АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

ЕКІНШІ БӨЛІМ. КӨҢІЛ МҰҢЫ

ЕКІНШІ БӨЛІМ. КӨҢІЛ МҰҢЫ

 

                            КЕШІР, ӘКЕ

 

Сен әке,

Өкпелеме мынау жас елге,

Тентегі бар оспадар.

Қаны бар қазақ осы елде,

Дұшпанға қатал, досқа адал.

Сабыр ет, әке, бәсеңде,

Соны көш сонар басталар.

Туғанды маған әкел де,

Тірек болсын басқалар.

 

Армандап кеткен тәтем де,

Оны ойласам жас тамар.

Қытайда қалған көкемде,

Болмай тұр әлі асқақ әл.

 

Қазақ қып ұрпақ өсірген,

Әр қазаққа көш міндет.

Кешегі ғасыр кешірген,

Бүгінгі дәуір кешірмес.

 

Жатпайма, әке, кеш біліп,

Өр заңғарлы есіл ел.

Есін жияр ес біліп,

Қанаты да жетілер.

 

Майданда шапқан қас тұлпар,

Тұяғы талай кетілер.

Қазақ деген қас сұңқар,

Көгінде талай көсілер.

 

Қара шаңыраққа, әке, барар ем,

Ұрпаққа керек тұрақтау.

Өзіңді алып қалар ем,

Туған жер әттең жырақтау.

 

Кешір әке,

Екінші әрең мүшелім,

Ұлыңның ойы олақтау.

Менен де жасы кіші елдің,

Менен де ақылы шолақтау.

 

                  ӘКЕЖАН

 

Әкежан, жыр арнайсың сен де маған,

Ұл бол деп, маған емес елге балам.

Өмірде адамдармен тағдырлас бол,

Деуші едің, дүниеқор пенде жаман.

 

Әкежан, еркелеуші ем, елік едім,

Әкелік мейіріңе берік едің.

Арманға алғаш қанат қаққанымда,

Жолыма ақ батаңды беріп едің.

 

Бала деп тыным бермей жанға, сірә,

Тал орнатар тар болса да ауласына.

Алыстан арман іздеп мен кеткенде,

Жалғызсырап қарадың ба тау басына?

Әкежан,

Ортақ бол балаңның бақытына,

Асқақ мінез, нұр жүзің асыл тұлға.

Алысқа арман қудым неге, сірә?!

Әлдебір бақытқа мен асықтым ба?!

 

                        ТӨБЕ

 

Әке,

Сен жамбастап аспанға қарайтын,

Мен ақсүйек ойнаған талай түн,

Үй артындағы домалақ төбе,

Туған ел ауыл көркіне балайтын.

 

Қымыз ішіп, әңгіме шертіп жататын,

Әдемі күнді көріп қызарып бататын,

Топан бала топырлап ойнап, одан соң,

Торғайлар шықылықтап үн қататын.

 

Әке,

Сол төбе иен қалды ма бұл күн,

Ауылдан ауған соң қазақы жұртым,

Әке, ескі күндерді еске салатын,

Барып қайтайық сол төбеге бір күн.

 

*** *** ***

Әке, қытай тауға да кірді ме?

Тонады ма тобылғы бүрді де?

Тор төбелмен кезетін топ жыңғылдың,

Топырағынан айрып түбін түрді ме?

 

Әке, менің

Қозы баққан далам торланды ма?

Көп адам көре алмай жүр сол маңды да,

Кең дала кеңдігін сездіре алмай,

Кенезесі кепкендей қорланды ма?

 

Төскейіне тұлпардың тұяғы тиетін,

Ойсыл қараның ерні күнде сүйетін,

Хантәңірдің баурайы қан жылады ау,

Қар жауса қатаңсып қабағын түйетін.

 

Әке, көкейің көп ой түйді ме?

Жүрегің жерді, елді сүйді ме?

Бастан садаға басқа жерлер,

Көшіріп әкелші біздің үйді де.

 

ОУ, МЕНІҢ АНАМ

 

Еркелеп өскен шат күндер,

Секілденіп балапан.

Жүректе сол тәтті үндер,

Аялы аппақ алақан.

 

Бәріне бүгін қош дедік,

Алладан тілеп қайырын.

Өмірмен мынау дос та едік,

Ажалдан қалмас айырым.

 

Оу, менің анам!

Тұғырыма биік қондырып,

Түлеуімді көрмедің.

Сағыныш болған мәңгілік,

Мейіріміңе шөлдедім.

 

Амал не, мынау жалғанға?

Қанжарды ерте қайырған.

Қанатты сермеп қалғанда,

Өзіңнен мені айырған.

 

Алаңдап әсте қайғырман,

Арт жақта біздер қалсақ та.

Жолдасың болып бар иман,

Орның болсын жәннатта.

 

ЖАНЫМДЫ ТҮСІН ЖАН АҒА

 

Жан аға,

Жалғызсыраттың неге сен,

Күйлерді кешем не бөтен,

Алыстап біздер барамыз,

Атажұртқа келмесең.

 

Жанарға ыстық жас алам,

Дей алмай саған, қош аман,

Күнкөріске алданып,

Тұр ғой қайтем босағаң.

 

Көш түзе, елге жан аға,

Көз салып туған балаңа,

Ұлтыңнан кетсең алыстап,

Басқаны бақыт санама.

 

*** *** ***

 

Жүрегіңді езбей ме, аға,

Туған жердегі баба соқпағы,

Біздің ел сезбей ме, аға?

Саясаттағы ала ноқтаны.

 

Біздің жұрт келмей ме, аға,

Салхар көш неге тоқтады?

Көз жасты көрмей ме, аға?

Сағынып жазған хаттағы.

 

Белгісіз күй тербейд,і аға,

Ұрпақты өгей еткен,

Енді ырық бермейді, аға,

Тірлікте өнбей кеткен.

 

Туған жер бар, тұрақ жоқ,

Тұғырлық түбір жоғалды,

Туған ел деме жырақ бек,

Оғылан ерлер оралды.

 

Аялдама, күтпейді ғасыр,

Жоғалар рух, бойда қан.

Шетінен шегара асыр,

Ұрпақтың қамын ойласаң.

 

*** *** ***

 

Жалғызсыраттың, неге жан аға,

Жабырқаймын Есілге қарап жағада,

Жатбауыр мына жұрт бүгін,

Жанымды жабырқау ұға ма?

 

Жоқ, ұқпас түге, тым-тырыс,

Тірілігін білдіреді сыр-сыбыс,

Ар-намысын жия алмайды пенделер,

Ар-ұяттан қызарады күн шығыс.

 

ӨКІНІШ

 

Тфә-тфә,

Құлындарым өте зерек секілді,

Арман емес, олар «беске» оқиды,

Туған сәтте қарағаны бір қызық,

Жымиды, – деп қуанамыз, – о, күлді.

 

Апыл-тапыл аяқ басса шаттанып,

Той жасаймыз достарға да мақтанып,

Үйде болсақ, ермегіміз балалар,

Сағынамыз үйден кетсек аттанып.

 

Біз қиналсақ, айналайын, түк те емес,

Балалардың болашағы тек кеңес,

Құлындарым жылап қалса еркелеп,

Жарымменен жасап та алам текке егес.

 

Еркелесе біз бәрін көтереміз,

Ол сұраса бәрін де әпереміз,

Күлкісімен сездірген жылылықты,

Баламенен шын бақыт жатар егіз.

 

Дегенменен бүгін елге қорғанбыз,

Иә, кеше біз де бала болғанбыз,

Біздерді де дәл осылай әдилеп,

Жетектеумен өткен едік жолдан біз.

 

Балалықта ақылдымыз, батырмыз,

Бірақ, біздер салмаптық қой ақылға із

Кештеу шығар, бәлкім, бәрі өкініш,

Ата-ананы енді түсініп жатырмыз.

 

*** *** ***

 

Күнім дер ем,

Күнде сенен бек әлсіз,

Айым дер ем,

Ай да сенен ажарсыз.

 

Жымың қақса да жұлдыз,

Жымиғаныңа жетпейді,

Күлім қақса да күндіз,

Сенің деміңдей өппейді.

 

Сенен емес сүйкімді,

Құлын, қонжық, бота да,

Балбырап жатар ұйқыңды,

Бөлек еткен о, тауба.

 

Былдыр тілің шүбәсіз,

Тәй-тәй басқан қадамдар,

Күлкің сенің күнәсіз,

Періште емес адамдар.

 

Маған ыстық бір үнің,

Жылағаның тәтті әуен,

Мойныма мінші құлыным,

Демалайын сәтке мен.

 

*** *** ***

 

Мен үнсіз,

Үнсіз тағы интернет,

Сағыныш жатыр жүрегімде бір кермек,

 

Тіл қатшы, ұйықтай бермей пысылдап,

Мына жақта ғашықтар жүр шулап.

 

Үңілемін телефонға ол да үнсіз,

Әлеуметтік желілер де көңілсіз,

 

Сенің ұйқың ғана менің көзімде,

Сағыныппын қайтем енді өзімде.

 

Мезгілсіз соғар жүрек дүрсүлі,

Сенсіз өмір көңілсіздеу бір түрлі.

 

Сағыныш тұр жанарыма іліккен,

Сағат баяу жүрерін мен біліп пе ем.

 

Сенің ұйқыңды келмейді ұрлағым,

Жүрегің өзі сезбесе сырғалым.

 

Мен үнсіз,

Үнсіз тағы «ватцап»,

Звондайын ба? телефонға қуат сап.

 

Жоқ, ұйықта

Шаршатқан сені тұрмыс қой,

Сәби мен сенің,

Ұйқыңды бұзу қылмыс қой.

 

*** *** ***

 

Әке, мені ауылға шақыршы,

Шуылдан әбден шаршадым,

Қалада бәрі сатулы,

Қажытады барша мұң.

 

Төсекте жатсаң дөңбекшіп,

Төбеңде тұрар бес қарыз.

Асығып ұшып еңбек қып,

Орындалмас-ау бес парыз.

 

Үйде сүт пен айран жоқ,

Қызың жүр құры су ішіп,

Қаладан мына қайран жоқ,

Түк татырмас тырысып.

 

Шаршадым, әке, шаршадым,

Жүйкем де кетті жұқарып,

Иісі қайда аршаның,

Әкелші, әке, жұталық!

 

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

                                                         Төлеген Айбергенов

 

Әрнеге болар ғазалы,

Жүректен болар ажалы,

Серік болу ауырлау жаным,

Жүнжіп жүйкең де тозады.  

 

Тағыдай еркін өмірі,

Шалқиды асау көңілі,

Сырласу қиын онымен,

Көрінсе де жаны ең ізгі.  

 

Ақынға мәңгі жар болмақ,

Тағы бір бала асырау,

Әйелге ауыр ондай «бақ»,

Шабыты асау, тосын жау.  

 

Жүрекке ауыр жүкті лез,

Өлең ғып жұтар кесемен.

Жүрегім ақын, тік мінез,

Бақытым менің осы өлең.  

 

Ойыңа алма әр істі,

Ақында ашу батылдау,

Жар болу оған жар үсті,

Әр сөзі бұйрық, тарсылдау.  

 

Ақын шабытын жазады,

Кетеді кейде бетімен,

Жүрегің болар жаралы,

Оқырман болма, өтінем.  

 

Жаныммен егіз жанарың,

Сиқырлы, сырлы сезімдер,

Ақынның жары екенің,

Қажымас қайсар төзім дер.  

 

Азапты болса кеш мені,

Алладан берген сыйым бұл,

Өлеңнен сұлу кестені,

Тігетін жанды сүйіндір…  

 

Әлди-әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем…

           Ана әлдиі 

 

Әлди әуен, әуендердің асылы,

Тал бесігім – тағдырымның басы ірі,

Тал бесікті тәтті әуенмен тербеткен,

Әлдимен басталған адамзаттың ғасыры.  

 

Ғалам түгіл, ғасыр басын иетін,

Адам түгіл, періште үнін сүйетін,

Әлди айтар ана ғана өзгеден,

Асқақ тұрар асыл мәңгі ұлы есім.  

 

Әлди есту адамзаттың бақыты,

Әлди менің бақытымды тасытты,

Әлдименен еркелетіп анашым,

Әлдименен шырылымды басыпты.  

 

Сол әлдимен менде бүгін ес білдім,

Ес білсем де әлі күнге естимін,

Ұйықтап жатсам тұлымымды сипалап,

Әлди айтар әуенімен бес күйдің…  

 

Ана өзіңнен алған сыр түпсіз,

Әлдилеген әуенің сенің асқақ күй,

Жүрегің сенің періштедей кіршіксіз,

Әлдиің маған әлемдегі асқақ сый.

Сағындым сені, анашым…  

 

                     ОҚЫРМАН ҚЫЗ  

 

Өлеңіме құмарсың ба оқырман қыз,

Жырдың көсеп өтейін отын нағыз.

Менің мұңым, шаттығым, жұбанышым,

Астарында жырлардың жатыр жалғыз.  

 

Аласұрсам, қайғырсам да, қуансам да,

Күндіз мейлі, болса да түн ауғанда.

Ақ қағаз, қара сия, ғажап тыныс,

Сен ұнатқан жеңілдер жыр жауғанда.  

 

Оқырман қыз,

Жырымның өзін емес, отын аңыз,

Сусын болар санаға сосын нағыз.

Келген шабыт, жанымның жаршысы еді,

Жыр оқыңыз, оқырман қыз, отырмаңыз…   

Taggs:
Пікір жазыңыз