АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІ ЕСКЕРУ КЕРЕК…

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІ ЕСКЕРУ КЕРЕК…

Білім – ұлттың ұстыны. Ұлы Мұхтар Әуезов «Байлығыңмен емес, біліміңмен жарыс» деген өнеге қалдырған екен. Ендеше, тәуелсіз елдің білім беру жүйесіндегі олқылықтар мен артықшылықтар не? Біз болашақ кемесін түзу ұстау үшін нені ескеруіміз керек? Осы және басқа да толғақты мәселелер жөнінде осы саладағы сарапшылардың бірі, «Қазбілім» қосымша білім беру орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлына бірер сауал қойған едік. 

ГРАНТ КӨБЕЙГЕНІМЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ЕҢБЕК РЫНОГЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

– Қазір мектеп бітірген түлектердің көңілі күпті, жүрегі лүпілдеп тұр. Тамыздың 10-ында құдды тағдыры шешілердей. Биыл былтырғымен салыстырғанда, мемлекеттік білім гранты 20 мыңға артық. Бұл білім саласындағы проблемаларға серпін бере алады деп ойлайсыз ба?
– Жалпы грантты көбейту бір сәттік шуды уақытша басудың тамаша амалы. Мемлекеттік грантты арттыру мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Себебі біріншіден, мемлекеттік гранттың санын көбейту – сапасыз студентті көбейту. Сапасыз студент ертең сапасыз маман. Ал сапасыз маман жұмыссыз қоғамға бастайды. Біз мемлекеттік білім грантын 20 мыңға көбейткенде, соншалық студентті тәрбиелей алатын жоғары оқу орындарының базасы, зертханасы, кадрлық құрамы бұған дайын ба? Жоқ! Біздің университеттердің дені 20 ғасырдың бел ортасындағы құрал жабдықтарымен, оқу құралдарымен әлі отыр, әлі жаңарған жоқ. Университет заманауи бет әлпетке бұрылмаса, заманға сай маман тәрбиелеуі мүмкін емес. Жалған ағылшын тілінде оқытамыз деп, шала сауатты ағылшын тілді мамандарды көбейту университет сапасын арттырмайды. Екіншіден, мемлекет грантының көбеюі масылдық сананы арттырады. Жұрт мені байдың асын байқұс қызғанады демесін, бірақ біздің қоғамға қызыл дипломды сапасыз, алақан жаятын маман емес, таза техниканың құлағында ойнайтын кәсіби мамандар керек. Бізге портфель ұстап шіренгісі келетін, «шенеунік» болу арманы асқақ адамдарды қолдан дайындаудың қажеті жоқ, бізге өзін-өзі нық ұстайтын кәсіби шеберлер керек. Сонымен бірге Сұлтанмахұт айтқандай:
«Жақсы болсам өзімнен,
Жаман болсам өзімнен,
Құдай қылды дегенді,
Шығарамын сөзімнен» дейтін, өзін-өзі жетелейтін үлкен жүректі азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Демек, біз грантты көбейту арқылы уақытша шудың алдын алып отырмыз, бірақ, өкінішке қарай, бұл ертеңге проблема жасап береді. Біз, ең алдымен, грантты көбейтумен емес, университеттің техникалық, зертханалық мүмкіндігін нақтырақ айтқанда, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырумыз керек. Әйтпесе, қойды арам өлтіретін қойшы көбейіп кетті.
– Соңғы жылдары ҰБТ форматы біршама жаңарды. Жалпы жаңа формат талапкерлердің оқуға түсу мүмкіндігін қаншалықты кеңейтті?
– ҰБТ қандай форматқа өзгерсе де ол, талапкерлердің оқуға түсу мүмкіндігін арттырмайды ғой, себебі ҰБТ грант санын арттырмайды. Ал ҰБТ-ның жаңа форматын дұрыс қадам деп бағалаймын, бірақ ҰБТ-ның әлі де жетілдіретін, түрлендіретін тұстары жетерлік. Себебі әлемдік көш, әлемдік ғылым, техника, білім бәсекесі дамып, түрленіп жаңа сатыға көтеріліп кетті. Ал біз үздік 30 елдің ішіне кіреміз дейді екенбіз, білім сапамыз, жастарымыздың интеллектуалдық деңгейі көтерілуі, озық деңгейге жетуі маңызды. Ол үшін мемлекеттің ең басты сынағы жаңа сатыға жоғарлап отыруы керек. Бірақ ҰБТ форматынан оның әділетті өтуі білім сапасы үшін ең маңызды дер едім.
– Білім беру саласындағы жемқорлық туралы жиі айтылады. Оның бір ұшы ҰБТ-ға кеп тіреледі. Мен «көшірмей, уатсапқа иек сүйемей, өз күшіммен осындай балл алдым» немесе «көптеген тест орталықтарында көшіру ұйымдастырылды» деген пікірлермен жиі ұшырасамын. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды? ҰБТ кезінде көшіру мүмкіндігі қаншалықты жоғары?
– ҰБТ-ның ең үлкен масқарасы осы. Біз ғылым мен техниканың жетістіктерін бір нәрсеге тиімді пайдалансақ, ол көшіру. ҰБТ-ны қазір оқушы емес, уатсап, оқушы емес телефон тапсыратын үрдіс өте белең алып кетті. Әр жерде, әр күні ұйымдастырылатын тесттердің қатаңдығы, талапқа сай болуы әртүрлі. ҰБТ-дағы әділетсіздік түлектердің жүйкесіне әсер етіп, баланы опасыз етуге тәрбиелейді. Жалпы ҰБТ өткізу кезіндегі интернет байланысын, әлеуметтік мессенжерлерді бұғаттау мәселесін мемлекеттік деңгейде шешпесе, бізде білім сапасы туралы әңгіме айтудың өзі ұят. Балаға психологиялық соққы ҰБТ кезіндегі қатаң тәртіп емес, ҰБТ кезіндегі әділетсіз майдан. Біз осыны түсінуіміз керек.
– Талапкерлердің басым бөлігі гуманитарлық саланы таңдайды. Тиісінше, осы салаға мемлекеттік білім гранты аз бөлінеді. Сіздің ойыңызша, қазір қандай мамандықтарға сұраныс жоғары, талапкерлер мамандық таңдауда нені ескеруі керек?
–Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірінші себеп, бізде мектепте гуманитарлық және жаратылыстық білімнің берілу сапасының әртүрлілігінде. Бізде орта білім 10-11-сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық және математика-жаратылыстану бағыты болып екі топқа бөлінеді. Гуманитарлық сыныптарда физика, химия, биология пәндері аптасына 1 сағат. Ал аптасына бір сағатпен бұл салаларға ішінара болмаса баланың дендеп баруы мүмкін емес. Ал математика-жаратылыстану бағытының балалары ше? Иә, ол жерде физика, химия, биология пәндерінің сағат саны жақсы, бірақ сапасы ше? Сапасы жоққа тән деп айтуға мәжбүрміз.
– Неге?
–Себебі Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновациялық лицейлері және үлкен қалалардағы саны аз дарынды балалар мектептері болмаса, елдегі мектептердің 80 пайызында зертхана жоқ. Барының көбінде «мұражай мүліктері» тұр. Сол тәжірибе алаңдарында оқушыларға сабақ күнделікті өтпейді. Оқушы ары кетсе толық емес мүмкіндіктермен жылына бірнемесе екі рет ғана жұмыс істейді. Ал тәжірибе көрмеген баладан қандай сапа күтесіз? Физика, химия салаларына қызығушылық қайдан болсын?! Осыдан барып, елімізде ең тапшы мұғалімдер де осы математика, жаратылыстану бағытынан туындап отыр. Ауылдарда кейде химия, физика, биологияны сағаты толмаған басқа пән мұғалімдері де өте береді. Олардан қандай сапаны сұраймыз? Мектепте сапасыз білім алған, толымсыз берілген білімімен бұл салаға бала қалай беттейді?! Тіпті мұндай жағдайда бала жалпы білім алуға қайдан қызығады?!
Одан қала берді, соңғы кезде бұл пәндерді ағылшынша оқытқымыз келеді. Білікті мұғалімі жоқ пәнді шала ағылшыншамызбен шәкіртке үйретуді көзге елестетіп көріңізші…
Жалпы кез келген қазақ қазақ жерінің кеңдігі мен астындағы байлығымен мақтанады, ал оны ашатын ғылымға қазақ баласы дайын ба? Егер сөз қуғаннан қазақ озса жыраулар заманында-ақ әлемді жыртып алатын еді. Бізге сөз емес шынайы ғылым, білім керек.

ҰСТАЗ БЕДЕЛІН АРТТЫРУ ҮШІН МАМАНДЫҚ ТАҢДАҒАН СТУДЕНТКЕ АРТЫҚШЫЛЫҚТАР БЕРІЛУІ ТИІС

– Сіз республикалық «Қазбілім» орталығының директорысыз. Жалпы сіздер сияқты қосымша білім беру орталықтары өте көп. Әрі бұл орталықтарға деген сұраныс та жыл сайын артуда. Бұл ненің белгісі? Орта білімнің дағдарысы ма? Әлде…
– Иә, бүгінде қосымша білім беру орталықтары көбейіп келеді. Бұның екі түрлі себебі бар, біріншіден, елімізде орта білім аяғына жетпейтін алуан түрлі реформалардың кесірінен тұралады. Реформа шаршатқан, беделі түскен салаға сапалы маман баруы мүмкін де емес. Осының және тағы басқа толып жатқан салалық және мемлекеттік «аурулардың» дерті бұл саланың сапасын жоғалтып жатқаны жасырын емес, сондықтан да саладағы сапасыздық жұрттың жеке меншік білім беру орталықтарына жүгінуіне әкеп соғып жатқаны да рас. Екіншіден, бүгін білімге, ғылымға деген сұраныс әлде қайда артты, ізденіс күшейді, ал жеке меншік орталықтардың көбеюі тек осы сұранысты қанағаттандырып отыр. Бірақ бүгінде орталық ашу мен оның сапасын теңдей жүргізу оңай емес, сапасыз жерге жұрт ақшасын шашпайды. Сондықтан да ашылып, жабылып жатқан оқу орталықтары да көп. Орталықтардың көбеюіне алаңдаудың қажеті жоқ, себебі бұның әсерінен білім беру саласы жаңа бәсекелестікке бейімделіп, бір сатыға болса да алға ілгерлейді.
– Жалпы орта білім берудің біздегі басты кемшілігі мен артықшылықтары неде?
– Біздегі орта білім берудің ең ауыр үш кемшілігі, бірінші, тұрақсыз, жүйесіз реформа. Реформалардың мектеп жағдайымен, ұлттық құндылықтармен сәйкеспеуі. Екіншісі, мектептің материалдық-техникалық базасының заманға бейімделмеуі. Бізде, өкінішке қарай, үш ауысымды мектеп саны әлі 150-ден асады, апатты мектептер саны да ауырлап тұр. Үлкен қалаларда бір сыныптағы оқушы саны 40-қа жетті. Ал мектептің зертханалық, материалдық, интернет, компьютер базасы, жоғарыда атаған санаулы мектептер болмаса, басқасында мүлде жоқтың қасы. Үшінші, жемқорлық һәм кадр сапасыздығы. Бұл екеуі бізде егіз ұғым, жемқорлық ауыр болған соң, сапасыз кадр көбейеді, сапасыз кадр көбейген сайын өзінің жұмыс орнын сақтау үшін жемқорлық ауырлайды. Өте ауыр дерттіміз.
Ал артықшылығы, қазақ баласының дарындылығы. Дәл жоғарыдағыдай дертті қоғамда отырсақ та, қазақ балалары әлемдік білім додаларында топ жарып, маңдайы жарқырап жүр. Бұл тұтас білім жүйесінің емес, жекелеген мектеп ұжымдарының еңбегі. Қазақтың әр баласы дарынды, біз сол дарынды аша білуіміз керек.
