Аятжан Ахметжан. МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ТІЛГЕ ЕМЕС, БІЛІМГЕ БӨЛІНУІ КЕРЕК

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов талапкерлер биылдан бастап ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыра алатынын мәлімдеді. Шенділердің осы бастамасына қатысты KAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Талапкерлер биылдан бастап ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыра алады деді. Бұл процесс осы күнге дейін қаншалықты ашық жүргізілді?

– Талқыланған жоқ. Бұл осыдан екі жыл бұрын үш тілде білім беру бағдарламасы қабылданған кезде «болашақта ағылшын тілінде оқытылатын пәндердің емтиханын ағылшын тілінде тапсыруға болады» деп айтылған. Бірақ жалпы жұрт ол кезде үш тілде оқыту мәселесін көп талқылап кетті де, ҰБТ мен ағылшын тілі мәселесі көлеңкеде қалып қойды. Бұл сол бағдарламаның заңды жалғасы. Сосын, мұның екі жағы бар. Дұрыс жағы – осы күнге дейін орыс тілінде ҰБТ тапсыруға рұқсат беріліп келді, онда неге ағылшын тілінде тапсыруға рұқсат бермеске? Үш тілде оқытып отырған соң солай болуы керек емес пе? Дұрыс емес жағы – барлық пәнді бір тілде тапсыру біздің жағдайда қиындау. Біз қазақ тілін білмейтін тағы бір буынды өсіріп шығаруымыз мүмкін. Қазақ тіліне деген сұраныс азайған үстіне азая түседі де, қазақша білмейтіндер ағылшыншаға ауыса салады. Жалғасын оқу…

БИЫЛ АУЫЛ БАЛАЛАРЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ТӨМЕН БОЛУЫ МҮМКІН…

ҰБТ-ның жаңа форматы биыл біраз өзгеріске толы. Жыл сайынғы өзгерістер баланың миын ашытып жібермей ме?

  • ҰБТ жыл сайын өзгеріп жатқан жоқ. Ұлттық бірыңғай тест 2004 жылы басталған басталғалы 13 жыл, сол өткізілгелі 13 жылда ешқандай өзгеріссіз келді, бір емтихан формасының 13 жыл тұрақты болуы, қолданыста болуы оның дамытылмауы үлкен кемшілік. Сондықтан ҰБТ-ны дамыту, оны өзгертіп жетілдіру білім саласын алға сүйреу үшін парыз. Сонымен бірге, әлемдік ғылым бәсекесінің, құндылықтардың, білімнің, техниканың дамуына қарай бейімдеу кезек күттірмейтін шару. Ал, түлек үшін 11 жыл ішінде меңгерген білімі мықты болса ол қандай емтиханға да төтеп бере алады, себебі, ҰБТ жаңа форматта болғанымен базалық білім бір стандарт, бір бағдарлама. Баланың миын ашытатын ҰБТ емес, жоқ жерден шоу жасап, сүрен салатын, сенцация іздеген ақпарат құралдары. Себебі, онысыз да көңілі қобалжулы түлекке әр ақпаратты бір таратып, олар қайсысына сенерін білмей дал болады.

Жалғасын оқу…