«Жұлдыз» — Біздің елдің ең басты ауруы!

«Жұлдыз»
Біздің елдің ең басты ауруы!
Бүгін бізде 18 миллион халықта «ЖҰЛДЫЗ» деп саналатын кемі миллион адам бар…
Өсіп келе жатқан кез келген баламен сөйлессең осы жұлдыз қатарында болғысы келеді… Мейлі таланты болса да, болмаса да…
Ал, ата-анамен сөйлесе қалсаң олар да балаларынан болашақ жұлдыз жасағасы келеді…
Мен, әуейі ел болып кетпедік пе? — деп ойлаймын үнемі…
Әрине, әр ата-ана баласының ел алдында сыйлы болып жүргенін қалайды, бірақ, сыйлы болудың жолы тек әуей болу ғана емес қой…
Өз салаңның білікті, үздігі бола алсаң кез келген салада беделді бола алатыныңды үйрету бала тәрбиесінде қаншалықты қиын болмақ? Кез келген жерде баласын шу мен шоуға сүйреп жүрген қауымды көргенде кейде қарның ашады… Кейде жының ұстайды…
Иә, бұған шыны керек ата-ана кінәлі емес ау, бүгінде төртінші билік атанған ақпарат деген алпауыт кінәлі…
Кезінде Ахаң: «Халықтың көзі, сөзі һәм өзі» — деп атаған ақпарат құралдарының жазатыны, айтатыны, көрсететіні солар. Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі…
Мектепте сабақ беріп жүргенде көресің, қаншама болашақта жақсы маман, ғылымның тізгінін ұстай алатын қабілетті балалар шоу мен шу қуып жүріп қор болады… Не сабақ жоқ, не өнер жоқ, жел сөзді жеңіл тірлік қууға бос белбеу боп шыға келеді әп сәтте…
Бүкіл ақпараттың дәріптейтіні дәл сол даңғаза сала… Ал дәріптеп алады да, өздері ақпараттық сараптама жасап жатады, сараптамаларында бүгінгі балалар инжнер, механик немесе мұғалім болғысы, ғылым қуғысы келмейді, — деп мамандық таңдау туралы майын тамызып жырлап жатады… Соған жартылай болса да өздері кінәлі екенін сол қауым сезе ме екен, түге?
Қай өз саласының маманы механик, инженер, ғалым немесе білікті ұстазды дәріптеп эфир төрін беріп жатырсыңдар? Эфирдің төрі күндізгі, түнгі студияларыңның бәрі жұлдыз құрттар болса, ертең кімге өкпелейміз? Жеріміздегі байлық пен санамыздағы билікке ие бола алмай жатсақ кімді кінәлаймыз?
Үш мемлекет қатыса салып халықаралық деп аталатын шу мен шолардың жеңімпазын жарыса жазып, жұлдыздардың сыбырымен күнін көріп отырған журналдарға жабыла басқаннан не ұтамыз?
Әлемдік ғылым бәсекелерінде атой салып жүрген қазақтың дарынды балаларын өзге елдің университеттері грантын құшақтатып, өздеріне әкетіп жатқанын да көбіміз білмейміз ау, шіркін…
Дәл әлемдік ғылым бәсекесінде талайды ауызға қаратқан дарындарды сана десе мен жүздеп санап берер ем, бірақ, қадірін біліп қастерлемесек пайда не?
Басқасын айтпағанда әлемдік химия олимпидасының екі мәрте алтынын олжалаған Тараздың түлегі, Massachusetts Institute of Technology университетінің түлегі Kairat Ashimді де кім таниды? ешқайсымыз… Бұндай дарындар елімізде, шүкір, жетерлік… Бірақ, олар жұлдыз емес, негізі, нағыз дәріптелетін жұлдыздар солар еді…
Міне, біздің ғылымға деген ой, болашаққа деген көзқарасымыз…
А, айтпақшы, бізде өзіміздің жұлдыз деп аталатын миллион адам аз секілді бүгінде шетелден жүздеп шақырамыз… Биыл ЭКСПО-да бұл ауру тіптен асқынатын секілді… (соларды шақырған елден кеткен есіл ақшаны бүкіл мектепке зертхана жасап берсе ғой деп армандайсың…)
Біз бұрын көбінде той жасай қалсақ көрші Ресей жұлдызынсыз өтпейтін еді… Қазір бізде бұл дерт қалыңдады, ЖУМОНГ атанған кәрісті, F4 деп аталатын қиылған жігіттерін де, тіпті үндінің КЕЛІНІ Анандиді де әлпештеп шақырып, төрді бергізіп, талай балаға қолтаңба алып бердік… Ананди болам деп жүрген аңқау бала да аз емес бұл күні…
Биылғы ЭКСПО бізге, біздікіне де емес, жүздеген мега жұлдызға азық болатын секілді…
Басы Джеки Чанмен басталып жатыр екен, баянды болсын!
Болашақта тек ЖҰЛДЫЗДАР тұратын елге айналайық)) Негізі күлетін нәрсе емес. Елді қорғайтын, елді көркейтетін жұлдыздар ЕМЕС…
Қазақстанды танытты, — деген сасық атақтан аулақ болайықшы, біреу танығаннан айымыз оңынан туса осы кезде бізде асқан ел болмас еді… Танылу үшін шашқанымыз бен шашылғанымыз аз емес-ті.
P.S. қалың «жұлдыздың» арасында жүреміз деп, «күніміз» бен «айымыздан» айырылмасақ деген ой ғой… Әйтпесе, жұрттың баласының жұлдыздығында нем бар… Тек төріңе кеп тойып ішіп, артынан әңгіме айтып кетер арамтамақ «жұлдыз құрттарды» шақыратындарға қарным ашады да… нем бар, әйтпесе…
сөйлеп үйренген ауыз жыбырлағанын қоймайды… Айтпайын десең те айтасың… (мұғалімбіз ғой, ақыл айтқанды жақсы көреміз)))

5384 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
Rating: 5.0/5. From 1 vote.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *