АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

Дипломды сауатсыздан, дипломы жоқ сауатсыз жақсырақ.

Дипломды сауатсыздан, дипломы жоқ сауатсыз жақсырақ.

Өткенде, тура жаңа жыл күні ұлым ауырып емханаға түсіп, 14 қаңтарға дейін екі апта емханада жатып шықтым. Үйде кішкене қызым тұмау, емханада біз жатырмыз, әбден мазамыз кетті. Әйтеуір, дәрі егудің күшімен толық жазылып үйге келдік. Сол кезде ақ халатты жандардың қадірін түсіндім, кей ісіне сүйіндім, кей ісіне күйіндім. Бізде әр саланың біраз шикілігі, мамандардың немқұрайлылығы, адамға жан ашымастығы жан ауыртады ғой.

Шыны керек бүгін ауырып емханаға түссең де таныс іздеу керек, танысың болмаса… Иә, онда жағдайың танысың болғаннан әлде қайда жаман.

Сол емханада маужырап ұйықтап жатқан балама қарап отырып көп ойландым. Неге дейсіз ғой, себебі, жылда өз алдымнан түлеп ұшқан шәкіртімнің ішінен 90 пайызы медицина саласын таңдап, мемлекеттік грантты жеңіп алады. Яғни, болашақта жылда 70-80 шәкіртім дәрігер болып, ақ халат киіп отырады. Сол кезде олардың ұстазы ретінде менің де жауапкершілігім бар ғой, біз қандай шәкірт тәрбиелеп жатырмыз? Білімі қалай? Кәсібилігі қалай? Кәсіби моралі қандай деген сұрақ туындайды.

Бүгін орталыққа сол медицинаны таңдаған 4 шәкіртім іздеп келіпті. Бәрі де студент болған қызықтарын, топтарындағы жағдайларды, болашақ дәрігерлердің жайын айтады. Иә, бүгінде уатсап дегеннің құдіретімен грант жеңіп алатын қаншама талапкер бар. Уатсаппен грант жеңіп алуға болар, бірақ, ол сенің 7 жыл оқуыңа кепіл болмайды, ертең оқи алмай гранттан құлап жатсаң, сапасыз маман болып жатсаң, бәрібір қоғам сені лақтырады. Одан да білімді адамның жеңетін грантының алдын тоспай, сіңетін нанды жеп, шамаң келетін мамандыққа барған жөн.

Неге?
Себебі, еліміздегі бір университетке үш жыл бұрын медицина мамандығына грантқа 800 бала түскен, қазір үшінші курста оқып жатқан студент саны 150 айналасы. Қалған 650 студент оқи алмай қоштасқан, неге? Әрине, мектептегі базалық білімі төмен, грантқа әр түрлі жолдармен ептеп-септеп түскен, түскен соң қиналғанда, есі барда елін тапқан. Осы университетке қатты разы болдым, оқи алмайтын баланы ептеп-септеп бітіртпей, уақытында жібергені жөн. Дипломды сауатсыздан, дипломы жоқ сауатсыз жақсырақ, ешкімге кесірі жоқ. Әйтпесе, әр сессиясын 70-80 мыңмен жапқызып жүрген университеттер де бар. Бірақ, оқи алмайтын 650 бала оқи алатын 650-дің грантын ұрлап қойғанына ішім ауырады.

Жә, айтпағым, бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің болашағы. Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Адами капиталдың қайнар көзі – партадағы бала. Осы болашақ қаншалық сапалы, білімді, таза өсуі – ертеңгі елдің әл қуаты. Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады, – дейді ұлы педагог Мағжан Жұмабаев. Біз қазіргі білім саласымен ертең үшін серттесе аламыз ба? Мен үшін ең ауыр қорқынышты сұрақ.

P.S. Осы жерде бір мақтанып қояйыншы.) Бүгін шәкірттерім, химиядан бүкіл сессияны тек 100 деген балға тапсырдық, – деп мәз. Сіздің еңбек, – деп рахмет айтып, орталықты сағынып келіпті. Бір әңгімелесіп рахаттанып қалдым. Болашақта ауырсам қорықпаймын, сендер секілді шәкірттерім бар деп отырмын. Иә, ауырмайық әрине.

Ұрпағымызбен, шәкірттерімізбен мақтанатын күндер көп болсын!
Қазақтың әр баласы дарынды, дұрыс бағыт беру бізге парыз!!!

Аятжан Ахметжанұлы. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. Химия ғылымдарының PhD докторанты. Ақын. журналист. 

Taggs:
Пікір жазыңыз