АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

Қазақ түркі, бірақ, «түлкі» емес. Неге?

Қазақ түркі, бірақ, «түлкі» емес. Неге?

«Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе — шаршап, жаяу жүрсе — демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.

Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» — деп ойланып, толғанғаны бар емес пе еді Ұлы Абайдың. Апта бойы Түркияда жүргелі осындай бір ой мені де мазалады.

Тарихта қазір Қытай мақтанып жүрген Жібек жолының күллі экономикасын өрге сүйреп, керуендерін кемеліне келтірген түркі балалары екенін білерсіз. Күллі Жібек жолының бас аяғында жүретін керуеннің құдіреті түркі жұртының «түлкілігі» (іскерлігі, саудагерлігі, өзгенің тілін тапқыштығы) еді.

Кішкентай кезімізде ұйғыр ұлтымен бірге өстік, сегіз жасар баласынан сексендегі шалына дейін саудагер халық-ты. Ауылдағы тері мен жүннен бастап жинап алып, бизнесін жүргізіп, дәулетін асыратын-ды. Олардың асханасынан өтіп бара жатып, таңдайы тақылдап тамақ тізімін айтқан жігітке талай күле қарап кеткенбіз.

Ал, Қазақ топырағына табан тигесін дәл сондай қасиетті өзбек жұртынан көрдік. Тек бүгіндегі Түркістан облысын емес, күллі Қазақстандағы сауданың неше түрін жүргізетін өзбек ағайынды ала қаптарын арқалаған ала шапанды жұрт деп атап жүрміз.

Кейінде өзіміздің базардың бүкіл заты Алатаудың аржағындағы ағайыннан келетінін көз көрді. Айыр қалпақты ағайынның біразы біздегі базарларды ғана емес, күллі ТМД базарында саудасын жүргізіп, жұмыссыздық демей жанын бағып жүр. 2015 жылы Қырғыз еліне барғанда Ыстықкөлді брендке айналдырып отырған да қырғыз ұлтының еңбекқорлығы мен іскерлігі екенін көз көріп разы болып қайтқан ем.

Татар мен тәжіктің тамаша саудагерлігін мен айтпасам да жақсы білесіздер. Ал, бір апта болды, Анадолыдағы түрік ағайындарды көріп, тіршілігімен танысып біраз сырға қанықтық. Әлемді өзінің сапалы біраз өнімімен қамтып, «турецкий» дегізіп таңдай қақтырып отыр. Өзіне келгенде дүкенде құдасын көргендей қарсы алып, құдағиын аттандырғандай асты-үстіңе түсіп шығарып салады. Алмайтын затыңды қалай алып, қалтадағы ақшаңа қолыңды қалай салып қойғаныңды да білмей қаласың, іскер жұрт, ә?

Ал, енді өзімізше түркі жұртының ең тектісіміз, біз қазақ деп кеуде тарсылдататын біздің көп жағынан жоғарыдағы түркілерден кенже қалғанымыз ше?
«Қазақ мал баққан елміз, жай жатқан елміз», — дейтін заманмен қоштасып, нарық заманына өткелі де, арысын айтпағанда ширек ғасырды артқа тастадық. Нарыққа келген қазақ қарық болуға тиісті де еді, бірақ, базарын басқаға, бизнесін өзгеге ұстатты. Неге?

Түркі жұртының қара шаңырағында отырған қазақ ұлты, өзге түркі ағайынның «түлкілігін» неге үйренбеді? Неге нарық заманында әлі жалған намыс қуып жүрміз деп ойланамын да, ойланбай қайтем, атым Аятқайғы аталса.
Аа, айтпақшы біздің қазақ «заманың түлкі болса, тазы болып аяқтан шал» дейтін еді. Түлкі заманды шынымен тазы болып, аяқтан шала аламыз ба? Әлде, қақпанға түскен қасқыр болып, біздің қақпан нарық дейтін алпауыт бола ма? Тым құрығанда қақпандағы аяғын жұлып алар мінезді қасқыр болса арман жоқ-ты.

Мінез кімде? Ол заманауи ма? Біз кімбіз өзі? — деген ой ғой…

Аятжан Ахметжанұлы.

Taggs:
Пікір жазыңыз