жыл жемісті, өрісті жыл болсын!

P.S. Сурет Мықтыбек Оразтайұлы замандастан)

Taggs:
Пікір жазыңыз