АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

АЯТЖАН АХМЕТЖАН

МҰҒАЛІМ

АҚЫН

ЖУРНАЛИСТ

БЛОГЕР

Блог жазбасы

Қазақ ұлтшылдығы, қазақ мінезі де жаңа сатыға көтерілуі керек

Қазақ ұлтшылдығы, қазақ мінезі де жаңа сатыға көтерілуі керек

Жыл басы елдің орталық облысының дүрлігуімен басталды. Осындай бір оқиғаларда бүкіл ел назары бұрылып, мұндай бірер құрбандық жоқ кезде мимырт түндей тыныштыққа түсетін бағзыдан бергі әдетіміз, соңғы ғасырдағы мінезімізге айналған-ды. Қарағандыдағы оқиғаны әр кім әр түрлі талдап, тәпсірлеп жатыр. Мен тек ол оқиға емес, жалпы бүгінгі қазақтың басындағы жағдайға байланысты аз кем ойлана кетуді жөн санадым.

Бүгінде Қазақ жеріндегі үлкен экономикадан тартып, кіші экономикалық табыс кімнің қолында? Кәсіпкерлік пен өндіріс кімнің қолында, білім мен бизнес кімнің қолында? Жалдану мен жалшылық кімнің мойнында? Осы сұрақтардың төңірегінде ойланып көрелікші.
Осыдан тура бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы Ахаң:
«Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек,» — деп өсиет айтқан-ды. Бұл әлі өзекті. Ахаң айтқан білім, байлық һәм бірлік қолымызда болса жерімізде ешкім талтаңдап, елімізді ешкім басынбас еді. Өкінішке, бізде осылардың біразы өзгеде болып тұр. Әр өңірге көп баратын адам ретінде байқайтыным, ірі бизнестерді есепке алмағанда шағын, орта бизнес өзгелердің қолында. Ал, оған жалданушылар мен қызмет етуші өзіміздің қара көздеріміз. Неге?

Бізде астымыздағы байлықтың тізгінін өзіміз ұстайтын білім, базардағы нарығымызды өзіміз ұстайтын кәсіпкерлік, бір-бірімізді қолдайтын, өзіміздің қауымды өзіміз демейтін, бір қазақ болса да дамысын дейтін бірлік болмай тірлік оңалмайды. Бізді үш ғасыр орыс отарлағанда біз басқыншы ұлттардың бәрін орыстар секілді көреміз. Орыстар ақпараттық соғыспен шулатып, қазақты тау сағалаған жабайы ұлт ретінде көрсетіп, намыссыз етіп кино түсіріп, білімсіз, қолынан ештеме келмейтін қауқарсыз, алауыз ретінде намысымызды жаншыды. Әлі де солай ақпаратын бұрқыратады, біз қайтара мақала жазып шулаймыз. Біз сыртқы жаумен де, ішкі жаумен де әлі дәл осылай күресіп келеміз, тек шу. Шу етеміз, ұзаса бір аптадан кейін бәріміз ұмытамыз. Осы ғасыр туғалы өзіміз көрген жағдайдың бәрі осы. Бірақ, бірақ…
Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек. Олар сауда жасап жүрiп-ақ қатын-бала, үмек-шүмегiмен сабанның топанындай ағылып келiп, сенiң жерiңе атақонысындай орнығып алады. Ел алу, жер алу – Қытайға түкiргеннен де оңай. Ол көптiгiмен алады. Қаулаған өрттей басып қалады. Қытай өзiмен қоңсылас елдердi соғысып жойған жоқ, сауда жасап жүрiп-ақ жұтып қойды. Бұл сияқты жер алу, ел алу әдiсiн дүние жаралғалы тарих жүзi көрген жоқ шығар, — дейді Жүсіпбек Аймауытұлы, Джек Лондоннан аударған Қытай туралы мақаласында. Иә, бұл бір ғасыр бұрын. Бүгін тек Қытай ғана емес, күллі әлем сауда соғысын, экономикалық соғысын бастап кеткен. Біреуді біреу экономикалық мүмкіндігімен жаулағысы келеді. Ал, біз оған дайынбыз ба?

Біз тірі болумыз керек. Тірі болу үшін — ірі болуымыз керек, — дейді тағы сол Ахаң. Бізді бүгін өзгелер басынбасын десек, Ахаң айтқан керектердің жолында жұмыс істеу керек. Қазақ кәсіпкерлігін жаңа биігіне шығару керек. Бизнес қазақ қолына, елдегі экономика қазақ қолына өтуі керек. Ол үшін бәсекеге қуатты бизнес-қабілет керек. Бұл бізде бар ма? Бола ма? Қанша уақытта бизнесте бәсекелі ұлтқа айнала аламыз? Бұл мәселе алдағы жүз жылдан кейінгі қазақтың кім болуын, Қазақстанның кім болуын шешетін өзекті дүние.
Кешегі, бүгінгі болып жатқан дүниелердің бәрі сол. Егер сол кафе армяндардың емес, қазақтардың кафесі болса, бизнес иесі қазақ болса бұл іс басқаша өрбитіні табиғи еді. Армян ол жерде талтаңдамасы ақиқат-ты.

Базар толы өзгелер, бизнес толы өзгелер. Экономика өзгелердің қолында тұрса, бұл жағдай кері кетпесе оңалмайды. Сол үшін қазақ санасына жаңа өзгеріс керек. Шекпенді, шенді болуға емес, «левый табыс бар ма?» дейтін сана емес, шынайы еңбек, білім, бәсекеге қабілеттілік керек.

Қазақ ұлтшылдығы, қазақ мінезі де жаңа сатыға көтерілуі керек деп ойлаймын. Лайым солай болғай!

Taggs:
Пікір жазыңыз