Аятжан Ахметжан. МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ТІЛГЕ ЕМЕС, БІЛІМГЕ БӨЛІНУІ КЕРЕК

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов талапкерлер биылдан бастап ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыра алатынын мәлімдеді. Шенділердің осы бастамасына қатысты KAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Талапкерлер биылдан бастап ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыра алады деді. Бұл процесс осы күнге дейін қаншалықты ашық жүргізілді?

– Талқыланған жоқ. Бұл осыдан екі жыл бұрын үш тілде білім беру бағдарламасы қабылданған кезде «болашақта ағылшын тілінде оқытылатын пәндердің емтиханын ағылшын тілінде тапсыруға болады» деп айтылған. Бірақ жалпы жұрт ол кезде үш тілде оқыту мәселесін көп талқылап кетті де, ҰБТ мен ағылшын тілі мәселесі көлеңкеде қалып қойды. Бұл сол бағдарламаның заңды жалғасы. Сосын, мұның екі жағы бар. Дұрыс жағы – осы күнге дейін орыс тілінде ҰБТ тапсыруға рұқсат беріліп келді, онда неге ағылшын тілінде тапсыруға рұқсат бермеске? Үш тілде оқытып отырған соң солай болуы керек емес пе? Дұрыс емес жағы – барлық пәнді бір тілде тапсыру біздің жағдайда қиындау. Біз қазақ тілін білмейтін тағы бір буынды өсіріп шығаруымыз мүмкін. Қазақ тіліне деген сұраныс азайған үстіне азая түседі де, қазақша білмейтіндер ағылшыншаға ауыса салады.

Халықаралық статусы бар біраз мектептер, оның ішінде жекеменшік мектептер бар, жартылай мемлекеттік, мемлекеттік мектептер бар – оқушыларды қазақ тілінен алшақтатпаса, үйрете алған жоқ. Бұл бағдарлама, алдымен, солардың мүддесі үшін жұмыс істейді деп ойлаймын.

– Сонда статусы жоғары мектептерде оқыған балалар қазақ тілінде ҰБТ тапсыруға қабілетсіз бе?

– Солай. Қазақ тілінде емтихан тапсырса жоғары балл ала алмайтыны анық. Сондықтан бұл мектептің атына кір келтірмеу үшін осындай қадамға баруы мүмкін. Бұл жағдайда осыған дейін қазақ тілін білмейтін орыстілді қауым қалыптасса, бұдан кейін қазақ тілін білмейтін ағылшынтілді қауым қалыптаса бастайды.

– Сіз қолдамайсыз ба сонда?

– Тек белгілі бір пәндерді ғана ағылшын тілінде тапсыру керек десе қолдаймын. Мәселен, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы сияқты пәндерді қазақ елінде тұрып өзге тілде тапсыру ақылға сыйымсыз жағдай ғой. Қазақстан тарихының бүкіл базасы қазақ тілінде жазылады, ал оны ағылшын тілінде тапсырудың қажеттілігін көрмей тұрмын.

– Айтуларынша, қазақ және орыс тіліндегі нұсқалар өзгеріссіз аударылып беріледі. Бұдан келіп-кетер пайда жоқ сияқты…

– Пайда жоқ, әрине. Бұл – мектепте пәленбай жыл оқытып, бір ауыз қазақша үйрете алмаған білім жүйесінің кемшілігін жабудың бір тәсілі ғана.

– Ағылшын тілінде тест тапсыруға өтініш 10 наурыздан бастап қабылдана бастады. Бұл қабылдау мамыр айында тоқтайды. Бірақ әзірге бұл тараптағы мәлімет жарияланған жоқ. Бұл нені білдіреді? Адам аз болған соң жасырып отырған жоқ па?

– Жоқ. Ағылшын тілінде тапсыратын мектептерді мен былай-ақ көріп отырмын. Өтініш Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейі, Хейлибери бастаған жекеменшік мектептердің түлектерінен көптеп түседі. Бұған күмән жоқ. Негізі, бұл ҰБТ сол мектептер үшін жасалып отыр. Ал мемлекеттік баланстағы, мемлекеттік стандарттағы мектептердің түлектері арасынан ағылшын тілінде тапсыруға жүзден біреу болмаса, өзгесінің мүмкіндігі жоқ.

– Сіздіңше, өтініш қаншалықты деңгейде болады?

– 3-5 пайыз аралығында деп ойлаймын. Өйткені жаңағыдай мектептердің жалпы саны пайызға шаққанда өте аз.

– Жаңа сіз айтқан арнаулы мектептер болмаса, қатардағы мектептердің мүмкіндігі белгілі. Ағылшын тілінде тапсыра алмайтындар тапсыра алатындармен салыстырғанда ұтылып қалмай ма?

– Мәселе – гранттың қалай бөлінетіндігінде. Ағылшынша тапсыратындарға қандай да бір басымдық берілетін болса, онда әрине, қатардағы мектеп ұтылады.

– Бұл туралы білім және ғылым министрлігі әлі нақты айта қойған жоқ. Дегенмен қандай да бір жеңілдіктер болуы мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Өйткені бізде мемлекеттік грант бөлінген кезде тілдің үлес салмағы ескеріледі. Мысалы, бұған дейін орыс тілі бөліміне түсу қазақ бөліміне түсуге қарағанда жеңілдеу болып келді. Орыстілді оқушылардың көпшілігі мектеп бітірген соң Ресейге оқуға түсуге талпынады. Оларға бөлінген гранттың бос қалған орындары төмен балл жинаған оқушылардың есебінен толықтырылады. Сол сияқты грант жеке-жеке бөлінетін болса, онда ағылшын тілінде тапсыру оларға өте тиімді. Тағы да қазақтілді бала таяқ жейді. Сол себепті конкурс тіл бойынша емес, жалпы білім көрсеткіші бойынша жүруі керек.

– Қазақ оқушысының ағылшын тілін меңгеруі жайлы арнайы статистикалық зерттеулер бар ма?

– Өздігінен ізденіп, арнайы курстарға жазылып, білім алып жүрген жекелеген оқушылар болар. Ал бірақ, мектеп бағдарламасы аясында ағылшынша үйренгендер туралы ешқандай мағлұмат келтіре алмаймыз. Қалалық мектептер болмаса, ауылдарда ақылы курстан өтетін де мүмкіндік жоқ.

– Сіз директор болып отырған KAZBILIM орталығы ҰБТ-ға дайындық бойынша бірнеше оқулық шығарғанын білеміз. Ағылшын тіліндегі ҰБТ-ға дайындау бойынша қандай да бір шаруаларға атсалыстыңыздар ма? Сұрақтарды ағылшын тіліне тәржімалауға ұсыныс түскен жоқ па?

– Ондай ұсыныс түскен жоқ. Менің ұстанымым – өзге тілдің көгертетіндер бізсіз де аз емес. Сол себепті біз қазақтілді ортаға қызмет көрсетеміз. Қазақтілді оқушының орыс, ағылшынтілді оқушылардан кем қалмауына күш саламыз. Тілді білген жақсы, әрине, бірақ жалпы білім жинау басты қағида болып қала береді. Ал тілді қажетінше кез келген уақытта үйренуге болады.

– Сіз ҰБТ-ның ағылшынша нұсқасын көрдіңіз бе?

– Көрмедім. Әлі жалпыға жария ете қоймады ғой. Бір ғана сұрақ туады: қаншалықты сапалы аударылды? Кімдер аударды? Егер осы жағынан сапалы жұмыс істей алмаған болса, онда бұл бастама күні ертең сынның астында қалады. Өйткені қазақшаны ағылшыншаға аударғанда мүлдем түсініксіз болып кетіп, сәтсіз аудармасымен балаларды құр босқа қинап, біраз оқушылар ағылшынша тапсыруға берген өтінішін қайтарып алмай ма деген сұрақ туады. Дегенмен көрмей тұрып нақты пікір айта алмаймын. Уақытында көрерміз.

– Тағы бір мәселе туындауы мәселе туындауы мүмкін. Егер ағылшынша тапсырғандарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған болса, ағылшын тілін жетік білмейтін оқушыларымыз «бонусына» қызығып, ҰБТ-ны ағылшынша тапсырам деп не анда, не мұнда жоқ болып арандап қалмай ма?

– Ол да мүмкін жағдай. Жеңілдік қарастырылды дегенді естісе, жұрт білмесе де жүгіреді. Сол себепті грант бөлуде тіл мәселесі өте нәзік. ҰБТ-ның мақсаты мемлекеттік грантты әділ бөлу ғой, ендеше, оқуға тілі үшін емес, жалпы білімі үшін қабылдануы керек.

– ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру туралы шешімнің орыс тілін ығыстыруы мүмкін бе?

– Бұл қазірдің өзінде жүріп жатқан процесс. ҰБТ соның бір әсер етуші факторы болуы мүмкін. Енді бір он жылда орыс тілі ығысып болады деп те болжауға болады. Ал біз орыс тілімен қоса, қазақ тілінің де көлеңкеде қалып кетпеуін ойлауымыз керек.

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

«Жас Алаш» газеті

342 рет жалпы оқылды 7 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *