АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

БІЛІМ САЛАСЫНА РЕФОРМА ЖАСАУ ОҢАЙ, ОҢАЛТУ ҚИЫН…

БІЛІМ САЛАСЫНА РЕФОРМА ЖАСАУ ОҢАЙ, ОҢАЛТУ ҚИЫН…
  • «Үш тұғырлы тіл» саясаты туралы не білесіз? Бұл туралы сізге қандай мәліметтер жеткізілді?
  • Мен өзім Қазбілім (kazbilim.kz) порталының редакторы ретінде де, оның үстіне білім саласы мен ұрпақ тәрбиесі туралы үнемі қалам тербеп, баспа бетінде жазып сызып жүрген қоғамның белсенді азаматы ретінде «үш тұғырлы тіл» саясаты туралы толық білемін. Жаңа қабылданған жалпы білім беруге арналған 2016-2019 жылдарға арналған білім бағдарламасын көріп толық танысып шыққанмын. Бұған дейін де бұл бағдарлама туралы мақала да жаздым, сұхбат та бердім. Сондай-ақ, бағдарламаның артық-кемі туралы өз ұсынысымды қазіргі министр Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевпен екі мәрте кездесіп, жаңа командасына өз ұсыныстарымды жеткіздім. Ұстаз ретінде, ұлтшыл азамат ретінде әлі де өз ұстанымымды, ұсынысымды баспа сөзде де, тікелей де жеткіземін. Айту, зерттеп түйген ұсынысымды жеткізу менің парызым. Ал, оны тыңдау мен іске асыру қолында тізгіні бар жұрттың шаруасы. Бірақ, қоғам сөзімен санасып жатқан тізгінді жұрт аз. Мен түгіл мүйізі қарағайдай академик ағаларымыздың шырылын тыңдар емес.

  • Сіздің оған дайындығыңыз қалай? Осыған байланысты жаңа оқу жылынан бастап үш тілде оқытуға сабақ оқытуға дайынсыз ба?
  • Менің жеке дайындығым не шешеді? Егер жеке басымды айтса сабақ беруге дайынмын, қай тілде де. Бірақ, қоғам дайын ба? Мен толық нақты айта аламын. Біздің елде дәл қазір осы жаңа бағдарламада көрсетілген төрт жаратылыстық пәнді ағылшын тілінде беретін мұғаалімдер жалпы Қазақстанның мектептерін 15%ға ғана қамти алады. Себебі, бізде дәл осы пәндерді ағылшын тілі түгіл қазақ тілінде беретін мұғалімдер жетіспейді. Тіпті кей ауылдық мектептерде жоқ, өзге пәннің мұғалімі береді. Сондықтан, бұл бағдарламаның іске асуы да мүмкін емес. Шынайы жағдайға қарау керек. Зерттеу керек, білім саласына асығыс немесе атүсті ешқандай реформа жасауға болмайды. Білімге асығыс жасалған реформа ұлттық трагедияаға айналып кетуі мүмкін.
  • Өзіңіздің жеке көзқарасыңыз бойынша бұл бастаманың артық-кемшілігін айтып берсеңіз. Дұрыс па, әлде бұрыс па?
  • Мен ұстаз ретінде, осы саланы толық білетін азамат ретінде түбегейлі қарсымын. Қазіргі күнде қабылданып отырған бағдарлама негізінде үш тілді оқыту мәселесі қоғамда өзекті талқылануда. Бірақ бұл жүйе дәл қазіргі кезде қыблдау елдің білім саласын артқа кетіреді, сонымен бірге қазақ тіліне жасалған ауыр қиянат болады.

Біріншіден, тіл – байланыс құралы, ұлттың құндылығы. Қазір біз мемлекеттен үлкен көлемде ақша шашып, ағылшын тілін үйретпесек те, ағылшын тілі өздігінен дамиды, керек жұрт өздігінен үйренеді. Қазір бәріміз ойлаймыз «ағылшын тілі, ойбай, ғылымның қайнар көзі» деп. Айналайын мемлекеттің бар ұрпағы ғылым қуа ма?  Әлде, елдің бәрі жоғары білім алып, доктор атана ма? Ол мүмкін емес қой? Жоқ әлде, бесік жырын ағылшынша айтатын аналар мен ағылшынша сөйлейтін күзетшілер керек пе бізге? Оның үстіне ағылшын тілі сұранысқа ие, ғылымға немесе шетелге барып оқитын, зерттеумен шұғылданатын жұрт ағылшынды оларсыз-ақ өздері оқып алады… Қазірдің өзінде оқушылардың ағылшын тілі деңгейі қазақ тілінің деңгейінен екі есе жоғары…

Екіншіден, Ғылым тілі дегендерге. Иә, ғылым тілі. Бірақ, мектепте пәнді оқыту керек емес. Ағылшын тілі пәнін жеке оқытудың сапасын арттырса жеткілікті. Оның үстіне бүкіл ел ғылым саласына бармайды әрі бүкіл ел шетелге шығып қызмет етпейді. Оның үстіне ғылымды ұлттың тілінде дамыту басты болашақ болу қажет. Егер ағылшынсыз дамымайтын болса, жапондардың, қытайлардың ғылымы дамымайтын еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан өткен ғасырда «Қазақ тілі ғылым тіліне айналмай, шынайы мемлекеттік тілге айналмайды,»- деген еді, ақиқаты сол!

Үшіншіден, Мектептегі шынайы жағдай, орта білімдегі ауыр мәселелерді түсінбей тұрып реформадан аулақ болған абзал. Жалпы білім берудің 2016-2019 жылдардағы бағдарламасында ағылшын тілінде берілетін пәндердің дәл қазіргі кезде қазақ тілінде беретін мұғалімдерге зар болып отырған сәтте ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалім мен бүкіл республиканы қамтимыз деу – бұқаның мұрнын жұдырықпен тесу.

Біз зерттеу жүргіздік, мысалы Астанадағы 100-ге жуық мектепке ағылшын тілінде химия пәнін беретін 100 мұғалімді дайындау үшін кемінде 10 жыл керек… Ал, ауылдарға ше? Ағылшын түгілі дәл осы пәндерді қазақша беретін мұғалім жоқ, химия пәнін физика, информатика, кейде, тіпті, дене шынықтыру пәні мұғалімі беріп жүрген жерлер әлі де бар екені ешкімге жасырын емес. Сонда деймін-ау, Дон Кихоттың тірлігі кімге керек?! «Тоқал сиыр мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дейтін еді атам қазақ. Сол секілді білімді ұйытпақ түгілі ірітіп, тентіретіп жібереміз ғой…

Көрпеге қарай көсілген дұрыс-ау!

Төртіншіден, біз тәжірибеден өткіздік деп, қарапайым мектепті НЗМ-мен немесе КТЛ-мен салыстыру ең үлкен қателік. Ол мектептер мен қарапайым мектептердегі айырмашылық өте үлкен. 1) Мұғалімдердің айырмашылығы, жалақының айырмашылығы… 2) Оқушының қабілетінің, отбасылық мүмкіндігінің… 3) Мектептің айырмашылығы: базаның, зертхананың, бір ауысымдылықтың… Мен қарапайым мектеппен, дарынды балаларға арналған мектепте де сабақ бердім, бірақ оларды бір көзқараспен қарау мүмкін емес.

Бесіншіден, биыл мектеп бітірушілердің 74%-ы қазақ тілінде, 26 % орыс тілінде ҰБТ тапсырды, егер осы бағытпен кете берсек енді 5 ары кетсе 10 жылда бұл көрсеткіш қазақ тілді оқушы 90% орыс тілді көрсеткіш 10% — ға түседі. Осы бағытпен кете берсе бұл өздігінен ешқандай қаржы төгусіз-ақ шешіледі. Оған бола мемлекеттен қыруар қаржы бөлгенше сол қаржыны оқулық сапаландыру, мектептерді зертханалармен толықтау ұстаздардың жағдайын жасауға жұмсаса екі жеп биге шығар еді: 

Әттең, бір кем дүние! Қазір орыс мектебіне тек орыс тілді қазақтардың белгілі бір бөлігі және Ресейге кету ниеті бар орыстар ғана оқытады. Ал, басқа ұлттардың көбісі баласын қазақ мектептеріне беру үрдісі басталғалы біраз жылдың жүзі болды.

Сондай-ақ, қазақ мектептерінің білім сапасы орыс мектептерінен артта деген түсініктен оянатын кез-келді ғой. Жай ғана дәлел: Астана қаласының мектептерінің рейтінгісінің алдыңғы 10-дығында бір де бір орыс мектебі жоқ, 8 қазақ мектебі және 2 аралас мектеп бар. Бұл қазақ мектептерінің төмен емес, керісінше баяғыда орыс мектептерін артқа тастап кеткенін көрсетеді.  Сол үшін де, орыс мектебі немесе орыс тілді балалар деп, басы артық проблема ойлап тапқанды қою керек, Қазақстанда енді 5-6 жылдан соң тек қазақ мектептері ғана болады, қалғаны өздігінен қазақ тілді мектептерге алмасады, тек қалыптасқан үрдіспен оқулық пен ұстаздар қосынын сапаландыру ең тиімді амал.

  • Онда өзіңіздің қандай ұсынысыңыз бар?
  • Бірінші, бастауыш сыныпқа, тым болмағанда, 1 – 3 – сыныпқа үш тілді енгізуден бас тарту керек.

Екінші, орта буында ағылшын тілінде басқа пәндерді оқытуды дарынды балалар мектептерінің құзырына қалдырған дұрыс. Бұған себеп, дәл қазіргі деңгейде жаратылыстық пәндерден мұғалім жетіспейді. Сонымен бірге, республикадағы белді мұғалімдердің жасы зейнеткерлікке жақындаған. Мысалы, өзім білетін Астана мектептерін қоса айтқанда, химия пәнін ағылшынша сапалы жүргізе алатын мұғалімнің саны 10- ға жетпейді. Бұндай жағдайда, ағылшын тілінде оқытуға көшу – формашылдық пен сапасыздыққа ұрындырады. Сонымен бірге, ғылымның тілін мүлдем басқа тілде үйрену қазақ тіліне жасалған қастандық болады.

Үшіншіден, орыс тілінде оқытылатын пән етіп, дүние жүзі тарихын таңдап алу – өте сәтсіз жасалған шешім. Себебін айтар болсақ, ақпарат құралдарының орыс баспасөзіне тәуелді болуынан енді құтылып келе жатырмыз. Ал, дүние жүзі тарихын орыс тілінде оқытсақ, біздің өсіп келе жатқан буын дүниеге көзқарасын орыс ақпаратының негізінде қалыптастырады. Бұған жол бермеу керек.

Төртіншіден, мектепте оқытылатын орыс әдебиеті пәні қысқартылу керек. Оның орнына қазақ тілінде аударма негізінде оқытылатын «әлем әдебиеті» пәнін енгізу керек. Себебі, ендігі буын ұрпақ тек қана орыс әдебиетімен емес, әлем әдебиетімен сусындауы керек.

Соңында бес күндік оқу апатасына байланысты бір сөз, бес күндік оқу аптасын енгізу дұрыс-ақ, пайдалы жағы көп. Бірақ осы бес күндік оқу аптасын енгізгенде, жыл соңын қатты созбай, тоқсандық оқу формасын студенттердікі секілді семестрлік оқыту жүйесіне көшіре салмасқа? Әттең, менен ақыл сұрамайды ғой… Бес күн оқысақ әрі екі тоқсан соңында бір демалсақ дұрыс қой, мүмкін қысқы демалыстың суық күніне байланысты ұзартармыз…

Молдир Апсейтова, «Жұлдыздар отбасы» жуналы тілшісі

Жұлдыздар отбасы журналының 2016 жылы 8 санынан

Taggs:
2 комментария
  • Санат Сүгірәлі 7:51 дп 20 ноября, 2016 Ответить

    Аятжан!
    Мен сенің пікіріңді бұрынғы мұғалім ретінде, бұрынғы мектеп басшысы ретінде де өте дұрыс деп құптаймын. Менде бұрын осы мәселелер жөнінде өз пікірімді жазғанмын, академиктер мен педагогика ғалымдардарын тыңдамай жатқанда билік біздің айтқанымызды не істесін? Жалпы мен, мектепте «универсалный » мұғалім болады дегенге сенбеймін, мұғалім өз пәнінің әдіскері болуы мүмкін, солай болуы керек те, ал физик ағылшын тілін сол пәннің мұғалімі ретінде оқушыларға жеткізе алатындығына сенбеймін. Тіпті ағылшын тілін сүйіп оқитын оқушылар алдында оқытушы күлкіге айналуы мүмкін, ондай жағдай болғанда. Сөздің тоқ етері: «артық қыламыз деп жүріп, тыртық қылмасақ «, реформадан гөрі мұғалімнің статусына көп көңіл бөлу керек еді

  • Дәулет 7:22 дп 22 декабря, 2016 Ответить

    Пікіріңізге толық қосыламын!

Пікір жазыңыз