АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

МӘҢГІЛІК ЕЛ – МӘҢГІЛІК МҰРАТ

МӘҢГІЛІК ЕЛ – МӘҢГІЛІК МҰРАТ

Мәңгілік елдің бойындағы мәңгілік қан

«Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру. Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі мәңгі елім үшін!» -дейді баба Тоныкөк. Иә, бұл – кешегінің ұраны, бүгіннің арманы, келешектің еншісі. Ханның мұраты, қарашаның тілегі.

Мәңгі болу – мәңгілік арман. Мәңгіге шектеме болмайтыны секілді, мәңгілік елге айналу – өркениетке ілескен бұл күннің толқынында жүрген жұрттың арманы.

«Қазақ» деген ұғымды еншілегенімізге өте ұзақ болмаса да, арғы бабамыз сақ пен ғұннан, үйсін мен қаңлыдан тарата айтсақ, бәрі де мәңгілік жұрттың негізін қалады. Мәңгілік ұрпақтың шекарасын айқындады, «әлмисақтан» деп сөз бастайтын атам қазақтың қай тұсын алып қарасақ та, мәңгілік болудың мақсаты айқындалады, тайға басқан таңбадай із тастайды.

Кир патшаның басын алып, “мәңгі елдің тыныштығын алғың келсе, мәңгі қанға тойып, торсықта жат”,- деп халқының ертеңі үшін атқа қонған Тұмар ханым тірлігі де осы елдің, баба жұртының бас қамы еді. Желмаямен желе жортып, мәңгілік «жерұйық» іздеген Асан қайғының да қайғы атанғаны еліне тұрақ, ұрпағына мәңгілік мұрат болар жері құнарлы, ауасы жұпарлы, шөбі шүйгін жұртты көксемеп пе еді? Қой қоздатып, түйе боздатып, желілеп бие байлап, жер бетінің жайлысын таңдап, ұрпақ өсіруді арман еткен Асан жыраудың сан жорығы мәңгілік ұрпақтың қамы емес пе?

Қайда барса өзіне қазылған, өзінің атына жазылған көрден құтылмаққа Қорқыт баба да қобызын күңіренте тартып, мәңгілік ғұмырды аңсамады ма? Мәңгілік үнді, мәңгілік әуенді аңсамады ма? Сырдың бойын сырлы қобыз үніне ұластыра сыр шерту де мәңгілік арманы еді ғой.

Әбілқайыр сұлтаннан ат басын бұрып, артына мәңгілік мұраты мен мақсаты бір қауымды ертіп, қазақ хандығының қара шаңырағын тіккен Керей мен Жәнібектің жан мұңы да, өз ақылшысы Асан қайғы армандаған жұмақ мекенде өз халқын бақытты ету емес пе? Даланың заңын қазақтың халімен ұштастыра, ұлттың болмысына сай «Жеті жарғыны» жасаған жұрттың тірлігі де ел іргесін бүтіндеу, ел ертеңін түгендеу емес пе?

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» қынадай қырылған жұртты «біріксең ел боласың, өзгемен тең боласың» деп елдікке бастаған хан Абылайдың да аңсағаны есіл жұрттың ертеңгі амандығы, баланың баба топырағында ғұмыр сүрсін деген ниеті емес пе? Хан Кененің көкірегі қақ айырылып, қан жұта жорық жасауы, жұртының ертеңгі болашағы, елінің келешегі үшін күрес, мәңгілік ұлт үшін, мәңгілік атамекен жұрт үшін күрес емес пе?

Әр дәуір зиялысы ертеңінің жарқын болуы үшін күресті. Әр дәуір мәңгілік болудың өз әлінше сырын айтты. Абай болып толғаған заманда мәңгілік ғылымның сырын ұқ, мәңгілік ілімнің тереңіне бойла деп сыр төкті.

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім.

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма….» — деген Абай да ұлттың мінімен алысты, ертеңін ойламас жұрттың сынымен алысты. Кінәлау үшін емес түзету үшін, әрине. Түзету арқылы елдің ертеңін нұрландырғысы келді, сол арманның жетегінде өмір сүрді.

ХХ ғасыр қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы күмәнға айналған, мәңгілік болу түгілі, мәйекті ұлт болу арманға айналған алмағайып кезең болды. Алапат ашаршылық, қолдан жасалған зұлматтар ұлттың үнін бәсеңдетті. ХХ ғасырдың қанды қырғындары мен ұлт зиялыларын қойша көгендеп, жалаға айдап, дарға асуы біздің мәңгілік ел боламыз деген мәңгілік рухтан қорыққан қорқаулардың тірлігі еді. Ұлттың қаймағын, жұрттың жақсысын қырды, жойды, қорқытты, үркітті.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты, -деп, мәңгілік мұратты еске салғысы келген Міржақыптарды дарға асты, елден қуды. Мәңгілік арманды өлтірдім деді басқыншы жұрт. Бірақ, атам қазақша айтсақ, адам ұрпағымен мың жасайды демек бар екен. Көп өтпеді, рух қайта тірілді, жай тірілген жоқ, сесімен, өткір жырымен тірілді:

Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,

 

Мен – қазақпын, АЖАЛСЫЗ анамын мен,

Құрсағыма сыйдырам даланы кең.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген

Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

 

… Ал, бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,

Жаза алатын, ғылымды қаза алатын.

Жаза алатын ДҮНИЕЛІК дастандарды,

Жаза алатын ТАРИХҚА ҚАЗАҚ АТЫН.

 

…Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,

Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.

Сансыз басты диюдай сан тіріліп,

“Мен – қазақпын!” дегенді айта тұрдым.

 

…Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

“Қазақ болу – зор бақыт” дер күн тіпті.

 

… Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім МӘҢГІ өлмеске –

Айта бергім келеді, айта бергім! – дейді ақын Жұбан Молдағалиев. Иә, есті жанға түсінікті. Ертеңгі болашаққа серпін берген рухты жыр. Мәңгі өлмеске тірілген ұлт рухының сөзі. Әрине, рухы басым ұрпақтың тірі екенін көрсетті. Сөзін естіртті, сезген жұртты жырымен сескендірді.

Қорқыту, үркіту, жанған рухты жөргегінде тұншықтырғысы келетін тегеуріні қатты заманда да біздің жұрт ұрпақтың көзіндегі ұшқынды байқады. Байқап қана қойған жоқ:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Мен жастарға сенемін, — деп,

 Мағжан ақын ертеңіне сенім тастап, ұрпақ пен мәңгілік ұлы мұратты тірілтіп кетті. Ақындардың жырымен «мәңгі өлмеске» тірілді, қайта әлсіремек емес. Өйткені, бұл ұлттың жаны, қазақтың бойындағы ыстық қаны еді.

Мәңгілік елдің мәңгілік тілі

Мәңгілік ел болмақтың бастапқы қадамы мәңгілік ұлт болмақ. Мәңгілік ұлт болу әр ұлыстың арманы болған тарихта. Бүгінгі күнде сол жалғасты. Ғаламда сіңісу һәм жұтылу процесі үздіксіз болған және де бола бермек. Ал, осы жұтылудан құрып, жоғалу келіп шығары хақ. Тарихқа үңілсек, ізім — қайым жоғалғандар, бедер — белгісі бар, бүгіні жоқ қаншама ұлыс, қаншама ұлт бар. Қазір де ертеңі елес болған қаншама халықты көріп отырмыз.

Иә, мәңгілік ел болмақтың өлшемі мәңгілік тұғыр болмақ дедік. Ол тұғыр – ұлт. Мәңгілік ұлт арманмен, мұратпен ғана мәңгілік. Тек сылдыр сөзбен мәңгілік емес. Ұлттық сипатпен мәңгілік. Мәңгілік сипат – ол тіл, сана һәм рух. Ұлт мәңгілік болу үшін мәңгілік санасының жемісін беретін, рухының үнін естіртетін мәңгілік тілі болмақ керек. Әйтпесе, тілсіз ұлт болмақ емес. Егер ұлт мәңгілік болмаса, мәңгілік ел дегенің әдірем қалмақ.

Иә, тағы да тарих қартты сөйлетейік, баба тарих не дейді?

Тоныкөк тасқа басқан, Білге, Күлтегін қағандардың мәңгілік өшпес ескерткіші болған құлпытастардағы ойылып жазылған тіл, ол – баба тілі. Оны бүгін ғалымдар оқыды. Ұрпақ бабасының үнін естіді. Иә, Тоныкөк бабам есерленіп есі кеткен соң, Күлтегін бабам істерге іс таппаған соң тас қашап, жазу жазған жоқ. Менің тілімді кейінгі жұрт ұқсын, тәлім алсын. Қағаны қарасын, халқы санассын деп жазды. Мақсаты орындалды да. Маңызы ғасырдан соң айқындалды.

Бері тартсақ, оғыздан қалған жыр бағзының үні емес пе? Майқы биден қалған текті сөз тілдің құдіреті емес пе? Асан әр жерге неге шумақтатып, жырмен сөз айтып, баға берді? Астарына үңілейік. Даланың даңқты заңы бойынша, ол жер – біздікі, біздің ұрпақтікі деген мөр емес пе? Осы күні өзгеде жатса да Асан атам:

Әйелі семіз, ері арық,

Екі аттам жері бір арық,

Диқаншының жері екен, – деп тіл таңбасын айнытпай басып кеткен Ілені ертеңгі күнгі саналы ұрпақ баба топырағы екенін айнытпай ұғары даусыз.
Асан қайғы мәңгілік жерұйықты таппады, бірақ мәңгілік қоныстың шекарасын сол заманның дала заңы бойынша тілмен сызды, жырмен өрді. Бүгінгі саналы ұрпақ мәңгілік белгі көрді.

Қайран да менің, Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Бізден бір қалған Еділ жұрт!..деп, Қазтуған жырау жылжып бара жатса да, жырдан қазығын қағып кетті. Ертең ұрпағым есін жиса, есіне алсын деп айтып кетті. Еділдің қазақ топырағы екенін есті жұрт сезінді де бүгін.

Жә, тарих қарт ұзақ толқыса да, тілімен таңба сала жүргені ақиқат. Бұл бізде де, өзге жұртта да бар құбылыс. Анығын айтсақ, басқыншы жұрт бізге жеткенде де, тіл бедерін батырды. Қызылжарды Павлодар етті. Қазаққа қырық қайнаса қаны қосылмайтын Павлға жерінің төрінен орын берді. Дәл сондай, өзіміздің тілмен айтсақ, «жеті ата, жетпіс бабаға қатысы жоқ» Петрге де жұрт берді. Міне, бұл – тілдік үстемдік.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе, алдымен, анаңның халін біл!» деген текті жұрт қарманды да, әрине. Көшпенді замандағы астанасын айтпасақ та, өзгеде қалып кетерін сезген де шығар біздің ғұламалар. Алғашқы астананы Орынборға қойғаны да тарихи ақиқат еді. Тарих «қазақтың астанасы» деп, жазып кетті. Қазақша айтсақ, қасқырды қанша бақсаң да, тауға қарап ұлитыны секілді, өзінше үстем жұрт қанша жасырып жапса да, қазақтың ізі, тарихтың сілемі көзге ұрып тұр Орынбор мен Омбы жұртында.

Ақиқаттың шыңын адамзаттың мұңы өзгертті. Замана тілі өзгере бастағанда, ұлттың, елдің жаны тіл екенін қазақ зиялылары қадап айтып кетті.
Мәңгілік тіл болмаса, мәңгілік ұлт болмайтынын Ахмет Байтұрсын анықтап кетті. «Сөзі жоғалған халықтың өзі жоғалады» – деген Ахмет ақылиясынан артық не керек? Ахаңнан артық айту қолдан келмесі шындық.

Сөзіміз жоғалмасын, өзіміз жоғалмайық. Тіліміз жоғалмасын, тіл жоғалмаса, ұлт жоғалмайды.

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

 

Ал, екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей — кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел – дағы от ал менен! – деп жырлаған Мұқағалидың үні ұлттың сөзі еді. Елдің, тілдің құдіретін бағзыдан атам қазақ осылай бағамдаған еді. Ұлт жоғалмаса, ұлттың рухы мен санасы жоғалмаса мәңгілік болашаққа ешкім бөгет бола алмайды.

Мәңгілік тәуелсіздік

Қазақ халқы ХХ ғасырдың соңында мәңгілік арманына жетті. Мойны бұғаудан босады. Дүниеге жар салдық. Біз тәуелсіз ел болдық деп мінберден сөйлеп, биік — биік тұғырдан көріндік.

Елдігімізді көтерген елбасы елдің мәңгілік тұғырнамасын қайта қозғады. Ширек ғасыр елдігімізді танытқан соң, бабаның арманын қайта жаңғыртты. Бұл да сындарлы сағаттың жемісі еді. Қазақтың мәңгілік жеңісі еді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтың бүгінгі әр сағатын маңызды құндылықтармен толықтырды. Мәңгілік ел болмақтың тұғырнамасын жасады. Міне, мәңгілік елдің қағаны, ұлттың арманы.
«Мәңгілік ел» деген идеяны көтермес бұрын мәңгілік болмақтың қамын қылды. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» – деген елбасының ойы да сол мәңгілік ел болмақ үшін мәңгілік тіл болмақ керегін аңдағаннан кейінгі сөз. Мәңгілік ел болмақтың аксиомасы.

Ұрпағы өзге тілде шүлдірлей бастағанын сезген бүгінгінің ақыны заманның мұңын:

Ана тілің – арың бұл,.

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деп жеткізіп, «өз тіліңді өзекке теппе, елдігіңе сын» деп ескертті. Елдікті ойлар жұрт ескерер деп үлгі етті.

Елбасы бастаған істі ел де қолдамақ, біз секілді ұрпағы жалғамақ. Ол – ұлы міндет. Сол үшін біз ұрпақ мәңгілік ел болмақ үшін мәңгілік тілдің өрісін кеңейтпегіміз парыз. Қазақ тілі болашақта тек қазақ әдебиетінің тілі ғана емес, техниканың, ғылымның һәм саясаттың тілі болса, елбасы жүктеген міндетті ел болып атқарғанымыз болмақ.

Елдің ертеңі үшін, мәңгілік ел болашағы үшін, мәңгілік елдің тілдің қанат жаймағы үшін білім нәрімен әлеуеттеніп, мәңгілік мұрат ұстанбақ керек.

Кешегі Мағжан сенген жастарға бүгін елбасы да сенді. Сенім артты. Сол үшін мәңгілік елге қызмет ету – біздің борыш. Тіл мәңгілік, ұлт мәңгілік болғанда ғана ел мәңгілік болмақ. Мәңгілік тәуелсіздік болмақ.
Елдің ертеңі нұрлы болсын! Қазақ елі мәңгі болсын!

2014 жылы маусым

Taggs:
Пікір жазыңыз