Үкімет өлтірмейді…

Баяғыда кішкентай кезімде әжелеріміз: Үкімет өлтірмейді, өзегіңді талдырмайды — деп отырушы еді. Біз коммунизм деген ертегіні аяқтап, нарықтық заманға аяқ бастық, бірақ, үлкендер емес өзіміз қатарлы жастар да сол үкімет жағалағанды, жалақысы төмен болса да, бас ауыртар жұмысы көп болса да, қарғанып-сіленіп қойып бәрібір мемлекеттік, бюджеттік мекемелерде жұмыс істегенді дұрыс көреді. Жеке компанияда 120 мың айлығы бар жұмыс пен бюджеттік мекемеде 60 мыңдық жұмыс тұрса міндетті түрде екіншісін таңдайтын адамдар әлі өте көп екеніне таңғалдым. Неге?
Адам ғұмыры өте қысқа, қанша жасарыңды бір Алла біледі. Ал, осы ғұмырда бір тапқаның бір тапқаныңа жетпей жүре беру қаншалықты қиын. Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп дейді, — біздің бағзы заманның сөзмерлері. Иә, бұл күнде ары-бері жүріп, ел көру, жер көру керек, ол үшін еркіндік пен жақсы табыс барлық адам үшін ең маңызды. Ал, сіз 60 мың айлыққа байланып, жетпеген жерін кіреді итпен (кредит) толықтырып, ит тірліктің соңында, итшілеп өмір сүру ауыр ғой.

Деп әңгіме бастасам, біразымыз мемлекетті, үкіметті жерден алып, жерге салатын да шығармыз. Бірақ, бірақ… Көп нәрсе өз санамызда. Осы жұмыс беруші болып, өз алдыма жұмыс бастағаннан бері сезінген ең үлкен дүнием, бүгінгі ең ауыр мәселе — жұмыссыздық емес, «біліксіздік» екенін сезіндім. Жеке жұмыстағы ең ауыр дүние — білікті кадр жасақтау екенін сездім. Қарапайым менеджерден бастап, сапалы мұғалім, әкімші табудың өзі қиямет. Жақсы жалақыға іздесең де, риза ететін серіктес табу қиын… Неге?

Бәрінде бір ой, кредит алсам да, қарызға тұрып үй алсам да, кредит алуға керек болар мемлекеттік жұмыс керек. Алла адамдардың ниетіне қарай береді, — дейді. Иә, біздің ниетіміз сонда, кредит пен жалдамалы ғұмыр ма? (Осы жерде мені бір сыбап алуға болады. Aдам еріккеннен кредит ала ма? Үкімет сондай жағдайға жеткізді бәрімізді. Оңбаған, — деп мені боқтап алуға болады. Бірақ, одан сіздің өміріңіз өзгере ме? Өзгерсе қарғай беріңіз)). Жә, қалжың әрине, мені боқтап отырсаңыз, сабыр, одан да өзіңізді… Жоқ, боқтаңыз демеймін, өзгертіңіз. Өмірде, үкіметке немесе өзгеге емес, өзіңізге сеніп үйреніңіз.

Қалай өзгерем десеңіз менің осыған дейін жазған табысқа жету формулаларын оқыңыз, ол алдыңғы посттарда немесе сайтымда тұр.
Бүгінде мейлі қай салада, қай кәсіпте істесеңіз де, кім болсаңыз да, білікті болу ең маңызды. Өз салаңызда, тым құрыса кез келген бір салада білікті болсаңыз, білікті болу — табысқа жетудің алғы шарты. Басқасы сылтау ғана.

Келіспесеңіз, ойыңызды жазарсыз, дауласа отырайық…

Аятжан Ахметжан. 

3753 рет жалпы оқылды 31 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *