Анам туралы естелік

Иә, әлемдегі ең ұлы есім — АНА!

Менің анам — Мақан Әнбияқызы. Мен үйде үш ұл, екі қыздан кейін соңғы сүт кенжесі болып өмірге келіппін. Өмірге келерден алты ай бұрын анамның мұрнынан қан тоқтамай қалалық емханаға түседі, дәрігерлер іштегі баланы (мені) алдырып тастауға кеңес береді, бірақ, анам келіспейді. Мен туылуға үш ай қалғанда қаладағы дәрігерлер анамның «бір айлық ғұмыры қалды, қолымыздан келмейді, бала туылғанда екеуінің бірін болса да, бірін құтқару мүмкін емес» деп шығарып салады.

Әкем ол кезде ауылдық емханада дәрігер еді. Әкем ауылға әкеліп, үйде өзі қарайды, ай-күнім толып мен өмірге келгенде анам әкеме:
Мені емес, баланы құтқарып қалыңдар, — деп кеңес береді. Алланың қалауы шығар, мен дүниеге келген соң шешем бір күн ес-түссіз жатып, есен жияды. Мұрнынан үздіксіз аққан қан да тоқтапты. Мен туғанда есік алдынан атпен өтіп бара жатқан әжеге кіндігімді кестіріп, батасын алыпты. Менің аман-есен өмірге келгенімді, анамның да аман-есен екенін атам Жәнелханға жеткізуге жүгіріп барғанда атам бесін намазының соңғы аятын оқып отырса керек, бірден:
— Аятжан деп қойыңдар, мен аят оқып отырғанда туған бала, — деп азан шақырып ат қойыпты. Солай өмірге келу-келмеуім екіталай болып өмірге әлсіздеу бала болып келіппін.

Анам содан денсаулығы түзеліп, мені аман-есен есейтті.
Қазақ еліне кетемін деп жолға шыққан күні облыс орталығына ертіп келді, сәл ауырыңқырап жүр еді, дәрігерге бір тексертіп шығамыз десек, дәрігерлердің шұғыл шешімімен ота жасататын болып емханаға жатып қалды. Сонымен Қазақстанға кетіп бара жатқан мен анама қарайлап қалдым да, 17-ші шілде анам отадан соң қалпына келіп, емханадан шығып ауылға кетті, мен 18-ші шілдеде өзім өмірге келген күнімде жиырма жасқа толған күні алғаш рет атажұртқа келдім. Анам атажұртқа келуді қатты армандады, бірақ, өкінішке дәм татпай кетті.

2009 жылы қыста ауылға барған едім, шешем емханада жатыр екен, мен барған соң «ота жасау өнім бермейді, 3-4 ай ғұмыры қалды» деп шығарып салды. Әкем, үлкен ағам үшеуміз ауылға алып бардық, содан әкем қазақи емге көшті, «ем болады» дегеннің бәрін істетті. Мен ол кезде ЕҰУ-нің екінші курс студенті едім, ауылда 15 күн болып қайта қайттым. Тәңертең жолға шыққалы тұрғанымда анама сау болыңыз деп айтуға кіргенімде шешем:
— Аят, құлыным, менің санаулы күнім қалды, сенен басқасы үйлі-баранды, өз отауы бар, ендігі арманым сен, келінімді әкеп маңдайынан искетіп кет, — деді. Шыдай алмай көзімнен жас шығып кетті, анам сезіп қалмасын, қиналмасын деп:
— Шеше, сіз әлі-ақ жазылып кетесіз, Астанаға барасыз, сол кезде келініңізді көрсетем, — деп шығып кеттім. Жазда Қытайға виза болмай, күзге таман бардым, шешем бұрынғыдан да азып кеткен екен, «біраздан бері тек екі адам әрең шығарып кіргіземіз, жағдайы қиын» деді. Иә, ол кезде дәрігерлер айтқан 4 ай түгілі 9 ай өтіп кеткен.

Сол жылы күзде әкем де, туыстар да «үйлен» деді, 3-ші курсқа жаңа кірген кезім еді. Сонымен 2009 жылы өзіміз де үйленейік деп шешіп, қазан айында Астанадан бір шоғыр ауылға келін алып бардық, үйде беташар, той болды.
24-ші қазан ауылда қалың қар жауды, қар жауып тұрғанда есік алдында беташар жасадық, бүкіл әулет есік алдына жиналған, шешем ғана үйде қалған еді. Досым Жақсылық Орынбасар домбыраны алып, беташар бастап жатқан, кезекті сәлем Мақан анамызға дегенде анамның «көп жаса құлыным» деген әлсіз дауысынан бәріміз жалт қарасақ, екі-үш айдан бері өздігінен тұра алмаған анам өзі келіп алған екен, бүкіл жұрт көзіне жас алды. Анам өзі келінінің маңдайынан иіскеп, бетін ашты. Кешкі тойға келіп, тілек айтып, батасын берді. Бәріміз анамның сол күнгі қуатына таңғалдық, қуандық, жылап та алдық қуаныштан. Сонымен бір апта үйде тұрып, келініне ақылын айтқызып, екеуміз де студент болғасын амалсыз қайтып кеттік.

2010 жылы қаңтарда, қысқы демалысқа шыға сала анамның көңілін сұрау үшін ауылға бардық, ол кезде анамның хәлі өте нашар екен, мүлде тамақ іше алмай қалған, қасында отырып тамақ ішу мүмкін емес, тек дәрі егудің күшімен жатыр екен. (Диагнозы өңештің қатерлі ісігі еді). Толық денелі анам шынашақтай болып қалған екен. Анам жатқан бөлмеден басқа бөлмеде ас ішсең, «менің қасымнан қаштыңдар» деп көңілі түседі, анам жатқан бөлмеде отырып ас ішсең, «қарнымның ашқаны оу» деп күрсінген кезде жаның түршігіп, ас жеу мүмкін емес еді. Солай ең соңғы рет анамды көруім сол жолы болды. Ұзақ тұра алмай сабаққа аттанып кеттік. Ауылдан телефон келсе жүрегім зырқ ететін. Солай қиын күннің бірінде 2010 жылы 6-шы сәуір күні 56 жасқа қараған шағында анам өмірден өтті. Біз Астанадан достардың арқасында ұшып-қонып, көлік алмастырып жүріп 33 сағатта ауылға жеттік, бар шамамыз бір уыс топырақ салуға ғана жетті.

Анам өте қайсар жан еді, міне өмірден озғалы да 9 жылға жуықтады. Өте көп сағынамын, жұрттың аналарын көргенде кәдімгідей қызғанамын, сағынамын, бірақ, бәрі арман боп қалды. Келінін көру арманын орындадым, бірақ, немересін иіскеп қазақтың даласын көре алмады.

Бүгін мерекеде желідегі аналарын құттықтап жатқан жандарға қарап қуандым. Иә, жарандар, аналарың барда көңілін табыңдар, мерекеде құттықтаңыздар, аналарыңызға қуаныш сыйлаңыздар. Ал, біз барша аналарға ұзақ ғұмыр тілейміз.

Мынау анам өткеннен соң сағынғанда жазған өлеңім еді, ана тақырыбында біздің шама енді осындай естеліктер мен өлеңге ғана келеді.

ОУ, МЕНІҢ АНАМ

Еркелеп өскен шат күндер,

Секілденіп балапан.

Жүректе сол бір тәтті үндер,

Аялы аппақ алақан.

 

Бәріне бүгін қош дедік,

Алладан тілеп қайырын.

Өмірмен мынау дос та едік,

Ажалдан қалмас айырым.

 

Оу, менің анам!

Тұғырыма биік қондырып,

Түлеуімді көрмедің.

Сағыныш болған мәңгілік,

Мейіріміңе шөлдедім.

 

Амал не, мынау жалғанға?

Қанжарды ерте қайырған.

Қанатты сермеп қалғанда,

Өзіңнен мені айырған.

 

Алаңдап әсте қайғырман,

Арт жақта біздер қалсақ та.

Жолдасың болып бар иман,

Орның болсын жәннатта.

 

Иә, аналар аман болсын! Ана, әйел, қарындастар жыламасын! Барша нәзік жандылар тек күліп жүрсін, жүздерінен күлкі кетпесін!

 

Аятжан Ахметжанұлы

 

8511 рет жалпы оқылды 24 рет бүгін оқылды
Rating: 5.0/5. From 1 vote.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *