АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

БІРІНШІ БӨЛІМ. ШЕРІМДІ ҚОЗҒА…

БІРІНШІ БӨЛІМ. ШЕРІМДІ ҚОЗҒА…

 

 Е-е, МЕНІҢ ТУҒАН ЖЕРІМ…

 

Е-е, менің туған жерім

Тұлпарлар кезген мекен ең,

Балалық шағым сенде өтті.

Қазақпен қайсар етене ең,

Ол күндер қайта келмес-ті.

 

Қар басты қайсар Хантәңір,

Бесігімді тербетті.

Ұлың сені аңсап жүр,

Бозбалаң бүгін ер жетті.

 

Көзімде ыстық көруші ед,

Тауыңның аңсап бұлағын.

Қалада жүрсем келуші ед,

Майсаңа бір сәт құлағым.

 

Амал қанша бұл күні,

Жылылық сенде азайған.

Қазақи дәстүр тірлігі,

Қысық көзден жаза алған.

 

Жеріңді тулақ етіпті,

Жанар деп ем жұлдызың.

Бұлағыңды былғап кетіпті,

Сусап келген сумұрын.

 

Көкорай шалғын бел қайда,

Көсіліп көкпар тартатын.

Нар тұлғалы ер қайда,

Елім сенім артатын.

 

Көкейде өшпес сағыныш,

Өзгеде отар қалған жер.

Балаңнан сәлем алып ұш,

Бабам асыр салған жер.

 

*** *** ***

 

Еркіме көнші, ей өмір,

Көрсетпей маған түз қылық.

Ойлама әсте бей көңіл,

Күндердің бәрі ызғырық.

 

Кеш батқанда қызарып,

Таң атады деп күтемін.

Бар күнің де бір парық,

Табармын бір күн кілт емін.

 

Салсаң да қанша сарсаңға,

Бойымда жатар бір мінез.

Шаршама, жаным, шаршама,

Аяқтар бір күн күзгі лез.

 

Атады ұзақ сартаң да,

Мезгілінен әсте ұзама.

Өршіл мінез әр таңда,

Жігерінен әнтек сусамас.

 

Қайтпас көңіл бір тілек.

Мен деп келеді білемін.

Дүрсілдеген бір жүрек,

Көн деп соғар бірер үн.

 

Жаныңа балар біреу сын,

Алыстап кетер білемін.

Дұшпан болған біреудің,

Ұстаттың кей сәт білегін.

 

Үдере көшіп, ей өмір,

Кәріңді төкпе бір маған.

Мендегі асау бір көңіл,

Мінезімді әсте ұрламан.

 

Арыныңды бас, ей өмір,

Сыйлама өмір күреңін.

Қинасаң да бір өмір,

Селт етпейді жүрегім.

 

САҒЫНЫШ

 

Қырат кезіп мен жүрмін, көктем келіп,

Көк шөпті иіскеймін өкпем кеуіп.

Жүр еді жүрегімде бір сағыныш,

Ғашықтық дертінен де өктем келіп.

 

Ауыл иісін сезем мен қыраттардан,

Секілді балалықтан сыр ақтарған.

Қырат кезсем елестейді анамның,

Бейнесі, мен кеткенде жылап қалған.

 

Қыраттардан тынысты кең аласын,

Самалымен көгалдың демалатын.

Асығын балалардың ап қашатын,

Ойыма түсе берер боз бала күн.

 

Бұл күні тек сағыныш бола алатын,

Қадіріне жетпейтін оның әр кім.

Ауыл десе аппақ құрт түйіп берген,

Әжемнің ақ жаулығы оралатын.

 

Сағындым қымыз ішер ауылымды,

Көкке аунап құратын сауығымды.

Шалшықтарды айналып көп кеземін,

Сағынып сіркіреген жауынымды.

 

Жетегінде желпініп асыл арман,

Талпынып асып келем асулардан.

Көкпар тартып, қозы қуып, гүл теретін.

Ауылымды сағындым жасыл орман.

 

 ОЙ – ХОЙ, КӨКТЕМ

 

Жап-жаңа бір жайқалған көктем келді,

Жап-жасыл бүршік жарып көк терегі.

Балаусалар көк майса бөктердегі,

Сібірдің суығынан сескенеді.

 

Көктем – жарқын, қуаныш көп келеді,

Шабытсыз жандарды бек жек көреді.

Аққан сеңдер ашумен жөңкіледі,

Жылылыққа бар секілді өкпелері.

 

Көктем айы сезімнің бал дәм айы,

Бар тіршілік секілді қамданады.

Ұйқыда ұзақ жатқан жас жүректер,

Пәк сұлулық көргендей таңданады.

 

Таңданады,

Сұлулыққа сезіммен бармағаны,

Кей жандар кешігеді,

Атар деп таңдар әлі.

Бау-бақта құстар сайрап әбігерде,

Ұйқыда бар ма жатқан дегендей жандар әлі.

 

Қыратқа көп болды бір бармағалы,

Көп жандар көк қыратқа таңданады.

Еңбекшілер еңбегімен тыныс алмас,

Еңбегімен толатын қамбалары.

 

Ой-хой көктем,

Бар тіршілік сенімен басталады,

Қосылар ғашықтардың бастар әлі,

Аптабымен қыздырар қыздарменен,

Күн түскен күнгейдегі тастар әлі.

 

ШЕКАРА

 

Бұл бір сезім ғажайып таң сезімі,

Сағыныштан жаралған жан сезімі.

Айдай жарық көрінді алдыңғы аумақ,

Нелер алып елжіреткен сал-серіні.

 

Сол кезде ойым қапты бір аумаған,

Туған жерде дегендей жылу маған.

Шекараның шеті де шешілмеген,

Әз даламда базбіреу ұрандаған.

 

Қарама артқа!

Сол – суық өлке,

Ұлылардың кеткен жер көбі ерте.

«Соңғы өкімі» кесіліп Қажығұмарға,

Бостандықтан қиылды сан мың ерке.

 

Тоспаса егер арасын шекара ғып,

Жазықсыз жазаланбас нелер алып.

Банды болып батыр Оспан тауда,

Бала-шаға шуламас үйде қалып.

 

Шекара бұл ат таққан басқа қылып,

Өзді-өзінен жіберген жасқандырып.

Отан үшін шығарған сан мың күрес,

Банды болып шығарған жоқ басқа бүлік.

 

Таңжарықта тамсанып таудан асып,

Қазақ деген бойдағы қанға басып.

Қашқын болып сан мәрте қашпас еді,

Ажал деген қауіппен араласып.

 

Шекара шығарған қылмысты етіп,

Талай боздақ амалсыз жымысқы өтіп,

Талайлардың айтары іште қалып,

Қан шығармай жіберген тілін кесіп.

 

Кеп тұрмын,

Шекарадан мен де өтемін,

Ешкіммен де демеймін сен десемін.

Қазақы қаным тасып өтіп келем,

Әйтпесе тарылған жоқ кең төсегім.

 

Жина ойыңды!

Басқалы тұрсың бір қадам,

Болғалы тұрсың, нағыз қазақ бір адам.

Қазақ жері шабыттың кең даласы,

Туады шабыт толғанып десең жыр жазам.

Басыңды көтер, алға қарай бір қадам,

Күтіп тұр сені атаң шапқан қыр далаң…

 

МЕН ТУҒАН ЖЕР…

 

Мен туған жер – Хантәңірдің бөктері еді,

Бір самал жел бетімнен өпкен еді.

Тауға қарап ұлитын тау ұлымын,

Тау иісі мұрныма көп келеді.

 

Мен туған ел – текті ел еді,

Кіндігімді бір әже кескен еді.

Тауын бөрі, даласын құлан кезген,

Баурайы Хантәңірдің бек кең еді.

 

Мен туған жер – Текестің өргі аңғары,

Төскейінде төрт түлік толған малы.

Төсінде жыр толғаған қазағымның,

Көдектей көп заңғары.

 

Мен туған жер – екі таудың арасы еді,

Қазақтың қара орманды даласы еді.

Әй, енді ойнамайды-ау сол далада,

Қазақтың қазақ болып баласы енді.

 

Мен туған жер – өзгенің отары еді,

Болашағы қауіппен қатар еді.

Қысық көздер иемденді шатқалыңды,

Қытайланып амал не жатар енді.

 

Еш күнәсіз кеуде керіп дала жатыр,

Өр табиғат өз өшін алады ақыр.

Асты-үсті қопарылған қайран дала,

Бұл күндері тарылып бара жатыр.

 

ШЕРІМДІ ҚОЗҒА…

Шерімді қозға кең дала,

Менің мұңым сен ғана,

Еңсемді менің көтерші,

Есінеп жатқан ен дала.

 

Дала сенен қоздайды ән,

Адамнан әсте озбайды аң,

Дертімдей менің тілімдеп,

Төсіңді тіліп жол қазған.

 

Сендегі тұңғиық ну орман,

Мендегі аумас қиялдан,

Сенде жыныс шұбалған,

Таусылмас менде бір арман.

 

Гуілдеп соғар сенде жел,

Өсек құмар менде де ел,

Бізде әуре пенделер,

Қамықпайды сенде бел.

 

Түрлентер әсем шөп-гүлді,

Мінезі асау өткір-ді,

Мендегі жастық секілді,

Сендегі жаңбыр өткінші.

 

Шымшымдап шерді қозғасын,

Ұқсамайтын сазға шын,

Мөлдіреген таңғы шық,

Көрсетпей жылар көз жасым.

БЕЙМАЗА

 

Даладан тынысың тарылған,

Пендені қуған даңғаза.

Кеңдіктен әсем айырлған,

Шуылға толған беймаза,

 

Кеңдігіңді сезбей мен жүрмін,

Кемдігім шығар бәлкім бұл,

Өзімді алдап сендірдім,

Басым тасқа тимей бір.

 

Көшпенді ұрпағы болсамда,

Көсіліп көкпар тартпадым,

Ауылда туып толсамда,

Көк шалғында жатпадым.

 

Тірлік еді бұл неткен,

Тегінен текті жерінген,

Жетімсіреп күн кешкен,

Жерсіне алмай жерін кең.

 

*** *** ***

 

Маңғаздау еді маң дала,

Махаббат сырын шертетін,

Қолтықтасып боз бала,

Қыдырушы едік келсе түн,

 

Е, балалық бал мінез,

Есейіуге асыққан,

Бөктеретін бойды ілез,

Бойдан бөтен тасып қан.

 

Әкем қасына ертетін,

Әңгіме айтып ұзақ бір,

Көреміз деп ел шетін,

Кететінбіз ұзап бір.

 

Иісі бүгін тым алыс,

Жусаны һәм аршасы,

Түсініксіз бір жарыс,

Сағым болды баршасы.

 

Туған жер әттең сағыныш,

Жүректе қалған дерт сынды,

Аяп бір кетем әр уыс,

Арт жақта қалған өскінді.

 

*** *** ***

Бұлақтың суы мөлдір ед(і),

Жағасы құрақ жамылған.

Жүрегім тұрады елжіреп,

Тәтті күй туса ағыннан.

 

Тұлпардан туар өр тілек,

Қазақы қаннан табылған.

Бейәдеп қылық ерсі деп,

Ата-салтқа бағынған.

 

Ауылдың халқы ақ еділ,

Шайын да сыйлар етін де.

Балалықтың бір мәні еді.

Көңілден керуен көшуде.

 

Әсем де, әсем тау қайда,

Атпенен жүріп аралар.

Тірлік деп жүріп қалада,

Рухани болдық жарадар.

 

Қоғамнан кетті жылылық,

Ұлтыма болсын Алла жар.

Күндіздің өзі ызғырық,

Түнменен болған барабар.

 

Бұйықса боран құм ұлып,

Қайғырып жортар қаранар.

Сағындым аққу сұлулық,

Ақ айдынында таранар.

 

*** *** ***

 

Қаңтарып мама ағашта қаракерді,

Қайтейін менің рухым қалада өлді,

Әжесін елестетіп мұражайдан,

Атасын әлімсінбес сана келді.

 

Қалада өлді, бойдағы арда кілең,

Қанағат айта алмастан барға білем,

Тұлпардың түрін зерттеп немере жүр,

Мінілмей атадан соң арда күрең.

 

Арнасынан адасқан тасқын сынды,

Топырақ дене несіне тасқа ұмтылды,

Атбегінің ұрпағы адасып жүр,

Тұлпар деп тамсанып тас мүсінді.

 

*** *** ***

 

Е, қала, тағы да келді бір көктем,

Көк шалғын тартып бүрлеп кең,

Сілкінші сен даланың елі секілді,

Бейқамдық еді бұл неткен.

 

Ауылда тұрсам демес ем аласа тұрам,

Таңғы ауамен тәп-тәтті таласа тұрам,

Тамашасынан айырған тәтті елесімді,

Әдірә қалсын тірлігің аласпыран.

 

ЕГІЗ ТАҒДЫР

 

Жақпар тастарды жылғалап,

Сылдырап ағатын бір бұлақ,

Тап-тастай суы мөп-мөлдір,

Сезімімді жататын ұрлап ап.

 

Əжесіне асылған баладай,

Қоршаған самырсын, қарағай,

Кербезденіп жататын өзінше,

Өзектегі қас сұлуға қарамай.

 

Тамшысы жататын тасты жарып,

Қайсарлығы болатын басты бағыт,

Ол кезде бұлқынып мен де тентек,

Басына түспеген бас бұғалық,

 

Балалық махаббатым секілді,

Сыйлайтын сезім не түрлі,

Жүрегіме жылы тиіп жататын,

Тітіркентіп жатса да суы бетімді.

 

Мен оны сүйетінмін кешуді,

Рахаттана жиярдай есімді,

Елестете алмадым ешқашан,

Дəл бұлай алыстап кетуді.

 

Жыл аунап кеткенше бертінгі,

Жүректегі басардай өртімді,

Емдейтінмін суына жатып ап,

Балалық өтірік дертімді.

 

Ол бұлақ бұл күні алыс тым,

Бетіндей бара алмас ғарыштың,

Есейіп елді ойлар шағымда,

Санадағы сағынышпен алыстым.

 

Сол судай «тап-тастай» жүрегі,

Нәп-нәзік сүйкімді білегі,

Сол бұлақ секілді бір сұлу,

Менің сүйетінімді біледі.

 

Қара орамандай қос бұрым,

Толтырып көңіл бостығын,

Сол бұлақты еске сап,

Сол сұлу маған дос бүгін.

 

Бұлақтан кетсем алыстап,

Есімде әлі таныс бақ,

Бәрі де солай кетеді,

Уақыт өмір жарыспақ.

 

Жанымның жалғыз жазығы,

Жырақта елдің қазығы,

Сұлу мен бұлақ бір ұғым,

Егіз тағдыр анығы…

 

*** *** ***

 

Мектеп жүрегі кеудесінде ұстаздың,

Қолыма келешегіңді ұстадым,

Ұстаз деген жүгімнен қорқам,

Түсіне алмас қадірімді тыс қауым.

 

Адамдық арым періште алдында,

Сыналып жататын мінсіз қалпында,

Сезінем əрбір қадамның жүгін,

Елімнің ертеңі сəулелі жадымда.

 

Мойында, мейлі, сілки бер қолыңды,

Бөгеме менің ұстаздық жолымды.

Азамат болғанда сезерсің, бәлкім,

Көп адам сезбейтін көздегі мұңымды.

 

Ұстаздың сезе алмай ұлылығын əбден.

Мына қоғам əумесерленді-ау, əттең,

Халін түсінбей жанкешті жұрттың,

Азып кетерсің осынау дерттен.

 

Деңгейге жетсе де дауа дарымас,

Аза бер деуге аузым да бармас.

Адамдық құным бойымда тұрғанда,

Ұстаздық салауат санамнан қалмас.

 

ШАРАСЫЗДЫҚ

 

Тірліктің ең қиыны шарасыздық,

Теріме сыя алмаймын аласұрып,

Іштен тынып қансырап жүрек жатыр,

Басын шайқап жылайды балауса үміт!

 

Ұстаздық силап еді ұстамдылық,

Басымды идірді ме бір əңгүдік,

Қой қоздап жатқан кезде мамыражай,

Бір бүлікті салды ма жылан кіріп!

 

Дос та сондай бұл күні қас та сондай,

Қос жанарға ерік бердік қоштаса алмай,

Кіршіксіз болса да күйбең тірлік,

Жалаң аяқ отырмын шоқ баса алмай!

 

ТЕҢСІЗДІК

 

Ғұмыр мынау мүгедек, кем ақыл,

Бола алмайды панасызға жанашыр,

Жігеріне құм құятын пенденің,

Еркек құнсыз, көрінеді ез асыл.

 

Мұңға ілінді жайсаң қауым, жаны ізгі,

Таланттар табандарда жаншылды.

Мінезді мен айырмады көкбетті,

Қасқырменен айырмады қаншырды.

 

Көңілге сыз, көкейге шер байлаған,

Опасыз заманаға қор болды адам,

Сыйластықтан айырып сыйұғарды,

Мінездіге заман ақыр жол болмаған.

 

Сұм жүрек, суық кеуде, ыстық жалын,

Қайтейін жылай алмай қыстығамын,

Заманаға өз əлімше күш қыламын,

Е, запыран кеуде лоқсы, құсшы бəрін!

Құсшы бəрін, тентек бір күш қылайын!

 

                       ТҮНГІ СЫР

 

Қарасына мұң шағып қарағайдың,

Қара түнде қара орманды аралаймын!

Қап-қара қарсы адымға қарай алмас,

Қара бұлтты аспанға қарамаймын.

 

Себезгілеп ақ жауын адым байлап,

Алыстау қалды ма ауыл-аймақ,

Несіне жабырқау көңіл шерлі,

Төсіне келе алмай бауыр қалмақ.

 

Төпелеп кетпей ме сілкіп жаңбыр,

Дертімнің көңілдегі қыбын қандыр,

Ағаштар бақытты адамдардан,

Таймайды тамырынан тұғырдан құр.

 

Дүңкілдеп музыка, селкілдеп адамдар,

Селт етіп қоймайды оған тал…

Себезгі жаңбырмен сырласқан,

Тек үнсіз жап-жасыл бағандар.

 

Сұп-сұр боп тұрса да түнгі аспан,

Жапырақ самалмен ғана сырласқан,

Арқамды сүйеген өзгеше ақ қайың,

Шертеді маған ғажайып тың дастан…

 

Мен емес елес екілді мына жан,

Әңгіме бітпейді сырласып түн ауған.

Е, жанымның елесі қара орман,

Бізді егіз еткен бе бір Аллам,

Шығаршы ақынды құмардан…

 

*** *** ***

 

Бермесең бермей-ақ қой жұмысыңды,

Тарылтпашы ұстаздық тынысымды,

Ұлтымның бесіктегі үні сынды,

Ұрпақтың құлағыма үні сіңді.

 

Менің мұңым əр ұстаздың мұңы сынды,

Күндіз бітпес жалғайсың түн ісіңді.

Ұстаздық ұлағатты тəрік етпеспін,

Ұсынса да маған мың жұмысыңды…

 

Ысырма Алла берген ырысымды,

Ілік етіп болмайтын бір ісімді,

Шəкіртімнің медалына жетпейді ғой,

Жиып берсең де алтын, күмісіңді.

 

Қоғамға тастағайсың дұрыс үлгі,

Бағамдап əрбір қадам жүрісімді.

Тентектің ісіменен теріс бұрма,

Ұстазға бас иетін ұлысымды.

 

Тоспа алдымнан, бөгеме тіптен мені,

Бəрі бір де қолыңнан түк келмейді…

Шабытым туа берер шəкірттерден,

Ақ жолына қастандық істелмейді…

 

ҚАС СҰЛУЛЫҚ…

 

Еу, көкмұнар,

Баурайыңа түнейінші бес күн ал,

Емдейінші Жүректегі дертті бар,

Көк өзеннің басы толқып жататын,

Көк жайлаудың баласы едім көк құмар.

 

Еу, көктұмар,

Жер шарының тағылған төсіне анық,

Баурайыңнан көк өзен есіп ағып,

Бауырыңа жатайын басты сүйеп,

Бабам салған жорықты есіме алып.

 

Рухым сонда жатар дараланып,

Бабам салған соқпаққа барам анық,

Сенің құзар шыңыңнан секірейін,

Қалсам да, қан жоса боп жараланып.

 

Болса да тәнім менің жара мейлі,

Бір жылуын жүрегім алар енді,

Сені тастап Сарыарқаға қалай кетем,

Жанымды қалай емдеп жазам енді.

 

Еу, көктомар,

Шірісең де бақытың батпан сенің,

Басыңа қорған болар асқар сенің,

Рухыңды ешқашан өлтірмейді,

Кескенмен тамырыңды тастар сенің.

 

Еу, көк өзен,

Түрің жоқ мені аса қатты елеген,

Кескінің сенің кербез еді не деген,

Толқыныңмен барасың еркелеп бір,

Сұлулыққа қанып жатыр кенезем.

 

Еу, Асқар тау,

Мəңгілікке түнер ем баурайыңа,

Қос тігіп, қазан асып қойнауыңа,

Ол бақыт бұйрмайды маған бірақ,

Бабамның жазылғанмен маңдайына.

 

Ех, адамдар,

Аруларды сұлу дейді,

Бірақ маған өтірік мұның енді,

Кербез тау керіліп жатқан кезде,

Қас сұлудың бөксесі білінбейді…

Жүрегі қызғаныштан дірілдейді…

Taggs:
Пікір жазыңыз