– Қазақ білімін қайтсек алға сүйрейміз?
– Қазақ білімін көтермекке кешенді жұмыс жоспары керек, ол бала бақшадан бастап, университетке дейінгі барысты толық қамтитын кешенді жоспар жасалып, сол жоспар жүйелі іске асуы керек. Бүгінде жай бір іс-шарамен білім сапасын көтеру мүмкін емес. Біздегі бүгінгі талпыныстар бір бағытта кетеді, ал проблемалар бір-бірімен шырма шату бітесіп қалған, оны сонау туындап жатқан басынан бастамаса, түзету мүмкін емес.
– Мәселе тағы да педагогтің беделі мен жалақысын көтеруге келіп тірелетін секілді… Мектепке ең сапалы кадрларды жіберуүшін не істеген жөн?
– Бедел қайдан қалыптасады? Бедел сапалы маманның әсерінен қалыптасады. Ал сапалы маман сапалы оқушыдан шығады. Сол үшін, ең алдымен, мұғалімдік мамандыққа жоғары балл алған түлекерді тартудың механизмі жасалуы керек. Білім саласына сапалы кадр тартпай білім сапасы да, мұғалімнің беделі де артпайды. Ол үшін, біріншіден, мұғалімдік мамандықты таңдаған студенттерге жоғары стипендия немесе тегін жатақхана қарастыру керек. Себебі біз мысалы ауыл квотасымен оқыған баланы ауылға түсуге міндеттей аламыз ғой, себебі біз оған жеңілдік бердік. Дәл сол секілді, мұғалімдік мамандыққа түскендерге артық жағдай жасасақ, оларды да мұғалім болуға міндеттей аламыз. Әйтпесе, мұғалімдікке барған ішінара сапалы түлектердің өзі бітірген соң басқа салаға кетіп қалады. Оның үстіне үстеме шәкіртақы біраз түлекті баурайды. Екіншісі, әрине, мұғалім жалақысын көтеру. Мұғалім жалақысының жоғары, мұғалімдік саланың табысты болуы – бұл салаға оқушылардың қызығушылығын арттырады. Табысты салаға әркімнің барғысы келеді. Үшінші, ақпараттық қолдау, біз спортпен өнердегі жетістікті өте көп дәріптейміз де, білім-ғылымдағы жетістікті елемейміз. Бұл бізді ұлттық деңгейде шоумен етті. Шоу мен тойдан ары аспайтын деңгейге кетіп барамыз. Әлемдік білім, ғылым додаларында топ жарған, пәндік олимпиадаларында медаль таққан шәкірттермен олардың ұстаздарын олимпиада жеңімпаздары мен шоуларда жүлде салған әншілердің деңгейінде көтере алсақ, онда бұл саланың беделі артады. Беделді салаға әркім ұмтылады. Біз тек сүрінген мұғалімді желкесінен түйіп, күллі ақпарат құралы сүйреп, күллі ақпарат кемшілігін айтады. Ал сын таразысы әділ болуы ләзім. Әйтпесе, қадірі одан ары қаша береді. Әмсе ол салаға ешкім жуымайтын «қотыр ешкіге» айналады.
– Жалпы мектепте кадрларды қабылдау кезінде бармақ басты, көз қыстылыққа жол беріледі деген пікірлер қаншалықты шындыққа жанасымды?
– Бұл Қазақстанның жартысы үшін шындық. Ауылдық жерлер мен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысы, Маңғыстау облысында бұл ауру өте қатты. Себебі ауылдық жерлерде жалғыз жұмыс көзі мектеп, ал мектепке жұмысқа кіру (еден жуатын адам болса да) жанбағыстың сенімді кепілі. Сондықтан жұрт бұл салаға кіруге аға көкесі мен қалтасындағы барының бәрін салады. Ал бұның соңы көп жерлерде қалыпты құбылысқа айналып кетті. Өкінішке қарай, біз қазір мемлекеттік деңгейде бәріміз жемқор елге айналдық. Біреу қолындағы мүмкіндігіне қарай 500 теңге жесе, біреу 500 миллион жеп отыра береді. Қызығы, бәрі бірін бірі жемқор деп сынайды.
– Орта білім саласындағы эксперт ретінде үштілді білім беру процестерін саралап көрдіңіздер ме? Оның алғашқы нәтижелері туралы не айтасыз?
– Үш тілді білім берудің әр баспалдағын саралап жүрміз, өкінішке қарай, біздің жүйе, біздің қоғам әлі сол «жүз қозыдан жүз жиырма қозы алу» секілді әсірешілдіктен арылмапты. Үштілді бағдарламаның орындалуы, білім саласының цифрлануы дәл сол жалған көрсеткішпен жалған есептердің астында көміліп жатыр. Қазақ ауруын жасырғанмен өлімі әшкере дейді, бүгін біз қанша ауруымызды керемет деп көрсеткенмен, ертең бәрі ашылады. Бірақ біздің жүйеде ешкім сапасыз реформасына, істеп кеткен тірлігіне жауап бермейді, қазіргілерде солай ойлайтын шығар, өздері кеткенше бәрі дұрыс болса болды, ертең не болса сол болсын!
Үш тілді білім берудің нәтижесі енді бір 10 жылда толық көрінеді. Біз сол кезде бір тілде толық бір мақала жаза алмайтын шала жансар буынға тап боламыз, ол кезде өкіну тым кеш. Үш тілде білім берудің ең ауыр кезеңі, яғни кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту алдағы жылдардың еншісінде. Бірақ ол іске мүлде аспайды. Әрине, қағаз жүзінде бәрі қанттай болуы әбден мүмкін, бірақ сыныптағы сабақ не пән емес, не ағылшынша емес, не қазақша емес, көзбояушылық болады. Себебі бізде дәл сол пәндерді қазақ тілінде сапалы беретін мұғалім тапшы. Ал ағылшын тілінде бергізу түйенің мұрын жұдырықпен тесу.
– Сіз орта білімді шетелде алдыңыз, ал Қазақстанда орта білім беретін мектептерде қызмет еттіңіз. Екі елдің білім беру жүйесінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар? Қай жолды таңдаған дұрыс?
– Иә, әр елдің білім жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Мен білім алған елдегі ең басты ерекшелік ол ұлттық сипаты. Шығыстың өзіндік білім жүйесі қалыптасқан, күн шығыс елдерінің білім саласы мен техника саласы бүгін әлемде алдыңғы орында. Тіпті таңғаларлық көрсеткіштерге жетіп жатыр. Оның басты себебі де олардың жүйесіндегі ұлттық иістің қанықтығы. Ал біз бұрынғы қалыптасқан жүйемізді ұлттық негізде дамытудың орнына әркімге бір еліктеп, ірітіп, шірітіп алдық. Кезінде Алаш қайраткерлері неге білімге баса назар аударды, себебі білім саласы елдің тірегі, ұлттың қуатын қалыптастырушы күш екенін сезінді. Ал біздің қазіргі жүйедегі ең үлкен кемшілік ұлттық бояу азайып барады. Біз реформа жасағанда шетелдікін түп тамырын өзгертпей, қазақ иісін сіңірмей тіке көшіре салатын ауру таптық. Көшіргенде де толық көшіруге, іске асыруға ниет жоқ, шала жансар көшіреміз.
Қазақ ертең бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптассын десек, бүгін біз ұлттық иісі аңқыған бәсекеге қабілетті білім саласын қалыптастыруымыз керек, сол бағытта еңбек етіп жүрміз, ете береміз де. Тек еткен еңбекті, айтқан сөзді ұғар жүйе болса болғаны.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Taggs:
1 Comment
  • Жанэра 5:22 дп 1 августа, 2018 Ответить

    «Егер сөз қуғаннан қазақ озса жыраулар заманында-ақ әлемді жыртып алатын еді»-, мына сөзіңізге рахаттанып бір күлім алдым. Шындығында….

Write a comment to Жанэра Cancel Reply