ЖЕР ДАУЫ, КОМИССИЯ ҺӘМ БЕЙБІТ ШЕРУ

Жер дауы қызып кетті, оның себебі де алуан. Бұл тек жердің сатылатыны, әйтпесе жалға берілетіні себептен мұншалық деңгейге жеткен жоқ. Оның қатпары қалың, ұзақ уақыттық іш құсалықтың «жер» деген сәттегі оянуы. Бұны барлық сарапшы айтып жатыр. Оның үстіне дәл сол кезде тіл мәселесі, білім саласындағы ауыр реформа әр қазақтың жүйкесіне тиіп тұр. Жалпы осы қатардағы биліктегі Досаевтың кеше кетіп, бүгін және бір тізгінге отыруы секілді алдамшы әрекеттер, жекелеген тұлғалардың сөздері өртеніп тұрған отқа май құйғандай, жағдайды тіптен ушықтырып барады. Ал, түбі не болады? Бұл бәрімізге ауыр сұрақ болып тұр…

Жер мәселесі қозғалып, ресми ақпараттан жұрт хабардар болғалы бірнеше жерде митингілер өтті. Әдемі, тыныш өтті. Ал, осының әсерінде мемлекеттік деңгейде үлкен комиссия құрылды. Комиссия құрамына бірге отыру түгілі, өмірде біріне-бірі қарап сөйлегісі де келмейтін алуан пікірдегі әр тараптың мүшесі кірді. Ел сенім артқан, биліктен тысқары жүрген Берік Әбдіғали, Айдос Сарым, Дос Көшім, үлкен-кіші екі Мұхтар …. Осы бейбіт шеруді тікелей ұйымдастырушы болып жүрген Мақсат Ілиясұлы тағы басқа, жұрт сенім артар біраз қауым кірді. Бүкіл халық болмаса да, өте үлкен қауым осы комиссияның құрамына қарап, биліктің шұғыл іс-әрекетіне қарап біраз үміттенді. Әлі де үміттеніп отыр. Бәріміздің басты мақсатымыз бастан аяқ диалог емес пе еді?

Елге осылардың сөзі өтеді, -деп жинаған 75-тің сөзін тыңдамаса, олардың ұсынысымен санаспаса, ертеңгі күні жер сатылып, немесе шетелге жалға беріліп кетсе онда басқа мәселе туады. Әрі жердің сұрауы сол 75-тің жағасында кетері анық қой! Сол үшін ол  75-тің құрамындағы елім деген жұрт барын салатыны анық деп ойлаймын.

Ал, осы кезекте елде бейбіт шеру өткізу бастамасы әлі де басты мақсатта тұр. Сонымен бірге, комиссиядағы осы бейбіт шеруді ұйымдастырушы «Алаш жолы» қоғамдық тобының бастамашысы Мақсат Ілиясұлы комиссия құрамынан шыққандығын мәлімдеді. «Біз бейбіт шеруді таңдаймыз»,- деді. Мені де дәл осы жерде  екі сұрақ, бір күдік мазалап тұр!

Біріншіден, бейбіт шеру шынымен бейбіт өте ме? Бейбіт шеруді үлкен көтеріліске, немесе шу-шұрқанға айналдыра салу бес-ақ адамның қолынан келетіні бәрімізге анық. Яғни, басқа мақсаттағы, екі-үш адам бейбіт шеру кезінде кішкене ғана өрттің ұшқынын немесе тонаудың жолын шығарса, оған міндетті түрде әскерилер араласады. Дәл сол кезде «бейбіт халыққа әскер күш көрсетті», – деген дайын ақпарат шу етеді. Ары қарай халықты басу мүмкін емес. Ал  ол осы мемлекетке де, ұйымдастырған қауымға да, басқаға да, кез-келген Қазақстандыққа пайда әкелмейді. Артқы салқынын елестетудің де өзі қиын. Құдай оның бетін ары қылсын!

Екінші, «бейбіт өтті» дейік, «еш нәрсе бүлінген жоқ, алдыңғы қалалардағыдай тып-тыныш басталып, тыныш аяқталды», — дейік. Онда, билік бәрібір топырлаған қалың хатты оқыған сыңай танытады да отыра береді. Өздері жиналып, өздері тараған бейбіт шеру оларға да пайдалы. Ал, сонда не істемек керек? Одан не өнеді?

Ал, осының артынан өзімнің пікірімді сұрайтын шығар, бұра тартқысы келетін жұрт. Мен жердің сатылуына да, жалға берілуіне де қарсымын! Қарусыз жаулайтын қытайдың арасынан келген маған олардың жерді 5 жылға алса да керексіз ететіні, амалдап ақшаларын төгіп, пара беріп азаматтық алып, осы жерде ұрпақ көбейтуге тырысатыны, оған мүмкіндік берсек ертеңіміз елестете алмайтындай дәуір болатынын жақсы білемін. Сол үшін де қарсымын!

Туған жердің маңдайының қырсығын,

Арылтуға керек болса бір шығын.

Жаным әкем, құрбандыққа мені шал,

Қиналма сен, қиылар деп қыршыным! – деп Байронша үн қатып, осы ел үшін кез-келген сын сағатқа тұруға дайынмын! Бірақ, ел үшін бейбіт шеруге шығып алып, басқа тірлікке барып алып, зардабына жауап бере алмай қалмаймыз ба?!

Бейбіт өтетініне кім кепіл?! Бейбіт өтпесе барымызды жоғалтамыз ғой! Ал, бейбіт өтсе кім тыңдайды? Бейбіт шеру өтпей жатып-ақ, бейбіт желінің басында жыртылмаған жаға, былғанбаған абырой қалмады. Егер олай-бұлай бола қалса, өзімізді- өзіміз аяйық деп тұрғанымыз жоқ. Ал, Мемлекет халықпен санасты, санасқаннан соң да сондай алуан түрлі пікірдегі комиссияны жасақтады. Әйтпесе билік пен оппозицияның бір стол басына тұңғыш отырғаны осы шығар! Бастапқы мақсат та осы еді ғой. Менің ойым, 75-тің соңғы шешімі шыққанша сенейік, күтейік…

2016 жылы мамыр

4802 рет жалпы оқылды 3 рет бүгін оқылды
No votes yet.
Please wait...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *