ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. ТӘТТІ СЕЗІМ

 

 МАХАББАТ, ОЛ –

 

Махаббат, ол –

Жалғыздық па, жабығу ма? Кім білсін,

Біреуге бақыт, ал біреуге ол бір сын.

Қара нардан кейде рас қайратты,

Кейде бірақ қылдан нәзік бүлдіршін.

Махаббат, ол –

Ай ма, Күн бе, Қос жұлдыз ба?

Кім білсін,

Жүрегіңде ғашықтық атты үн жүрсін.

Жылытса егер махаббат жанды жылытып,

Әйтпесе ол қалшылдатсын, тоңдырсын.

 

Махаббат, ол –

Байлық, әлде дәреже ме? Кім білер,

Айдынында ақ кемеде жүздірер.

Махаббатқа байлық кейде бақ сыйлап,

Кейде жанған бақытында бүлдірер.

 

Махаббат, ол –

Қосылу ма, тосылу ма? Кім білер,

Жүрек үні айтқанына көндірер.

Махаббат, ол достық жырдан нәр алып,

Дұшпандықтан аулақ болсын әр білер.

 

Махаббат, ол –

Мынау деп ешкім айтпайды,

Сезім шіркін бесігінде баптайды.

Махаббаттан шеттеп жүріп еш жандар,

Бақыт басқа бұл өмірден таппайды.

 

НАСИХАТ АЙТҚАН ДОСТАРҒА

 

Жастық шақтың сағынары жас ғашық,

Жүректерден сезімдерді ап қашып.

Сезімдерін байлай алмас кей жандар,

Дал болады таба алмай бірді дөп басып.

 

Асқынсада күндер аунап жыл жылға,

Жүрегімде қалар бейне құр сызба.

Не болса да менің жырым бір сезім,

Тағдыр мені өзгертер деп тұрсыз ба?!?

 

Сағыныш сазы жүректен ақсын сызыла,

Асқынсын мейлі жете алмасын жұбына.

Маңдайымның қарайтыны құбыла,

Жүрегімнің таңдайтыны сол ғана

 

Жүрек көнбес басқа жанды ойлауға,

Түспек емес шырмау менен айлаға.

Соған ғана ғашық болып кетермін,

Жұматайдай ғашық болған Ләйлаға.

 

  *** *** ***

 

Ғашықтық тулатар жүректі,

Бұлқынған кеуде дүрсілі.

Сүю өмірге әсем гүл екті,

Махаббат – әсем жыр сыйы.

 

Үнсіздік, іштегі бір сезім,

Күрсіндік, ертеңін білгесін.

Әдемі, ұқсайтын гүлге шын,

Шуақ етті өмірдің түрмесін.  

 

Тәп-тәтті махаббат,

Алғашқы һәм ең соңғы,

Сыйламас бірақ, аға бақ,

Айырмас бірақ оң-солды.  

 

Күту өмірдің шуағы,

Өтпес болса да уақыт,

Күте алмау туралы,

Айтпаспын, сірә, жылатып.  

 

Кездесу – көздердің түйісі,

Сағыныш қалмас жанарда,

Сырласу – сезімнің сүйісі,

Бақыт басқа қонарда.  

 

Шығарып салу, шын тілек,

Сезімін айтып көзбенен.

Тек аман өзің жүрші деп,

Айту да емес сөзбенен.  

 

Қоштасу, шер ол қайғы,

Тілемес жандар шын сүйсе,

Басыңа мұң орнайды,

Күрсініс еріп дүрсілге.  

 

Махаббат құнын біледі,

Бақытты біздер сүйеміз.

Ғашықтар мәңгі гүл еді,

Табысса жүрек шын егіз.  

 

Ең соңғы басқыш бөлектеу,

Алдамшы ғұмыр болған соң,

Үйлену бізге керек деу,

Бәріне нүкте қойған соң.  

 

Біз қаншасын сезіндік,

Жаным деуге дәрменсіз,

Қаншасынан безіндік,

Нөлге тұнған мәндерсіз…  

 

*** *** ***

 

Толқиды жүрек толқиды,

Өзім сезем ол күйді,

Он жылдан соң бүлкілдек,

Жүрегіме жел тиді…

 

Сағыныш емес сарғайған,

Санам да бөлек ой қалған,

Қоламтасы өшпеген,

Қоңыраулап қоздайды ән.

 

Өзгеше бір бұлқыныс

Өзгеше бір күй тыныш,

Өзгеден сезім бөлектеу,

Өзгеше бір сүйкімді іс.

 

Біріге алмас екі ырыс.

Бөліне алмас екі күш.

Махаббат емес ол бірақ,

Әттең, атты өкініш…

 

*** *** ***

Жанымды менің еліткен,

Қызғалдақтай қыз мынау,

Қатал өмір неліктен,

Жол айырықта тұрмыз-ау.

 

Сағынған сені бұл күнде,

Толқымау сірә, мүмкін бе,

Жүрегім сезер көп жайды,

Дүрсүлде кеуде дүрсүлде…

 

Дүрсүлде кеуде соқ жүрек,

Сүйген соң сұлу елжіреп,

Махаббат мәңгі сенімен,

Қалатын жырлар белгі боп.

 

Сендік жырым, сырым бұл,

Махаббатыңмен жуындыр,

Басқасын Алла береді,

Басыңның ғана құнын біл!!!

 

ХАЛІҢ ҚАЛАЙ ДЕГЕН ДОСҚА

 

Батпан тірлік басын шайқап, тілгілейді кеудемді

Қай қырым әлсіз, жеңе алмаймын мен нені?!

Жүрегімді толқытсада сол бір күй,

Неге өмір өз сезімін кем берді?!

 

Мен білмеймін, таба алмадым жауабын,

Жеттім дедім,

                    Қарсы айналдым,

                                Түк таппадым,

                                             Алдандым.

Шын бақыттан таппасам да отты жыр,

Арасынан шыға алмадым, саясы жоқ талдардың.

 

Таңның емес,

Қайтқан желдің беті соққан әсері,

Бірі серпіп,

                  Бірі желпіп өтеді.

Тұмшала жанар,

                         Жүректі қорға сен кеуде,

Орындалмас мұң шаттықтың дерті енді.

 

БОП ТҰРМЫН ҚОС БҰРЫМДЫ САҒЫНҒАНДАЙ

  

Білерсіз сіз қазақтың ырымдарын,

Қазақ қызы кеспеген бұрымдарын.

Қазақ қыздың сұлулық бір белгісі,

Білерсіз сол бұрымнан туындарын.

Төлегеннің Қыз Жібекке ғашықтығы,

Білерсіз сол бұрымнан туылғанын.

Кеше ғана ұлттық жаза ретінде,

Білерсіз сол бұрымның жұлынғанын.

 

Бұл күні арман басқа, талғам басқа,

Сан өзгеріс туылған жаңа баста.

Алла берген реңді жоғалтып кеп,

Алуан рең көрінді мына баста.

Қос бұрым жауырынға жетпей жатыр,

Ауырлығы болардай қара басқа.

 

Өткен күн біз қазаққа арман бүгін,

Сұлулық қыздардағы қара бұрым.

Көргенде желкілдеген қос бұрымды,

Көргендей болушы едім таңның нұрын.

Күзелгенін көргенде ұзын шаштың,

Күрсініп шығып кетті жалын мұңым.

 

Бұрымдыда бір менің бағым бардай,

Боп тұрмын қос бұрымды сағынғандай.

Оу, қазақтың қыздары, шаш қимашы,

Дінсіздікке бір басың таңылғандай.

Қара көз қазағымның сұлулары,

Ата-салттан мәңгілік жаңылмағай.

 

БІРАҚ ТА СЕН

 

Мен сені сүйемін, бірақ та сен,

Жүректегі құпия сыр аттас ең.

Жүректе әсем бір жылу бар да,

Әйтпесе өзгеше бір сынатпас ең.

 

Мен сені сағынамын, бірақ та сен,

Дәл мендей жүрегіңмен ұнатпас ең.

Махаббаттың тербелмесе нәзік қылы,

Сезім жасын жүректен құлатпас ем.

 

Мен жүрекпен сырлам, бірақ та сен,

Жүректің лүпілімен сыр айтпас ең.

Махаббаттың қызығына батар едік,

Күте алсаң жасыл орман,

Бұлақ та әсем.

 

Қысқым келеді құшаққа, бірақ та сен,

Ерке қылық естілер құлаққа әсем.

Тау сағасын аралап бір келер ек,

Күтпейсің ғой амал не, қыратта сен.

 

Бақытқа бірге барар ек, бірақ та сен,

Сезім деген байлансаң тұраққа әсем.

Алла берген әр дәмнен қуат алып,

Қайғы түгіл бір сені жылатпас ем.

 

Мен сені сүйемін, бірақ та сен,

Жас жүректе болмас-ау қуат бәсең.

Жүрекке ауыр сөз айтпа, ару қыз-ай,

Сезімің де жетпейді, жұбат десем.

 

*** *** ***

 

Сезін де, ойлан соқ жүрек,

Махаббат, сезім ол бөлек.

Өлтірме, әсте өлтірме,

Жүрегімде сезім өлді деп.

 

Оу, менің тәтті ғұмырым, алқалы ғұмыр,

Кеуіп қалған көзінде шалқары құрғыр.

Әркімнің сүйген дауысы әсем,

Өзіне бұлбұл.

 

Жүрегімде бұл күн менің өр екпін,

Дегендейін дертті мұңға кері екпін.

Меселдесін мен де бүгін таппадым,

Сүйген жаннан медет тың.

 

Мөлдіреп көзі, үлбіреп ерні дір еткен,

Селт еткізіп сезім жырды түлеткен.

Өлі ғұмырды өз лебімен оятқан,

Айналдым әсем жүректен.

 

Айналдым әсем, айналдым мен де тілектен,

Жүрегіңе ғашықтық жырмен үн еткен.

Махаббат ғұмыр кіршіксіз туса игі еді,

Мендегі мынау періште көңіл жүректен.

 

КЕЛ ЖАНЫМ…

 

Шын сүюдің бақытын сезінгенде,

Бақыт табам өзіңнен, көзіңнен де.

Ғұмырдан күдер үзіп бір кетер ем,

Сен қасымнан мәңгілік безінгенде.

 

Безінгенде,

Айрылам әдемі бір сезімнен де,

Қалмайды бір жүректе төзім менде.

Жетпеген құшағыма күрсінемін,

Көрпеде кең көсіліп көз ілгенде.

 

Езіл жүрек сезімді, сезін кеуде,

Қатал қабақ сөзім жоқ тезіңмен де.

Жүрегіңе құлақ сал дер едім мен,

Жүрегіңде болмаса сезім кенде.

 

Шын сүйген соң қақым бар өрім деуге,

Өзің деп өрге ұмтылам өзім кейде.

Елесіңді күлімдеп еркелеген,

Түсімнен де, табамын өңімнен де.

 

Табамын,

Сондықтан құнын білем бағаңның да,

Кейде дос, кейде ақылшы ағаңмын да.

Шүкір айтсам, сүйемін жүрегіммен,

Күпір айтсам, бақыт бар саған мұнда.

 

Кел жаным,

Бізге берсін қаланың кеші де ерік,

Кетейік ғашықтардың есіне еніп.

Басқан ізге ой салып куә болар,

Жыл аунаса жатады Есіл еріп.

 

ӨКІНБЕ ДОСЫМ СҮЙГЕНІНЕ ДОСЫҢНЫҢ

 

Адамдық бойдан адалдық атты алсаң үн,

Сынына қара қиындықты қарсаң күн.

Өкінбе досым сүйгеніне досыңның,

Әкелсе де басыңа ауыр сарсаң күн.

 

Арын қара,

Барын қара бойындағы білімнің,

Сәнін қара,

Нәрін қара бірге жүрген күніңнің.

Өкінбе досым сүйгеніне досыңның,

Жатпаса болды ішінен қарап жылымның.

 

Жанына қара адамдық арлы рухтың,

Мейірім мен жылулық атты үн ұққын.

Өкінбе досым сүйгеніне досыңның,

Болмаса бірі ойы таяз, сынықтың.

 

Үңіле біл, түбіне қара жүректің,

Достық жырды гүлдендіргін, түлеткін.

Өкінбе досым, сүйгеніне досыңның,

Күтпесе болды ішінде жатып түнектің.

 

Сырын шертіп достық жырға молыққын,

Сыры қалай, жыры неде соны ұққын.

Өкінбе досым, сүйгеніне досыңның,

Жүрмесе болды өзім деген жорықтың.

 

Тартылысқа, қайшылыққа көндің бе?

Өкінбе досым, сүйгеніне сен мүлде.

Досың болып алдыңнан шығар сол жүрек,

Жұбым – мынау, тойыма кел!- дер күн де.

 

Өкінбе сен, өкінбе досым сен мүлде,

Адам боп сен, тік басып жерге келдің бе?

Жұбың боп алдан шығар сол жүрек,

Жалғызсырап жабырқап қалдым дер күн де.

 

Өкінбе досым, сүйгеніне досыңның,

Бірі болар өмір сыйлар жосынның.

Досым деп сыйлап, сүйсе егер,

Ойланып көр, бағына оның қосылғын!!

  

ҚЫЗ ДЕГЕНІҢ

 

Қыз дегенің қырдың әсем пәк гүлі,

Қазағымның жырлап өткен гәккуі.

Алақанда сылап-сипап әлдилер,

Айдынында ерке өскен аққуы.

 

Әркім сыйлар замананың ұланы,

Жарты әлемнің өз әлінше шырағы.

Анасы да маңдайынан шертпеген,

Табиғаттың екі аяқты құланы.

 

Махаббатқа жанын салар қырағы,

Сезімі сел ғашықтардың жыр әні.

Сақ бабамның көшін бастап жорытқан,

Ата тарих, әз бабамның ұраны.

 

Жарқыл белес замананың шырағы,

Сыңғыр бұлақ, шетіндегі құрағы.

Сезімдері теңіздейін толқыған,

Бақыттың да аялдайтын тұрағы.

 

Қыз дегенің әлемге бір жылы леп,

Шашылатын көп шуақтың бірі боп.

Әлемді де алақанында тербетер,

Ол әйелдің бойындағы құдірет.

 

Ұлтының да тербететін бесігін,

Тотыратын кемсау жерін, кетігін.

Аналары белгілейді дейді екен,

Ұрпақтардың ұлылығын, кескінін.

 

Қыздың жолы жіңішке жол, тайғақ жол,

Арыменен, ұжданменен қалған жол.

Әлия, Мәншүк кеше ғана деп кеткен,

Мен секілді Отаныңа қорған бол.

 

*** *** ***

 

Мен бәрін түсінем,

Егіз жүректің елесін,

Тек іштей күрсінем,

Ақиқат ештеме демесім

 

Кеудеде сарғайған сағыныш,

Жүректе тәтті махаббат,

Ұнату, сүю анық іс,

Үн қатып тұрса бағалап.

 

Мен сені сағынып көзілем,

Ештеме демеші өтінем,

Тілдессін жүректің сөзімен,

Түйссін екі дем.

 

Бізде басқа қуат жоқ,

Арпалыс сезіммен,

Сағыныш туады тек,

Беймезгіл көз ілген.

 

Мезгілсіз елес, тәтті мұң,

Өзара сүю шын бақыт,

Бақытты болу басты ұғым,

Басқасын шешер бір уақыт.

 

*** *** ***

 

Есімді жия алмай келем,

Ессіздеу шығармын бәлкім,

Әрнені қиялдай берем,

Елесті аңасаймын әр күн.

 

Білмеймін өзгеше елес,

Көмескі тартар көңіл бұл,

Сағыныш өктем егес,

Санамда сезік жүр.

 

Әрнені жазам шимайлап құр,

Өмір өзі екшеп тұр,

Көктейді көңілдің гүлі,

Көзінен ғана өппек бір.

 

Айтпағым әрне сезімді тияды,

Сұраққа толы өмір тек,

Тентектеу еді көңілдің қиялы,

Болса да әр кез көңілшек.

 

Арман болған бала кезім,

Сезімді тимас тентек бір,

Талғампаз таусылды төзім,

Елес қана ептеп тұр.

 

Тиылар бөлекше сезім,

Өз еркі өмір көп күтсе…

Айта алмас сөзім,

Соңындағы көп нүкте.

 

ШЫН СҮЮДІҢ ҚАСИЕТІН СЕЗЕ МЕ?!?

 

Кірбең ғұмыр кешсек тағы талай күн,

Бақытына ортақ болып талайдың.

Жүректерге қуат берген махаббат,

Махаббаттан туады екен бар айбын.

Сезім – ақымақ,

               Махаббат – соқыр дегенмен,

Таппадым ғұмыр мәніменен баянын.

Күндік ғұмыр жете алмаған қарау күн,

Алғы сөзін біз жазсақ та,

                           Бақыт деген тараудың.

Ауласынан  алыстамай біз жүрміз,

Ару қыздың ар-ұжданын талаудың.

Махаббатқа келіп жетіп нарау күн,

Қасиетін жіктедік,

                        Біз де соған қараудың.

 

Махаббат қанша, бақытың да сол ғана,

Нәзік жүрек, нәзіктікті қорғала.

Селт еткеннің бәрі сезім емес те,

Әсер етсе де жүрек деген ордаға.

Дүниеде қызық қуған көп жандар,

Байлатпай жүр сезім атты,

                    Байламы қатты торға да.

 

Махаббатым – сел дейтіндер көп бірақ,

Бәрінен де таба алмай жүрміз бек тұрақ,

Сүйгені үшін жылайтындар жоқ бүгін,

Тек жымиып күлкісі ғана кеп тұрады,

Теңіз үшін ғашықтығы тым басым,

Кебу үшін жаралмаған көп бұлақ.

 

Сүюдің шын бақытын сезген боп,

Айтсаң, бұл күн жалтаратын безбен боп,

Алмастырып күнде біреу жүрген бар,

Ақылдыдай көрінетін елден бек,

Ер әйелге бірдей болған бұл ғұмыр,

Адамзатқа тұрақсыздық сезімімен келген жоқ.

 

Ащы тыныс кеуде керсе бұлқынғым,

Келіп тұрады,

Көзін құртқым көздегі нәпсі құртымның.

Басындағы ар-ұжданын жоқ қылар,

Ләззаты үшін өтер де кетер бір түннің.

Махаббат деген ғұмыр үшін тек қана,

Бір жығылып келіп тұрад бір тұрғым.

 

Махаббат сезімі сел жүректерге құлаған,

Бірлік үшін ғұмыр кешер бір адам.

Тірлік үшін тырп етпейтін кей жандар,

Күндік үшін қорықпай жүр күнәдан.

Енді біраз жылдар өтсе, тым шіркін,

Ғашықтық жыр таппаймыз біз мұрадан.

 

Өтер де кетер бес-ақ күнде бұл жалған,

Махаббатты қастерлей біл бүр жарған.

Қолда барда бағала шын асылды,

Қайта келмес шын қасиет ұрланған.

Шын сүюдің қасиетін сезе ме,

Сүйісуге екінші,

                    Үшінші,

                      Төртіншімен тұрған жан!?!

 

*** *** ***

 

Мен үнсіз жүрекпен,

Дем алғым келеді дір еткен,

Өзім де басқаша,

Өмірім тіпті өзгеше,

Шығаршы о, сезім түнектен…

 

Өзімде басқа елес,

Бақытым басқа емес,

Отауым гүл тіпті,

Отбасым бүршікті,

Бағасы бесте бес!

 

Жүрегім тарсылдап,

Сүйерім жасыл бақ,

Атпаған таң əлі,

Таудың ерке самалы,

Сап-сары сағыныш басылмақ!

 

Жағасын кезсем де таң атпай,

Ерке Есілден ем таппай,

Сұлу бұрымдай шұбалған,

Қара орман – бір арман,

Төзімімді таусты болаттай!

 

Сезімнің өресі,

Өмірімде дəл осы,

Əр кімге бір ғашық,

Əр отты бір басып,

Бір өлең – бір сезім кәдесі…

 

Жоқ əлде, Салиқа-Сəмендей,

Сүйгенімді дəлелдей,

Қашайын бір тауға,

Сезімді ұрлауға,

Кінə артпас ғұмыр бəлендей…

 

Ойлардан арылып бір пасық,

Шыңдармен сырласып,

Бұлақтың үнімен тіл қатып,

Сағыныш жасымды құрғатып,

Жатудың өзі бір бақыт…

 

Сезіну емес, сезімге асықтық,

Ақында болмас жасықтық,

Сезінген боларсың,

Сағынышым құзар шың,

Жай сылтау сірə, ғашықтық!

 

*** *** ***

 

Өзіге түгіл қимайтын өзіңе де,

Бір асылың болады өзі кейде,

Жүрегіңмен табысып сөзі кейде,

Көзіңменен сырласар көзі кейде,

О, махаббат басқаша сезілмей ме?

 

Басқаша сезілмей ме ауыр тіптен,

Шымырлап кетеді бір жауыр нүктем.

Қалайша арылайын еһ, адамзат,

Қос кеудеге байланған ауыр жүктен.

 

Елес ғұмыр бақытты емес ғұмыр,

Көзіңнен көремін мен көмескі жыр,

Сезімдерім сүйісіп жатар бəлкім,

Бетімен жібермейтін белесті бір.

 

О, тəтті сезім!

Тірлтіп мен тастайын елесті бір,

Екеумізде басқаша емес ғұмыр,

Қор қылып бүлдімей қос бақытты,

Жыр қылып суарайық елесті бір.

Көзден ұшып кетпесін көмескі жыр…

 

P.S.

Кеудемнің болғанменен күрсілі көп,

Жүрегімнің сезілмес бір сыры жоқ,

Сезімді буып түрса да бір өкініш,

Бір өлеңнің кетпеші тұтқыны боп…

928 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *